Аймақтар • 05 Сәуір, 2019

Зиянды ағзалардан өсімдіктерді қорғау жүйесі талқыланды

1181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Ж.Жиенбаев атындағы Өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында «Зиянды ағзалардан өсімдіктерді қорғаудың интегрирленген жүйесі және каратин, агрокешеннің экологиялық тұрақтылығы» секциялық жұмысы өтті.

Зиянды ағзалардан өсімдіктерді қорғау жүйесі талқыланды

Ж.Жиенбаев атындағы Өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры Абай Сағитовтың айтуынша,  «Байсерке-агро» көпсалалы Агрохолдингімен бірлесе жұмыс істеу 2012 жылдарда жолға қойылған. Аталған Агрохолдингке бірлесе жұмыс істеп, отандық агрокешен ғылымын дамытуға байланысты бірлескен іс-қимылдар қолға алынды. Міне, осы сегіз жыл көлемінде озық тәжірибелер мен  жетістіктердің нәтижесінде көптеген игі істер қолға алынды.

«Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығында еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына қатысты озық тәжірибелер қалыптасқан.

 «Байсерке-Агро» өндірістік кешенінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында отандық ғалымдар әзірлеген инновациялық технологиялар белсенді түрде қолданылады. Бүгінде шаруашылық құрамына ветеринарлық патология-анатомиялық зертханалары, жем-шөпті зоотехникалық талдаудан өткізетін зертханасы және агрохимия зертханасы бар ғылыми-өндірістік оқыту орталығы кіреді.

«Ғылым, білім, бизнесті біріктірмесек нәтиже болмайтынына көз жеткіздік. Осы тұрғыда институтта тұқымды залалдандырумен байланысты өсімдік қорғау жүйесі қалыптасты. Яғни, қоданыстағы тұқымдардың барлығы дерлік көптеген вирустардан емделе бастады. Тұқым сапасыз болса, толыққанды өнім алу мүмкін еместігі белгілі. Бір айта кетерлігі, бактериялық залалсыздандыруға келмейтін тұқым түрлерін мал азығы ретінде де пайдалануға келмейді. Бүгінде отандық және шетелдік тұқымдарды зерттеудің кешенді жүйесі дамып келеді»,-дейді Абай Оразұлы. Биотехнологиялық жағынан ТМД елдерінен 40-50 жылға озық кеткен Голландия, Испания, Италия, Франция,  Германия сияқты елдердің тәжірибелерін негізге алған отандық ғылымдардың бүгінгі жетістігі қомақты. Аталған институт бір ғана Германияның 25 институтымен әріптестікте жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде өсімдіктерді қорғаудың сан-салалы жетістіктеріне қол жеткізіліп келеді.

Конференцияда республиканың аграрлық секторының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында отандық және шетелдік  ғалымдар  өсімдіктерді қорғаудың заманауи жетістіктеріне, көкейтесті мәселелеріне орай үздік тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын жетілдіру, қолданылатын биопрепараттар мен микро тыңайтқыштар, тұқымдық және топырақ инфекциялары,  жасыл аймақтардың жағдайы,  жемістерді зиянкестерден қорғау, т.б. тақырыптардағы ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.