«Қазақстандық телевизия саласында алғаш рет барлық талантты адамдарды бір алаңға жинамақпыз. Отандық арналарда бұған дейін ән, би, спорт және өнер бәйгелері өткен болатын. Ал бұл байқауда кез келген дарынды адам өзінің мүмкіндігін сынап көреді. Сондай-ақ жобаның тағы бір ерекшелігі, Орталық Азия елдеріне ортақ шоу болады, яғни бағдарламаға қазақстандықтармен бірге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің азаматтары да қатыса алады. Біздің басты мақсатымыз – өнерлі адамдарды іздеп, олардың бүкіл Орталық Азия мемлекеттеріне танылуына мүмкіндік беру» дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.
Central Asia’s Got Talent – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің азаматтарына арналған таланттар шоуы. Жоба іріктеу, ашық тыңдалым, ширек финал, жартылай финал және ақтық финал сынды бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жобаға қатысушылардың өтініштері қабылданып, әрі қарай төрт елде іріктеу кезеңі өткізіледі. Байқаудың жүлде қоры 24 миллион теңге, осыған сәйкес жеңімпаздарға берілетін ақшалай сыйлық та қомақты болмақ. Шоу төрт елдің «Хабар», «Zoʻr TV», «Қоғамдық бірінші арна» және «ТВ Сафина» телеарналарынан көрсетіледі.
Жобаға қатысуға ниет білдірген Орталық Азия елдерінің азаматтары +7 700 600 24 24 ортақ нөміріне хабарлама жолдау, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жобаның ресми парақшаларына хат жазып, өтініш білдіру арқылы ұйымдастырушылармен хабарласа алады. Сонымен қатар іріктеу тобы офф-лайн режімде де жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Central Asia’s Got Talent шоуының тұсаукесері биыл қыркүйек айында өтеді. Ал ақтық финал 2019 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Got Talent – Fremantle британдық компаниясының форматы. 2006 жылы бұл телебайқау «America’s Got Talent» деген атаумен АҚШ-та жарық көрді. Халықаралық сипат алған бағдарлама 2014 жылы әлемдегі ең сәтті телевизиялық формат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.