Руханият • 03 Сәуір, 2019

«Central Asia’s Got Talent» телевизиялық жобасының іріктеу кезеңі басталды

655 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері өзара әріптестік байланыс орнату жайлы меморандумға қол қойды.

«Central Asia’s Got Talent» телевизиялық жобасының іріктеу кезеңі басталды

Жиынға «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев, «Central Asia’s Got Talent» шоуының бас продюсері Серік Акишев, «Zoʻr TV» телеарнасының продюсері Тимур Алиев, «КТРК» Телерадиотарату корпорациясының продюсері Қанатбек Құлтаев, «ТВ Сафина» телеарнасының халықаралық байланыс бөлімінің басшысы Наргис Касымова қатысты. 

«Қазақстандық телевизия саласында алғаш рет барлық талантты адамдарды бір алаңға жинамақпыз. Отандық арналарда бұған дейін ән, би, спорт және тағы басқа өнер бәйгелері көрсетілген болатын. Ал бұл байқауда кез келген дарынды адам өз мүмкіндігін сынап көреді. «Central Asia’s Got Talent» -  Орталық Азия елдеріне ортақ жоба. Бағдарламаға қазақстандықтар ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан  елдерінің азаматтары қатыса алады. Біздің мақсатымыз – өнерлі адамдарды бүкіл Орталық Азия мемлекеттеріне таныту», деді Ринат Кертаев.

Аталған таланттар шоуы 5 кезеңнен тұрады. Қатысушылар іріктеу, ашық тыңдалым, ширек финал, жартылай финал және ақтық финал деген сынды кезеңдерде бақ сынайды. Бірінші кезеңде қатысушылардың өтініштері қабылданып, төрт елде іріктеу кезеңі өтеді. Жобаның бас жеңімпазынан бөлек, төрт елден жеңімпаз анықталып, ақшалай сыйлыққа ие болады. Жобаның бас жеңімпазына 10 млн теңге көлемінде жүлде тағайындалған, одан бөлек төрт елдің жеңімпазына 3 млн теңгеден сыйақы беріледі. Таланттар шоуы төрт елде «Хабар», «Zoʻr TV», «КТРК», «ТВ Сафина» телеарналарынан көрсетіледі.

«Central Asia’s Got Talent» шоуына кез келген өнерлі адам қатыса алады. Біз бұл ретте қатысушылардың қызметі, жасы, білімі деген сынды ерекшеліктеріне қарамаймыз. Олар бар болғаны қазылар алқасын таңқалдырып,  көрермен көзайымына айналса болғаны», деді Өзбекстан Республикасының «Zoʻr TV» телеарнасының продюсері Тимур Алиев.

Жиын соңында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері өзара әріптестік байланыс орнату жайлы меморандумға қол қойды. Бұдан соң, олар арнайы алтын тетікті басып, жобаның алғашқы іріктеу кезеңі басталғанын мәлімдеді. Жобаның тұсаукесері қыркүйек айында өтеді. Ал Гранд финал 2019 жылдың желтоқсан айында болады деп күтілуде.