Руханият • 03 Сәуір, 2019

Қазақы тұлпардың тұқымын іздеп жүрмін – дейді әйгілі атбегі Ульфат Усманов

693 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жыр алыбы Жамбылдың туғанына 150 жыл толуына орай ас беріліп, аламан бәйге ұйымдастырылады деген жақсылық хабар құлағына тигелі түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған. Халықаралық бәйге екен. Қазақтың ғана емес, іргедегі қырғыздың, он сан өзбектің жер танабын қуырған дәмелі тұлпарлары қатыспақ. Осы хабар жеткелі көптен көңілі құлап жүрген құла байталды жарата бастады. Бәйгеден маңдайы жарқырап келеріне күмән жоқ.

Қазақы тұлпардың тұқымын іздеп жүрмін – дейді әйгілі атбегі Ульфат Усманов

Жамбыл атасының тойына қапысыз қамданды. Атбегінің балаша мәпелеп күткенін қанаты да ұққандай. Күн асқан сайын кемеліне келіп, жілік майы толып, бауырынан жарады. Бұл кез тәжірибесінің әбден кемеліне келіп, жүйріктің жайын жадына тоқыған шағы. Бағы жанса болды, бабы қапысыз. Міне, үш жүзге жуық жүйрік қатысқан аламан бәйге де басталды. Әп еткен бетте 20-30 тұлпар оза шап­­қан, қалғандары арқан бойы кейін. Тіпті, одан кейін де бауы­рын жаза алмай кібіртектеп қал­­ған­дары бар. Ал жер тана­бын қуырған жүйріктердің алдында Ульфаттың «Змейка» атты жүй­рігі жақтан суырылған жал­ғыз жебедей зырқырап барады. Алғашқы айналымда алдына қылқұйрықты салмады. Он сан көрермен Көкшетаудан келген жүйріктің құйын-перен шабысына дән разы болған. Олар да еріксіз жанкүйеріне айналғандай айқұлақтана айғай салып, дуылдай демеп тұр. У-шудан аспан айналып жерге түскендей. Міне, екінші айналым да аяқталды. Енді міне, үшінші айналым. Әр айналым үш шақырым. Бәйге жолы он айналым. Дәл осы сәтт­е қоянша құл­ағын жымқырып алып, зырқырап бара жатқан жүйрік қос өкпеден оқ тигендей омақасып құлаған. Жусанды даланың боз топырағы бұрқ ете түсті. Жұлдыздай ағып келе жатып құлайтын жөні жоқ еді ғой. Жоқ, рас екен. Жаманат дүние­нің жалған болғаны бар ма еді?! Еті әбден қызып, екпініне екпін қосқан Змейканың артқы аяғы абайсызда алдыңғы жілікке тиген. Қуатты тұяқтың серпіні қоя ма, үзіп жіберіпті. Әй, сол жолы өкінгені-ай. Өзегі өртеніп кете жаздаған. Баяғы Ақан атасының Құлагерді жоқтағаны тәрізді жоқ­тау айтып, бағы жанбай кеткен ерен тұлпарының басына жетіп құлап түскені ғана есінде...

Жылқы баласына деген алапат құштарлық бала кезінен бас­талған. Төрт, әлде бес жасар кезі. Бұған дейін қазақтың жалпақ тілі­мен айтқанда мал көрмеген бала. Краснояр аулына қонаққа келген. Бұл жерде атасы тұрады. Айтпақшы айта кетелік, атасы «Черная колыма» романының авторы, белгілі жазушы Ибрагим Салахов. Сол атасын сағынып, аңсап келген жолы көше бойлап өтіп бара жатқан аттылы кісіні көрген. Жетіп барып, жалына қо­лы жетпесе де омырауынан, алқы­мынан сипамақ. Ат үстіндегі қазақтың қара шалы екі көзі жайнап, астындағы атқа ұмтылған баланың ниетін ұқса керек, қос қолтығынан көтеріп алып, алдына мінгізген. Тақымы атқа тиген кезде сәби көңілдің қалай шат­танғандығын айтып жеткізу мүмкін емес. Мынау жарық дү­ниедегі бар бақыт ат үстінде деп ұққан. Жан-жағына мақтана қа­ра­ған. Содан бері ер қанаты атқа деген махаббаты оянды. Сол ұлы махаббат қаншама жылдар бойы жылқының жанынан сынық сүйем шығаратын емес.

