Саясат • 03 Сәуір, 2019

Медициналық қызметтің сапасын жақсарту – қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттырады

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Үкіметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Медициналық қызметтің сапасын жақсарту – қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттырады

Өз сөзінің басында Елжан Біртанов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыздың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Алғашқы медициналық–санитариялық көмекті дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітілгені туралы атап өтті.

Дәрігерлердің жүктемесін төмендету мақсатында 2018 жылы 1315 жалпы практика дәрігерінің учаскесі мен 79 педиатриялық учаске ашылды және 1 дәрігердің жүктемесі 1989 тіркелген адамды құрады.

2019 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындарындағы 5 000-нан астам түлектің 1515-і жалпы практика дәрігері маманы болады. Бұл алғашқы медициналық көмек кадрларының тапшылығын түгелдей қамтуға жеткілікті. Биылдан бастап түлектер мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті түрде үш жылдық жұмыстарын өтейтін болады.

АМСК қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұйымдарды ірілендіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда 214 жаңа объект пайдалануға берілді, оның 31%-ы жеке инвестиция қаражатынан салынды. Алдағы үш жылда 120 млрд теңгеден астам сомаға жаңа 595 АМСК объектісін ашу жоспарланған. Бұл ретте, объектілердің жартысынан астамын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 228 АМСК объекті күрделі жөндеумен, 11000-нан астам медициналық техникамен қамтамасыз етіледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің айтуынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін және олардың мемлекеттік сараптамасын оңтайландыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі АМСК объектілерінің үлгілік жобаларын әзірледі. Бұдан өзге, кейбір өңірлерде АМСК объектілерінің дайын дербес жобалары бар, оларды Қазақстанның басқа өңірлерінде пайдалануға болады. Осылайша, АМСК объектілерін салуға барлық қажетті жағдай жасалынған.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында негізгі созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы кеңейтілуде.

Елбасының тапсырмасы бойынша, ауруларды басқару бағдарламасын енгізген мамандарды ынталандыру мақсатында 2019 жылдың басынан 36 000 учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20%-ға ұлғайту жоспарланып, 5,3 млрд теңге көзделді.

Бұған қоса, министр АМСК толықтай цифрландыру процесіне тоқталып өтті.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен жабдықтау 95,1% құрады, қалалар мен аудан орталықтарында интернет желісі мен медициналық ақпараттық жүйені енгізу 100% құрады», — деді министр.

Денсаулық сақтау ұйымдарының 99%-нда медициналық құжатты қағазсыз жүргізу енгізілді, 2 млн-нан астам адам емделушілерге арналған мобильдік қосымшаны қолдануда. Цифрландырудың нәтижесінде емханаларға келу 2 есеге, кезектер саны 60%-ға қысқарды.

Елжан Біртанов өз сөзін қорытындылай келе, Денсаулық сақтау министрлігі АМСК қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жұмыстарын тұрақты негізде жүргізетінін атап өтті.