АҚШ-тың New York Times газеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттің сыртқы саясатын Тұңғыш Президент – Елбасының ізімен жалғастырып жатқаны туралы жазады. Оған қоса «Қазақстан Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды міндеттерінің бірі деп біледі» дейді.
Ресейдің қоғамдық-саяси «Аргументы и факты» газеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған ресми сапары туралы хабарлай келе, екі ел арасындағы ынтымақтастықты «достықтың эталоны» деп бағалады. Басылымның Президенттің алғашқы сапары туралы хабарламасында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынас, аймақтық жобалар және Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту келісімдері туралы айтылған.
Орыс басылымының жазуынша, Ресей Қазақстанның сыртқы экономикалық серіктестер тізімінде көш бастап тұр. «Қазақстанның сыртқы сауда айналымында Ресейдің үлесі 18,8%-ды құраған» дейді Қазақстан мен Ресей елшіліктеріне сілтеме жасап. Көршілес мемлекеттер серіктестігінің бүгінгі жағдайын сөз ете отыра, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық интеграция, жаңа технология мен инвестиция тартуға қатысты жобалардың сәтті қадамдары туралы жазған.
Ресейлік «Газета.ru» басылымы Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі жемісті аяқталғаны туралы хабарлайды. Басылымның жазуынша, бұл кездесу екі ел арасындағы ынтымақтастықтың беки түсетінін көрсеткен. Ал «Мир24» арнасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары барысында Сирия жағдайы талқыланып, Қазақстанда әскери-техникалық қызмет орталығын ашу, Байқоңырды газбен қамту туралы келісімге қол қойғаны туралы мәлімдейді.
«MSN Россия» интернет-порталы еліміздің жаңа Президентін таныстыра келіп, оның Ресей басшысымен кездесуі туралы хабарлайды. Агенттіктің жазуынша, Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Сіздің сапарыңыз екі елдің одақтастығының нығаюына себеп болады» деп мәлімдеген. Сондай-ақ президенттердің бірлескен мәлімдемесі мен бірқатар құжатқа қол қойылғаны туралы жазған.