Төрткүл дүние түгел көз тіккен байрақты бәсекелерде қазақ боксшыларының бәсі қашанда жоғары. Жиырмасыншы ғасырды тарих қойнына аттандырардан алты ай бұрын әлем назарын аударып, жасыл құрлықта алауы тұтанған Сидней олимпиадасы жұртшылықтың есінде. Айтулы додада ел спортшылары еншілеген 7 медальдың төртеуін болат қолды боксшылар алып берген еді. Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов алтыннан алқа тағынса, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков қоржынымызға Олимпия ойындарының күміс медалін салды. Нұржан Кәрібжанов, Данияр Мұңайтпасов, Олжас Оразалиев сынды оғландарымыз да жүлдеге сынық сүйем қалғанда ғана сүрініп, бесінші орынға табан тіреген еді.
Алға деп ұрандаған ел шаршы алаңды шаңдатқан жампоз ұлдарының тілеуін көгілдір экран алдында отырып жамырай тіледі. Көк байрағымыз көкке көтерілгенін көргенде жан ұшыра қуанды. Ал оларды Алматы әуежайынан қарсы алуға асыққан ақеділ ағайынның ақжарма көңілі тіпті бөлек. Осы қуаныштың ортасында болған фотожурналист көңіл төрінде қалған сол бір мерейлі сәтті былайша баяндады.
– Сидней біздің егемен ел ретінде қатысқан екінші олимпиадамыз. Түн жарымына қарамастан даңқты спортшыларды әуежайдан күтіп алуға халық көп жиналды. Көптің ішінде біз де болдық. Фототілші ретінде осынау тарихи сәтті түсірудің орайы келген еді. Қолдарына боксшылардың есімі жазылған плакаттар ұстаған жанкүйерлер қуаныш иелерінің құшағын гүлге толтырып жатты. Жиылғандардың небәрі жиырма жасында Олимп шыңын бағындырған түркістандық Бекзат Саттархановқа деген ықыласы ерекше байқалып тұрды, – дейді Асылхан Әбдірайымұлы.
Одан бері де жиырма жылға жуық уақыт өтті. Қазақ боксшылары жеңіспен өрілген даңқты жолға дақ түсірген жоқ. Бүгінгі таңда Сиднейде айбарымызды аспандатқан саңлақтар болашақ чемпиондарды баулыса, олардың кейбірі қазақ спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Өзегімізді өрттейтіні арамызда Бекзат Саттарханов жоқ. Алдағы жоспарыңыз қандай деп сұрақ қойған тілшілер қауымына: «Арманым – үш дүркін Олимпиада чемпионы болу» деп үн қатқан өрімдей ұл қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кете барды. Бүгін жасындай жарқ еткен жарық жұлдызымыздың есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылып, халқының мәңгілік сағынышына айналған Бекзатымыздың туған күні.
АЛМАТЫ