Атқұмар бала үйде отырмайтын болды. Көзден сәл таса болса болды, атасының ауылына тартып отырады. Онда жас жаны сүйетін жылқы бар. Мінгізбесе де, жанына жақындап барғысы келеді. Үй ішіндегілердің дегбі­рі кеткен, қашанғы күзетіп отыр­мақ. Ақыры атасы ат сатып әперетін болды. Атасы мен не­мересі уәделескен, оқу жылын үздік аяқтаса, бәсірелі болады. Атасы сөзінде тұратын адам. Сол сеніммен енді жақсылап оқуға кіріскен. Күнделігіне бес деген баға түскен сайын үзеңгіге аяғын салып тұрғандай болып көрінетін. Сағыздай созылған оқу жылы да бітті-ау. Күнделік кілең бес, енді тұлпар қайда қашар дейсің?! Атасы айналып-толғанып жүріп, 350 сомға тай сатып әперді. Өзінің еңбекақысы 76-ақ сом. Екі студент оқытып отыр. Отбасын асырап отыр. Бала-шағаның аузынан жырып, атқұмар немеренің өтінішін орындады. Өз аты, өзінің тұлпары! Енді ешкімге көзін сатпайды.

Ұлттық дүниеге байланысты көп шаруаның қиюы қашқан кеңес заманында жылқы тұқымын асылдандыруға деген талпыныс бар еді. Краснояр селосының іргесіндегі №47 жылқы зауыты, Приречен селосындағы жылқы зауыты. Бұл зауыттарда Қостанай жылқысының тұқымы бағылатын. Ат зауыты кінәраты бар құлын-тайларын жекеменшікке сатуға хақылы. Сондай өз іріктеуінен өтпей қалған бір жабағының бұйырғаны. Ең алғашқы бәйгеге қосқан жүйрігі де сол.

Атқа деген құмарлық жер түбіндегі Воронеж қаласының маңындағы Хреновский ат зауы­тының базасындағы училищеге алып келген. Айтпақшы, бұл училищенің құрылғанына сол кездің өзінде 200 жыл толыпты. Тарихы тым әріде жатқан училищеде тірнектеп білім жинады. Жылқы тұқымымен, тарихымен танысты, болашағын бажайлады. Жалғыз Ресейдің ғана емес, әлемдегі жылқы атаулының өткені мен бүгінгісін саралады. Сөйтіп шабандоз-жаттықтырушы болып шықты. Сол кезде бар болғаны 16-ға жаңа толған.

Кейін арада көп жыл өткен соң, дәлірек айтсақ, 1993 жылы Краснояр ауылында ат спортын жандандыруға жанын сала кірісті. Өзінің айтуына қара­ғанда, осы жолда кілең жақсы адамдарға жолыққан. Соның бірі сол уақытта облыстық туризм және спорт басқармасының бас­шысы болып жұмыс істеген, ұлт­тық өнердің жанашыры Қанат Ахметов, Көкшетау қаласының әкімі Асқар Хасенов. Кейін де жанашырлар табылып жатты. Атқа мінгісі келетін бала көп. Олардың басым бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың өрен­дері. Қайсысы келсе де, Ульфат Нығметұлы құшақ жая қарсы алады. Бірде Шағалалы өзенінің аңғарында балаларды атпен сейілдетіп жүрген. Күн желкем, өңмеңіңнен өтетіндей суық болатын. Шамасы өзен үстіндегі көпірмен өтіп бара жатып көзі шалған болуы керек, «Алтынтау Көк­шетау» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің басшысы Әли­­дар Өтемұратов атқұмарларға бұ­рылған. Бұл болса басқа лайық­ты орын жоқ екендігін, осылайша қысы-жазы амалдайтынын ай­тып жатыр. Атқұмар балаларға жа­ны ашыған болуы керек, Әли­дар Болатұлы бірден көмек қолын соз­ған. Ұзындығы 75 метр, көл­де­не­ңі 20 метр манеж салып берді. Бұл атбегі үшін көптен бері орын­дал­май келе жатқан арманы еді. Енді міне, атқұмар балалар қы­сы-жазы ат спор­тымен жаттыға алады.

