Спорт • 04 Сәуір, 2019

Тау шаңғысы: «А. Артеменко мемориалы» аяқталды

903 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Шымбұлақ» спорт кешенінде «А.Артеменко мемориалы» деп аталатын халықаралық турнирмен қоса, тау шаңғышылардың биылғы маусымы да аяқталды.

Тау шаңғысы: «А. Артеменко мемориалы» аяқталды

Сонау 1956 жылы Италияның Кортина-д'Ампеццо қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарына Қазақстаннан алғашқы болып қатысқан әйгілі спортшы, КСРО мен Қазақстанның сан дүркін чемпионы әрі рекордшысы Александр Артеменконы еске түсіруге арналған дүбірлі додада Алматы қаласы, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары және Қырғызстан мен Ресейден келген 100-ден аса түрлі жастағы тау шаңғышылар бақ сынады.

Қазақстанның шаңғы спорты түрлерінің бас хатшысы Асқар Валиев: «Көктемнің осындай керемет кезінде, «Шымбұлақтың» төбесінде күннің күлімдеп тұрған шағында «Артеменко мемориалының» өтуі жақсы бір дәстүрге айналды. Осы додаға жас та, кәрі де қатыса алады. Сондықтан да біздер үшін бұл үлкен спорттық мереке», – деп ақтарыла сөйледі. 

Жарыстың соңғы күні 2009-2010 жылдары туған ұлдар мен қыздардың альпалық комбинация сайысында Дәлел Толқынова, Алена Овсянникова, Наиля Гайса, Тимофей Костров, Богдан Иванихин және Санат Айтқазынов жеңіс тұғырына көтерілді. 2011-2013 жылдары туғандардың тобында Виктория Ганжа, Елизавета Пасечникова, Адам Әликеев, Богдан Гвоздецкий және Арсений Шапошников үздіктер қатарынан көрінді. 2007-2013 жылдары туған балалар арасында Ростислав Хохлов, Кирилл Мещеряков және Алексей Кулаковтың бағы жанды.

Ал «Артеменко мемориалының» жеңімпазы, КСРО спорт шебері, КСРО мен Қазақстанның чемпионы, КСРО Қарулы күштері біріншілігінің жүлдегері Владимир Кучин өз ойын былай деп түйіндеді: «Осы жарысқа қатысқан сайын өзімнің бүкіл спорттық ғұмырым көз алдыма елестейді. Ерекше бір сағыныш пайда болады. Мен осындай бәсекелер барысында бүгінгіден  де көп спортшыларды көргім келеді. Кезінде Алматының өзінде ғана ЦСКА, «Динамо», «Қайрат», «Еңбек», «Локомотив», «Буревестник» клубтары жемісті еңбек етті. Талғарда штаттық команда жасақталды. Айтулы ұйымдардың қатарында КСРО спорт шеберлері, КСРО мен республика біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Ал Қазақстан құрама командасына Александра Ивановна Артеменко жетекшілік етті. Сол кездері КСРО-ның кезеңдік сайыстары қазанда Теріскөлде басталып, көктемде Кировскіде аяқталатын. Бұл бәсекелер барлық мықты тау шаңғышыларының басын қосатын. Сондай-ақ, Кеңес Одағының жекелеген чемпионаты үздіксіз ұйымдастырылып тұрды. Айтулы додада тек 30 үздіктің қатарына енген спортшылар ғана қатысатын. Негізі біздің спорттық өміріміз қызыққа толы болатын. Сондықтан да тау шаңғысы менің негізгі кәсібіме айналды. Ал Александар Артеменко барлығымыздың үлкен ұстазымыз».