Руханият • 04 Сәуір, 2019

«Өшпестей жыр жазамын»

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада танымал ақын, қаламы жүйрік журналист, жазушы, аудармашы, сазгер Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған «Өшпестей жыр жазамын» атты поэтикалық кеші өтті. Кеш басталар алдында келушілер «Ұлттық архив» РМК қызметкерлері ұйымдас­тырған ақынның құжаттары, суреттері, шығар­малары қойылған көрмені тамашалады.

«Өшпестей жыр жазамын»
Аталған кешті Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Кешке ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, мемлекеттік басқару органдарының қызметкерлері, БАҚ және зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.


Поэтикалық кеште алдымен ғалым Тұрсын Жұртбай сөйледі.


– Марфуғаны жас кезінен білемін. Алғаш рет жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне қатысып, балауса өлеңдерін ұяң қалпымен оқығаны есімде. «Жұлдыз» журналының бір бетіне сол өлеңдерін жарияладық. Ол талантты ақын ретінде көріне білді, жыр әлемінде даусы ашық естіледі. Ұлтымыздың біртуар перзенті, академик Ақселеу Сейдімбектің Марфуғаны «Дегдар ақын» деп жоғары бағалауы әділ берілген баға деп санаймын, – деді ол.


Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Тапанова «Марфуға Бектемірованың шығармашылығы мені ғылым ретінде қызықтырады. Оның туын­дылары өскелең ұрпақты елжандылыққа, парасаттылыққа, ана тілімізді қадірлеуге, Отанымызды сүюге тәрбиелейді. Марфуғаның сан қырлы талант иесі екенін айта келіп, оны кеңінен ашып көрсету, жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеу міндеті алда тұрғанын атап өткеніміз жөн. Ол бір жағынан қаламы жүйрік журналист ретінде елге танымал. Сол себепті менің жетекшілігімен биылғы оқу жылында журналистика факультетінің бір студенті Марфуға Бектемірованың еңбектері бойынша дипломдық жұмыс жазып, қорғамақ», деген пікірін жиналғандар алдында жария етті. 


Кеште ақын-жазушылар Төрегелді Тұяқбай, Көпен Әмірбек, Ораз Қауғабай, Қорғанбек Аманжол, Сәдібек Түгел, Айгүл Кемелбаева, Әлібек Асқаров, «Ұлағат» мәдениет және даму қорының төрайымы Қамажан Жұмақасова, әдебиетші Құндыз Саттарқызы сөйледі. Олар қазақ поэзиясына жаңаша ой, толғаныспен, тың құлшыныспен, өр даусымен келген Марфуға Бектемірованың шығармашылығы жөнінде жылы лебіздерін білдірді. Қазақ қыздары поэзиясының аз ғана жұлдызды шоғырында Марфуғаның өзіндік ерекше орны бар екенін, нәзік сезімге толы сыршыл өлеңдерінің адам жанын толқытып, ізгілікке, іңкәрлікке жетелейтінін, жақсылыққа баулитынын атап көрсетті. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің студенттері ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Дәуренбекқызы талантты ақын Марфуға Бектемірова өмірден ерте кетсе де соңына тәрбиелік мәні зор бай мұра қалдырғанын оның туындылары қадірлейтін ел-жұрты барда қазақ әдебиеті тарихында мәңгілік жасай беретінін атап көрсетті.

Талғат САДЫҚҰЛЫ