Аймақтар • 03 Сәуір, 2019

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай байқау жарияланды

1993 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық шығармаларға байқау жариялады.

«Egemen Qazaqstan» газетінің  100 жылдығына орай байқау жарияланды

Байқауға қабылданатын шығармаларда бас басылымның қазақ баспасөзіндегі орны мен ұлттық тіл ғылымын насихаттаудағы маңызы баса назарға алынбақ. Үміткерлер байқау шартына сәйкес 29 сәуірге дейін публицистикалық шығармаларын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға жолдай алады.

- Жарық көргеніне 100 жыл толып отырған «Egemen Qazaqstan» газеті алғашқы саны шыққан күннен бастап қазақ тілінің дамуы мен ұлттық тіл қорының жасақталуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихында ұлтымыз 3 рет жазу әліпбиін ауыстырғаны белгілі. Латын, төте жазу және кирилл қарпіне көшу кезеңінде «Egemen Qazaqstan» газеті оқырмандарға жаңа әліпбиді насихаттау, дәріптеу, бейімдеу жұмыстарының көш басында болды. Бұл ұлттық тіл ғылымының насихатталуы мен жаңғыруына қосылған үлес болып қалды. Қазіргі күні Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен елімізде латын қарпіне көшу жұмысы қанат жайып отыр. Осы бағытта да «Egemen Qazaqstan» газеті бастама көрсетіп, газет атауын, тақырыптарын латын тіліне көшірді. Бүгінде аптасына 5 рет жарық көретін газеттің әр нөмірінде латын қарпінде 1 бет материал жарық көруде. Бұл мемлекеттік тілдің дамуына деген үлкен құрмет. Біз өз тарапымыздан Отанымыздың бас газетінің мерейтойын лайықты атап өтуге үлес қоспақпыз, - дейді Алматы облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Соңғы жаңалықтар