Конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті мен Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және «Нұр-Мубарак» Египет ислам мәдениеті университеттерімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Мазмұнды мәлімдемелер жасалған мәжіліске «Нұр-Мубарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммад аш-Шахат Абдулхамид Мухаммад аль-Жинди, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Нұр-Мубарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, PhD Хасан Хусейн Матари (Қазақстан-Египет), «Нұр-Мубарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, PhD Мадих Абдулла Абду-л-Джауад, PhD, Уиссен университетінің басшысы, профессор, PhD Тунжай Севиндик (Швейцария), Уиссен университетінің құрылтай мүшесі профессор, PhD Мустафа Инан (Швейцария), оқытушы доктор Сабри Муаз Сулейман (Иордания),әл-Фараби мұрасын зерттеуші ғалым, атақты аудармашы Клара Таджиковамен қатар, басқа да университет пен институттардың оқытушы-профессорлық құрамы мен осы ғылыми бағыттағы ізденуші ғалымдар қатысты.
Фараби форумы аясында өткен конференция ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің бай рухани мұрасын насихаттау мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын белгілеу бағытындағы жұмыстарды үйлестіруді көздейді. Оның ішінде әл-Фараби мұрасының әлемде зерттелуіне серпін беру, әл-Фараби мұраларын түпнұсқадан қазақ тіліне тікелей аудару мәселесін жолға қою да бар.
Конференция бірнеше секцияда жұмыс істеді. Бұл секцияларда Шығыстың дәстүрлі және заманауи мәдениетін, әл-Фараби мұрасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі қарастырылды.
Жиында әл-Фараби еңбектерінде көрініс берген және қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан дін мен әлеуметтік құрылымды модернизациялауға қатысты және Шығыс елдерінің мәдениеті мен экономикасына ықпал ететін идеялар ұсынылды.
Конференция барысында «Нұр-Мубарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммад аш-Шахат Абдулхамид Мухаммад аль-Жинди мырза: «Әл-Фараби өткеннің ғана емес, бүгіннің де, болашақтың да ғалымы болып табылады. Оның көтерген тақырыптары бүгінгі қоғам үшін де, келер қоғам үшін де өзекті болып қала бермек» – деген пайымын айта отырып, Фараби форумын өте жоғары бағалайтындығын жеткізді. Сөз соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің жақсы бастамалары жалғаса беретіндігіне сенім білдірді.