Руханият • 04 Сәуір, 2019

«Күнтізбеге алданған көңіл ғана...» (Мөлтек сыр)

853 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Күнтізбеге алданған көңіл ғана...» (Мөлтек сыр)
Оңтүстікте көктем ерте бас­­та­лар еді. Гүлалқалар мен гүл­­­шоғыр­­лар тізбегі қаз-қатар тізіліп, хормен әлдебір ән салатындай көрінетін. Ағаштар бүршік атып, құмыққан дабыс­тар кеудені жарып шығуға асығатын. Әдетте, адамның көңіл күйіне, сезім жүйесіне ауа райының едәуір әсер ете алатыны бар. Онда біз асаси, арманшыл, бақбақ гүл күл­те­сіндей жұп-жұқа студент бала­лар едік. Сабақтан қо­лымыз қалт етсе, сәмбі тал­дың түбіне жиналып, кезекпе-кезек жыр оқысатынбыз. Ұзын-со­нар жырлар легінен құлақ сүрі­нетін.


Ес білгеннен бері Төлеген ақынның өлеңдерін оқып, най­зағай­лы ақын жайлы­ ес­те­лік­тер көлінде жүзіп өскендік­тен бе, араға жылдар  салып Ал­­матыға келген тұста жаны пәк, жүрегі кіршіксіз адам­ды іздедік. Ешкімді алаламайтын, сен үшін жан сала қуа­натын, жақсы өлең үшін жас басыңды хан көтеріп, құрмет тұтатын дос іздедік. Өмірді өлең деп түсінетін, «зерлі ба­қыр­­дың» сыңғырына құлақ то­сып жатпайтын жанкешті ақын­дық болмысты  іздедік. Бірде, бала күннен кітаптардан, газет-журналдардан жырын оқып жүрген шығармашылық иесінің өз әлемінен мүлде ажырап кеткенін көріп күйзелдік. Жанымыз ауырды. 


Сол күндердің бірінде ер­те көктемнің қоңырауындай бо­лып Әлібек аға Шегебай жо­лық­ты. Әркімнен бір қайтып үлгер­ген балаң көңіл өз кісісін тапқандай аласұрды-ау, сонда. Шіркін-ай, мен кітаптан із­де­ген мөлдір, таза, өмірді өлең деп сүретін ақындық әлем осы емес пе! Биязы, бипаз, на­­­зым­гөй нақышты болмыс қой!  Жыр үшін мінберді де, ке­рек­ десе қолда тұр­ған шекпенді әкім­дікті де талақ еткен талант иесі деге­німіз осы емес пе!


* * *


Бүгінгі күннің – кешегі жаң­бырдан үрпиген күшік жүніндей қабағы салыңқы. Алдымда  «Ақ жауын» кітабы. Ақынның жан тал­шықтары нәзік, сыршыл. Кейде бұрқасын, кейде тыныш түнгі теңіздей. Мына бір жырды оқиықшы. «Ұйқыға құшақ­тарын жайып кірген, Жанына жылу жинап ғайып-түнннен, Таң ата қала дейтін көл бетінен, Жүзе­ді нөпір халық қайық мінген...». Көз алдыңызға қы­зық­ты көркем сурет келген бо­лар. Менің де. Екінші шума­ғына қаралық. «Жүзгенде қайық мінген нөпір халық, Кеп­­телер көшелер мен көпір бар­­лық, «сендерді қайтсем екен, қызталақ» деп, Ақ басты Ала­­тау-шал отыр налып...».


Расында, тау ақсақалдың бұлт «немерелеріне» қаһарлан­са, олардың «ботадай боздайтыны» бар.  Байқап қарасаңыз, табиғат тұтастығы адамзатпен егіз жаратылғанына көзіңіз әб­ден жете түседі. «Сынып түс­­се бір бұта, қабырғама қа­рай­мын» дейтін Жұмекен да­налығы да осында болса керек. Гетені, Уитменді, Лер­мон­тов­­ты алсақ та, кез келген ірі ақын­ның құ­пия кілті «шөп жа­пы­рақ­та­ры­ның» ішінде жат­қанын сезінесіз.  


