Аймақтар • 03 Сәуір, 2019

Қостанайда 2 сынып оқушысы көшеге Қапан Бадыровтың аты лайық екенін дәлелдеді

633 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайда 2 сынып оқушысы көшеге Қапан Бадыровтың аты лайық екенін дәлелдеді

2017 жылы Қарабалық ауданының орталығында Чапаев, Карл Маркс, Октябрь көшелерінің атын өзгерту туралы шешім қабылданған еді. Октябрь көшесінің аты Қапан Бадыров болып өзгертілді. Бірақ Қарабалық поселкесінің кейбір тұрғындары «үйреніп қалған көше атын неге танымайтын адамға берді?» деген наразылықтарын да жасыра алмаған. Көптеген қарабалықтықтардың асығыс айтқан пікірлері М.Горький атындағы Қарабалық орта мектебінің 2-сынып оқушысы Ксения Приходьконың зерттеу жұмысынан кейін басылды деуге болады.

Кішкентай бүлдіршін бұрынғы Октябрь, қазіргі Қапан Бадыров көшесінде тұрады. Ол анасына «Қапан Бадыровтың кім болғанын білгісі, зерттеу жұмысын жазғысы келетінін айтты. Анасы қарсы болмай, қайта қызының бастамасын қуана қабылдады. Олар Қарабалық аудандық тарихи-өлкетану музейіне келіп, талантты актер туралы бай өмірбаяндық материал тапты.

Қазақ драма театрының іргетасын қаласқандардың бірі, Қарабалық ауданының тумасы Қапан Бадыров М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында 200-ден аса рольде ойнады. Ол театр сахнасында сомдаған Абай, Амангелді, Қобыланды, Науан хазірет секілді бейнелерді көрермендер ұмытқан жоқ. Сонымен қатар Қапан 20 кинода ойнады. Ол қатысқан «Дала батырлары», «Батыл жандар», «Амангелді», «Жауынгер ұлы», «Жамбыл», «Еңлік гүлдер өскен жерде» атты фильмдерден көрермен сүйікті актерін бірден таниды.

Кішкентай Ксенияның Қапан Бадыровтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты баяндаған «Менің көшем кімнің атында?» атты ғылыми жұмысы Қостанай қаласында өткен мектеп оқушыларының Т.Дәулетбаев атындағы «Жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуеті – Қазақстанды индустриалық-инновациялық дамытудың табысты кепілі» атты ҮШ аймақтық конференциясына қатысып, 2-орын алды. Ксенияның жасқанбайтын шешендік таланты да байқалды, ол үшін «Көрермен көзайымы» сыйлығымен марапатталды.

Аудандық «Айна» газеті Ксения Приходьконың ғылыми жұмысының мазмұны мен ол арқылы қол жеткізген табысын жариялағаннан кейін, көшенің жаңа атына риза емес тұрғындар таңырқасып қалғандай.

        


Қостанай