Руханият • 04 Сәуір, 2019

«Димаштың концертіне дайынбыз!»

670 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше «Қазмедиа» орталығының коммуникациялар қызмет кешенінде «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қариннің қатысуымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Digital платформадағы жаңа жобалары мен Димаш Құдайбергеннің 29 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Arnau» концертіне арналған баспасөз жиыны өтті.

«Димаштың концертіне дайынбыз!»

Жиында Басқарма төрағасы «Kinomax» жаңа мобильдік қосымшасының іске қосылуы және «Arnau» концертінің дайындық барысы жөніндегі жаңалықтарымен бөлісті.

– Қазір цифрландыру дәуірі, көрермендердің көбісі әлеуметтік желілерде, түрлі интернет сайттарда өздеріне қызықты да қажетті контентті тауып, тамашалай алады. Таңдау көп, сондықтан танымал трендтерге сәйкес келетін контент жасаушылар саны күннен күнге көбейіп келеді. Бәсекелестік күшейді. Осы орайда «Қазақстан» корпорациясы заман талабына сай жұмыс жасауда. Бүгін Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған «Kinomax» мобильді қосымшасы – Andriod және IOS платформаларында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді видеосервис. Осы қосымша арқылы отандық телехикаялар, көркем, деректі және анимациялық фильмдерді онлайн режиммен қатар, оффлайн режимде де көруге болады. Бұл видеосервис отандық контентті дамытумен қатар аудитория сұранысына сай сапалы жобаларды ұсыну мақсатында іске асырылды. Осы арқылы біз көрермендерімізге не қызықты екенін ескеріп, бәсекеге қабілетті және түрлі жанрлардағы контентті ұсынуды көздейміз, – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар Басқарма төрағасы жиын барысында «Қазақстан» корпорациясының ұйымдастыруымен өтетін Димаш Құдайбергеннің шығармашылық кешіне дайындық жұмыстары жайлы да жан-жақты тоқталып өтті. Ерлан Тынымбайұлының айтуынша, осы жылдың 29 маусымында өтуі жоспарланған концертке билет сатып алушылардың көшін отандастарымыз бастаса, одан кейінгі қатарды Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Түркия, Нидерланды, Румыния, Польша сынды алыс-жақын шетелдік азаматтар толықтырады екен. Дүлдүл әншінің әсем әнін тыңдауға асыққан өнерсүйер қауымның қатарында, сонымен қатар, Бразилия, Мексика, Африка, Канада, Австралия сынды шалғай мемлекеттерден келетін меймандар да бар. Билеттер сатылымға шыққан алғашқы күні бірден 6926 билет (30%) сатылып кетсе, бір аптадан кейінгі есеп бойынша сатылған билет саны 11099-ға (48,2%) жеткен. Ал дәл осы сәттегі мәлімет бойынша, концерт залының  66 пайызы толық. Яғни бүгінге дейін барлығы 15156 билет тыңдарманының қолына тиіп үлгеріпті.

– Димаштың концертіне келем деушілердің саны өте көп. Шығармашылық кеш үлкен аншлагпен өтеді деп күтілуде. Қазірдің өзінде Қазақстан ғана емес, әлемнің түкпірінен әншінің даусын тыңдауға құмартқан халықтың санында шек жоқ. Яғни бәріміз үшін алда сынға толы үлкен жауапкершілік тұр. Сондықтан да қызу дайындықты бастап кеттік. Өздеріңіз білетіндей, Димаштың дауысы – адамдардың жүрегін жаулап алатын ерекше импульс, кәсіби тілмен жеткізгенде «Kinetic Voice». Грек тілінен тәржімаласақ, «Kinetikos» – қимылға әкелетін әрекет деген мағынаға саяды. Бұл – Димаш концертінің басты концепциясы. Әр номер – ортақ идеяны жеткізетін жеке оқиға, шағын спектакль десе болады. Қазіргі сәтте барлық техникалық жағдайлар, мультимедиялық шешімдер, сахнаның әрленуі, дыбыс пен жарық мәселесі шешілді. Енді декорация мен реквизит қарастырылып жатыр. Концерттің телевизиялық нұсқасын сапалы түсіру жұмыстары да ойластырылуда. Алдағы 3 айға жоспар құрылды», – деп Ерлан Қарин концерттің дайындық жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.

Жиында жария етілген тағы бір жағымды жаңалық –  Басқарма төрағасы «Қазақстан» РТРК АҚ қолдауымен Димаш туралы деректі фильмнің түсірілім жұмыстарының басталып кеткендігін де сүйіншілеп өтті. Алдағы уақытта өнерсүйер қауым, әншінің жанкүйерлері дүлдүл дарын туралы тамаша туындыны тамашалап, жас таланттың өмірі мен шығармашылығына көзайым бола алады.