Қоғам • 04 Сәуір, 2019

«Қазақстан» корпорациясы «Kinomax» мобильді қосымшасын іске қосты

906 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Digital платформадағы жаңа жобалары мен Димаш Құдайбергеннің 29 маусым күні Нұр- Сұлтанда өтетін "Arnau" концертіне арналған баспасөз конференциясы өтті.

«Қазақстан» корпорациясы «Kinomax» мобильді қосымшасын іске қосты

Шара барысында «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин «Kinomax» жаңа мобильдік қосымшасының іске қосылуы жайында жаңалықтарымен бөлісті. 

 Ол:–  «Қазақстан» корпорациясы заман талабына сай жұмыс жасауда. Өткен жылы «Qazaqstan tv» мобильдік қосымшасын  іске қосқан болатынбыз, сол арқылы телеарналарымыздың жобаларын онлайн режимде көру мүмкіндігі пайда болды. Аздаған уақыттың ішінде қосымшаны жарты миллионнан астам қолданушы жүктеп  алды.  Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарымызда жазылушылар саны 1 599 762 адамға жетті. Ал, «Qazaqstan tv» Youtube арнасының жазылушылар саны миллионға жетіп отыр, сондықтан қазіргі сәтте еліміздегі мемлекеттік телеарналардың ішінде ең алдыңғы орында тұр.  Маусым айында «Youtub-тың алтын бастырмасын» иеленуіміз әбден мүмкін. Одан басқа,  корпорациямызға қарасты барлық аккаунттар мен домендер Qazaqstan tv-ге ауыстырылды.  Жастар жылы аясында Youtube арнамызда жастарға арналған ситком дайындап жатырмыз, ол туралы кейінірек білерсіздер, деді. 

Сондай-ақ, Е.Қарин «Kinomax»  мобильді қосымшасы туралы баяндап берді. 

– Бүгін Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған  «Kinomax»  мобильді қосымшасы – бұл Andriod және IOS платформаларында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді видеосервис. Осы қосымша арқылы отандық телехикаялар, көркем және деректі фильмдер, анимациялық фильмдерді онлайн режиммен қатар, оффлайн режимде де көруге болады. Қосымшада:«Kinomax-тегі жаңа фильмдер» деген айдарда жаңадан енгізілген кинотуындылар жиналған, «Осы аптада танымал» бөлімінде қолданушылардың арасында танымал, жоғары бағаланған контент, ал «Дәл қазір көруде» - сол сәтте қолданушылардың тамашалап жатқан контентін көре аласыздар. Сонымен қатар, кішкентай бүлдіршіндер үшін «Балапан» режимі қарастырылған. Бұл топтамада «Балапан» телеарнасының бағдарламалары, анимациялық фильмдер ұсынылған. Бұл видеосервис отандық контентті дамытумен қатар аудитория сұранысына  сай  сапалы жобаларды ұсыну мақсатында іске асырылды. Осы арқылы біз көрермендерімізге не қызықты екенін ескеріп, бәсекеге қабілетті және түрлі жанрлардағы контентті ұсынуды көздейміз, деді ол. 

Сонымен қатар, Ерлан Қарин «Қазақстан» корпорацияның ұйымдастыруымен өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне дайындық барысы жайлы мәлімет айтып өтті.


Алтынай Тұяқова