Руханият • 04 Сәуір, 2019

Саққұлақ би кесенесі

1387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Исі қазаққа есімі мәлім Саққұлақ би 1800 жылы Ерейменнің етегінде жарық дүние есігін ашқан. Әйгілі Бөгенбай батырдың шөбересі. 12-13 жасында дала данышпаны – Бапан бидің қасына ерген, шешендік сөздерін бойына сіңірген.

Саққұлақ би кесенесі
Тумысынан айрықша талантты Саққұлақ би 15 жасында дауға араласып, әділ би­лік айтып, төрелік еткен. Сол замандағы қисапсыз дүние­ден, рухани мол мұрадан кейін­гіге қалғаны жұқанасы ғана. Мә­селен, Саққұлақ бидің Шо­қан­ға берген батасы, «Ақыл», «Төрт нәрседен қашық қыл», «Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа көңіл айтуы», «Ғылым», «Байдалы би­ге айтқаны», «Мұсаның ажалын­да айтқаны» тәрізді мәнді де мәйек­ті сөздері сақталып қал­ған. Шешен сөзінде терең фило­софиялық ой, білім, өмірге деген құштарлық, елдік пен ерлікті көксеу жатыр. 
Өзінің ел бірлігін сақтау, кейінгі ұрпақты ғана емес, заман­дастарын да әділдікке, адал­дық­қа, арлылыққа тәрбиелеу ба­ғытында айрықша еңбек еткен Саққұлақ би 1888 жылы өмірден озады. Шаңырағында жеті ұл дүниеге келген. Олардың ішінде әке жолын қуғаны Нұралы мен Ералы есімді балалары. 
Сайын сахара төсінде әділдік туын желбіреткен, қара қылды қақ жарған жарықтық Саққұлақ бидің кесенесі шикі кірпіштен салынған, сегіз қырлы күмбез пішінде. Сегіз бұрыштың оң­түс­тік батыс жағында төмен­гі екі қатардың кірпіші сәл-пәл бұзылған екен, қалған қабырғалары тұтас сақталған. Ұрпақтарының аты жазылған ескі тастың жанындағы қабыр­ғаның тұсында Саққұлақ бидің өзінің және екі ұлының аттары таңбаланып, қабір үстіне ескерткіш орнатылған. 
Әр белесі көне тарихқа бөгіп жатқан ежелгі Ереймендегі ел­дің кешегі өткен күнін, оның жақсысы мен жайсаңының ізгі мұратын айғақтайтын көне ке­сене қазіргі күні де өкпек жо­лаушыға ой салып, қияннан көз­ге түседі. 

Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы