Қоғам • 03 Сәуір, 2019

«Көкжайлау» тау-шаңғы курортынан 5 жер телімі сатылымға шығарылады

785 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы демалыс орнындағы жер теліміне қатысты тендерлік комиссияның бүгінгі отырысында мәлім болды.

«Көкжайлау» тау-шаңғы курортынан 5 жер телімі сатылымға шығарылады

«Қоғамдық жиын – көпшіліктің осындай жобаларға атсалысуының маңызды құралы. Бұл жиында көтерілген мәселелерге қатысты ұсыныстар шипажайдың Қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттамасына енгізіліп, жобаның экологиялық құрамдас бөлігін жақсартуға көмектеседі", – деп түйіндейді өз мәлімдемелерін "Көкжайлау" тау шаңғысы шипажайы" ЖШС баспасөз қызметі.

Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің аумағындағы 5 жер телімі мемлекеттік байқау арқылы сатылымға шығарылды. Оның төртеуі "Көкжайлау" курортының құрылысына бағытталған. Бұл бас-аяғы 134,4 гектар аумақты алып жатыр.   Енді 15 күн бойы құжаттардың дұрыс-бұрыстығы анықталады. Содан кейін, жер учаскелерінің ұзақ немесе қысқа мерізімге беру туралы шешімі шықпақ. Кейін, бір жылдың ішінде жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Сөйтіп, бас-аяғы 3 жылдың ішінде құрылыс қарқыны аяқталып бітуі тиіс. Бастысы, флора мен фауна әлеміне кесірі тимейді дейді мамандар. "Зияны тимейді деп айтуға болады. Қазір туризм саласын қарқынды дамытуымыз керек. Қоғамдық кеңесте жобаның бас жоспары талқылаудан өткен. Экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар. Сол үшін алаңдауға негіз жоқ деп айта аламын", - дейді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.

Қоғам өкілдерінің назарына болашақ "Көкжайлау" шипажайының Жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу аясында дайындалған Қоршаған ортаға әсерін бағалау тұжырымдары ұсынылды. Экологиялық зерттеулерді "Қазэкология" компаниясы жүргізді. Экологтардың берген бағасы бойынша, құрылыс жұмыстары кезінде қоршаған ортаға аздаған әсері тиеді екен. Бірақ ол заңнамада көрсетілген нормалардан аспайтын көрінеді.

«Ал "Көкжайлау" шипажайын пайдалануға берген соң оның қоршаған ортаға әсері (зиян келтіруі) рұқсат етілген нормалардан төмен болатындығы да айтылды. – Штаттық режим кезінде "Көкжайлау" тау шаңғысы шипажайының инфрақұрылымдарын салу және пайдалану бойынша жоспарланып отырған қызмет табиғи ортаға және шипажай сыртындағы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай теріс әсерін тигізбейді. Шипажай нысандары орналастырылған аумақтарда қоршаған ортаға әсер етуі – ұзақ мерзімді, бірақ экологиялық талаптарға қойылатын мөлшерге сай, ұйғарылған шамада", - деп атап өтті "Қазэкология" директоры Амангелді Сқақов.

"Көкжайлау" тау шаңғысы шипажайы" компаниясының атқарушы директоры Лукас Маршандтың пайымдауынша,  қоршаған ортаға тигізер әсері болады. Бірақ ол – тек құрылыс жұмыстары кезінде ғана және аз мөлшерде.

«Ал біздің басты міндеттеріміздің бірі, бұл – оның қоршаған ортаға әсерін мейілінше азайту. Бұған қол жеткізуге заманауи технологиялар мен озық халықаралық тәжірибелер мүмкіндік береді. Әрі оның бәрі міндетті түрде қазақстандық заңнама нормалары негізінде реттеліп отырады. Біздің жобамыз қатаң түрде осы заңнамаға сай жүзеге асырылады», -деді Лукас Маршанд бізбен кездескен кезде.

 Одан әрі, яғни құрылыс жұмыстары біткеннен кейін шипажай тұрақты түрде дамытылып отыратын және экологияны жақсартуға бағытталатын болады..
Айта кетейік, "Көкжайлау" курортына қарасты 134,4 гектар аумақтың 17 гектары – автомобиль жолдарына, 5,8 гектары – су бөгетіне, 67 гектары – шаңғы трассасына және 0,1 гектары аспалы жолға қарастырылған.


АЛМАТЫ