Аймақтар • 03 Сәуір, 2019

Концерттен түскен қаражат жалғызбасты анаға баспана алып беруге жұмсалмақ

526 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетаулық жас әнші Мұратқазы Дәмелғазы қайырымдылық кеш өткізді. Концерттен түскен бар қаражат жалғызбасты анаға баспана алып беруге жұмсалмақ.

Концерттен түскен қаражат жалғызбасты анаға баспана алып беруге жұмсалмақ

Ізгі ниеті үлбіреген ән кеші алғашқы рет Краснояр ауылында өткізілген болатын. Кейін Көкшетау қаласында жалғасты. Өзгеше өңді ән кешіне жиналған көпшілік өнерпаздың өнеріне де, ниетіне де тәнті болды. Сөз арасында Мұратқазының Алтай аймағындағы Шемірші ауылында дүниеге келгендігін айта кетсек артықтығы болмас. Әнші өз жанынан ән де шығарады. Күні бүгінге дейін елуден астам ән жазыпты. Елді елең еткізген концерттік бағдарламасында жаңа әндерінің де тұсауы кесілді. Басты тақырыбы ар алдындағы тазалық, адамгершілікті аялау.   

–Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – аналарды ардақтау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту болып тұр,–дейді әншінің өзі,–жалғызбасты ана Нұргүл Қаржауова жеті перзентімен жалдамалы пәтерді паналап жүр екен. Тұңғышы 19 жасқа толса, кенжесі бір жаста.  Осындай аналарға көмектесуіміз керек қой. Сондықтан, ән кешін ұйымдастырып, түскен бар  табысты жалғызілікті анаға бергім келді.

Ел ішінде осындай жанашыр жандардың болғаны қандай қуаныш. Жалғыз Мұратқазы ғана емес, дүйім ел ізгілік шуағымен тағдыр тәлкегінен тоңған аналарды жылытуға бет бұрған. Мәселен, облыс орталығындағы Науан хазірет атындағы орталық мешіт пен «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры қолға алған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 2018 жылы үш отбасы қоныс тойын тойлады. Қарлығаштың қанатымен қара өртке су сепкені тәрізді мысал. Тілекшінің бәрін түгендей алмағанымен, әр жүректе мейірім шуағы шалқып тұрғанның өзі қандай қуаныш.


Ақмола облысы