Ақын кітабының тұтас бір бөлігі ауыл өміріне, ондағы сыр­ғып аққан балалыққа, адам­дардың аңғалдығына, туған жерге деген сағынышқа арналады. Кейде Рубцовтың қал­жыңқойлығы, кейде Есе­нин­нің тентектігі көрінеді. Бір­де сон­шалықты жіңішке сезім сипаттары Байронның жа­ра­ланғыш жанын еске түсі­реді. Бірде Афа­наси Фет се­кіл­ді табиғат ананы қырағы бай­қағыштыққа кәу боласыз. Ізденіс аясының кеңдігі білінеді. Бірақ та, ақын оқығанын бадандай етіп көзге шоқып жатпайды, қорыт­қа­нын, сезінгенін, әр сәтті са­на диір­меніне сала отыра түй­сінгенін жазады. 


Жинақта ауыл жайлы ұзын-сонар циклге татырлық жырлар бар. «Адыраспан», «Бесік», «Таба нан», «Жеті шелпек», «Тасат­тық», «Көкпар» секілді өлеңдер қалалық мұрынға ауыл­­дың иісін әкеледі. Қала ас­па­­нына ауылдың түтінін жая­ды. Ұлттық тамырыңа, асыл дің­гегіңе қан жүгіртеді.      


Ақынның кредосы – шы­найы­лық. Қалай жазады, солай өмір сүреді. Қалай өмір сүрсе, солай жазады. Қоспасыз. Артық бояусыз. Осы тұста Бе­лин­скийдің «өлеңді оқығанда оқырман оны өзі де жаза алатындай болып көрінсе, бұл – шын өлең» деген тәмсілі ойға оралады. Ақын бірде катарсиске, тазаруға құлшынады. «Жаны жиырма бесте ажал құ­шып, тәні жетпіс бесте жер­ленетін» есепсіз пенделерге ашы­­на, ызалана тіл қатады. Өзді-өзін таразыға салады.  


Кітапты тұтас алып қарасақ, сәтті ізденістер табын көреміз. Шығыс шайырларының шәйі көйлек­тей сусыған үміті, үс­тем­дігі қылаң береді. Сұлулық­қа ің­кәрлікті, әсемдікке құштар­лық­ты сезесіз. Хаямдай «нұрлы ша­­рапқа» шөлдеу, Хафиздей дүниені сезім қауызына сыйдырып, кейде аңсарлы ақын жапанда тербелген раушан гүл­дерін бір-бірлеп құшақтап сүй­гісі келеді. Кейде көшеде кезік­кен сұлудың магиясынан айыға алмай ұзақ жүреді. Тылсым әлем­мен тілдеседі. Әсі­ресе қаза­қы қара өлеңге бар­ған ізденіс са­пары ерекше. Көзіқарақты оқыр­ман етене таныс  Есениннің – ұлт­тың сығым­далған сөлі саналатын «час­тушкадан» нәр алға­нын айт­пағанда, әр тұлғаның тү­бін қазсаңыз ұлттық тірек, ұлт­­тық қайнарға кезігесіз. Және соны­­мен құнарлы екенін бағам­дай­сыз. Ал, Алаш баласы үшін «қа­зақтың дәл өзіндей қара­пайым» қара өлеңнің қадірі бө­лек.


 * * *


Биылғы көктем көп күттіріп келді, еркелеп келді. Қабарған қыстан мейірімге қаталаған адам көңілі күрсіністерді жеңе бастады. Күн ұзарды. Түн қысқарды. Жәндіктер, жануарлар, өсімдіктер бәрі-бәрі жа­ңа ғұмырға көшкендей. Ал ақын болса: «Өзгеріп те кеткен жоқ өмір, дара, Өзгергені болмаса өңір ғана. «Көктем кел­ді» дегені мына жұрттың, Күн­тізбеге алданған көңіл ғана», – дейді. Қызық. Неге екен? Неге көктем келсе де, ақын жаны әлденеге елеңдейді? Әлдекімді сағынады?!  


Иә, бұл – өмір. Өмір шәр­батына шөлдеген ақын әлемі – мөлдір әлем. Соны әлем. Гей­зер суындай тасқынды әлем. Алладан мол қуат, кемел күш берілген әлем. Өлеңге адал­дықты, ұлпа қардай сенім­ді берік ұстанған әлем. Соны­сымен де құрмет тұтасыз, жақ­сы көресіз.


Батырхан СӘРСЕНХАН,


ақын