Табиғат • 04 Мамыр, 2024

Қазақстанда Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында ҚР Үкіметі табиғи өртке қарсы іс-қимыл жүйесін нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы тұста ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Орман қорын күзету және қорғау қызметін құру туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды

Фото: canva.com

Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы жаңа Республикалық азаматтық қорғау қызметі ТЖ кезінде, оның ішінде орман өрттерін сөндіру барысында орман шаруашылығы мекемелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Орман өрттеріне қарсы іс-қимыл ормандарды көбейтуге және ағаштарды кесуге ғылыми тәсілді, сондай-ақ кешенді алдын алу шараларын қабылдау мен тиісті құзыреттерді дамытуды қажет етеді. Бөлек қызмет құру қажеттілігі осындай талаптардан туындап отыр. 

«Орман қорын күзету және қорғау қызметінің құрылуы мемлекеттік органдардың алапат орман өрттеріне қарсы күрес шараларын үйлестіруін жақсартуға, тиісті мекемелерді техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді арттыруға, сондай-ақ табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру үшін білікті кадрлар құрамын жасақтауға мүмкіндік береді», делінген Үкімет хабарламасында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 15 республикалық азаматтық қорғау қызметі бар екенін айта кету керек, олар елдегі тіршілікті қамтамасыз ететін институттардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған. Олардың қатарына Өрт сөндіру қызметі, Медицина қызметі, Химиялық қорғау қызметі, Инженерлік қызмет, Радиациядан қорғау қызметі, Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет және т. б. жатады.