–Бұрын осы ауылдағы ұлт­тық спорт мектебінде қызмет істегенмін,–дейді атбегі,– қазір өзім ұлттық спортты дамытуға үлес қосудамын. Жүйрік баптаймын, шабандоз дайындаймын. Біздің саладағы ең басты мәселе, тұрқы келіскен тұлпар табу. Қа­зіргі күні қазақ жылқысынан жүй­рік шықпайды деген ұғым қалыптасып отыр. Оның өзіндік себебі бар, түбін қуып келсең, былайша түйіндеуге болады. Бағзы заманда қазақ жылқыны шамамен үш топқа бөліп бағалаған. Біріншісі, жабы тұқымдас жылқы. Бұл тек етті тұқым. Аталарыңызда «жабыдан айғыр салсаңыз, жауға мінер ат тумас» дейтін сөз бар емес пе? Рас, жабының өзіндік қа­сиеті бар, ол қыстың суығына, жаздың ыстығына төзімді. Жыл он екі ай бойы қолға қарамайды. Сонысымен құнды. Мұны бір топ деңіз, екінші топ сән мен салтанатқа мінген жылқы. Алаш жұрты азуын айға білеп, мейманасы тасып тұрған кезде жігіт-желең, қыз-қырқын сәндікке мінген, бай-мырзалар салтанат үшін ұстаған. Қызды ауылдың қасынан жалтаң қаққызып жорға, жүйрік мініп өткен қандай ға­жап, шіркін?! Ал үшінші топ желқуық жүйрік. Қазақ даласында өзінің төл малынан шыққан талай жүйріктің аты тарихта таң­баланып қалды емес пе? Менің атам­ның татар тілінде жазылған повесі бар. Ақан серінің Құлагерін сипаттаған және екінші бір жай –  жылқының көптігі. Қазіргі емес, бұрынғы. Көп жылқының іші­нен «жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар» шығады емес пе?!

Астана қаласының тұсауке­серінде дүбірлі аламан бәйге өткізілді. Ат тұяғы жететін жерден небір жүйрік бәйге жолына шықты. Осы жолы да көкшелік атбегінің жүйріктерінің бағы жанды. Аламанда екінші болса, тоқ бәйгеде бірінші, жорға жарыста Бурабай баурайындағы Мез­гілсор ауылының атбегі Аман­тай Мағзұмовтың Ботагөзі қара үзіп келді. Тұсаукесерде пайдаланылған атшабар Краснояр селосына көшірілді. Ұлттық спорт мектебінің еншісінде. Бұл да Уль­фат Нығметұлының жүй­рік­терінің арқасы.

Атбегінің айтуына қарағанда, қазіргі күні бағы жанып тұрған жылқы – ағылшын жүйріктері. Қолы жеткендер ұстап бәйгеге қосып жүр. Баяғыда атқұмар бала қаланың іргесіндегі атасының ауылы­на аңсары ауып тұрса, бүгінгі атбегілердің аңсары мұ­хит­тың арғы жағына ауып тұр. Өзі де талай рет барып ағыл­шын тұлпарларын әкелді. Қаза­қы жылқымен буданд­ас­тырды. Тұқым жаңартпай болмайды, өйт­кені қолда барымыздан айырылып қалдық қой.

– Сараптап қарасаңыз, – дей­ді атбегі, – кешегі саяси қуғын-сүргіннің қара балтасы қа­зақ­қа ғана емес, қазақтың жыл­қысының да шекесіне тиген. Ақ қашып, қызыл қуған қырғында үдере көшкен елмен бірге, мың сан адам, сол адаммен бірге жыл­қы да ауып кетті емес пе?! Көшке жарайтын, тау асып, тас бас­қанда қажымайтын талай тұлпардың тағдыры сол тұста қуғын-сүргінге ұшыраған. Әри­не, адам сияқты жылқының да қаны алмасып тұруы әбден мүм­кін. Мысалы, осы төңіректе Қоянды, Атбасар жәрмеңкелері болды ғой. Ол жәрмеңкелерге Қырым мен Қытайдан саудагерлер ағылды. Жаяу келген жоқ, атқа мініп келді. Айдағаны кең құрсақты мама бие, арқыраған айғыр. Содан соң тұқым алмасу болмай тұра ма? Мысалы, ерен жүйрік Құлагердің түсінің құла болғандығын елдің бәрі біледі ғой. Ал құла түс араб жылқысына тән. Демек, Құлагердің қанында араб жылқысының қаны болуы әбден мүмкін емес пе?..

Қанша рет бәйге алғаны есінде жоқ, әдейілеп санамапты да. Отыз­дан астам халықаралық, респуб­ликалық аламан бәйгеде топ жарған. Кілең бірінші орын. Екін­ші, үшіншіні санап отырған жоқпыз. Үш ұлттық спорт түр­ле­рінен спорт шеберлерін тәр­бие­леген. Біреуі өзінің қызы – Румия Усманова. Қазір қызы ат­құмарларға тәлімгерлік жасау­да. Көкшенің баурайында ат спорты туризмін дамытпақ. Ең басты мақсат, қазақы жылқыдан қанатты тұлпар шығарсам дейді.

– Ағылшын, араб жылқысымен аламанда ат оздырғаныңмен, өз жыл­қыңдай өзегіңді жара қуан­байды екенсің,–дейді атбегі,–Құлагердің шабысын көрген елде сондай бір тұлпар тапсам арманым болмас еді!


Ақмола облысы