Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын биылғы Жолдауының сыры да, сипаты да бөлек. Бұл құжат Жолдау ғана емес, еліміздің жаңа онжылдыққа арналған стратегиялық бағдарламасы іспетті. Өйткені, мұнда республикамыздың экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының алдағы он жылға арналған міндеттері айқын да нақты көрініс тауып отыр. “Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, – деді Елбасы осы Жолдауында. – “Қазақстан-2030” стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау”. Жолдауда айтылған экономиканы дағдарыстан шығару, инфрақұрылым мен жедел индустрияландырудың есебінен экономиканың орнықты өсуіне қол жеткізу, қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік-тұрмыстық коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, ұлтаралық келісімді нығайту секілді жоспарлардың барлығы да өте маңызды шаралар.
Жолдау жолдарына жүгінсек, мұнда адамдарымыздың өмір сапасын жақсарту және оларды әлеуметтік қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Айталық, ел халқы санының 2020 жылы 10 пайызға өсуі үшін мемлекет барлық мүмкіндікті қарастыратын болады. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан, ал табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 пайыздан аспауға тиіс. 2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 60 пайызы деңгейіне дейін өсіріліп, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе арттырылмақ. Республикалық бюджетте үстіміздегі жылы зейнетақыларды 1 қаңтардан бастап, ал шәкіртақылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақыларын 1 шілдеден бастап 25 пайызға өсіру қарастырылса, студенттердің шәкіртақылары мен бюджеттегілердің еңбекақыларын мерзімінен үш ай бұрын – 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге байлам жасалды.
Жолдауда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен олардың отбасыларына, майдангерлердің жесірлеріне, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға жасалатын қамқорлықтар туралы да ашық та айқын айтылған. Мемлекетіміздің тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясаты да азаматтарды қуанышқа бөлеуде. Ендеше, осының бәрі мемлекетіміздің Қазақстан азаматтарына деген қамқорлығының жарқын көрінісі.
Жолдауда сол сияқты білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша да нақтылы міндеттер белгіленіп отыр. 2020 жылға қарай барлық балалар мектеп жасына дейінгі оқытумен қамтылуға тиіс. Бұл үшін “Балапан” арнайы бағдарламасы әзірленуде. 2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады. Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономикалық қажеттіліктерімен өзара байланыстырылады. Жолдауда сондай-ақ, жоғары білім сапасының халықаралық талаптарға жауап беруге тиіс екені, бұл үшін жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингісіне енуге ұмтылуы міндетті екені атап көрсетілген. Болашақта қазақстандық адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін белсенді инновациялар тарту жоспарының маңызы да ерекше. Адам ресурстарының білімсіз болуы келешектің тиімсіз болатынын айқын көрсетіп отыр. Жолдауда: “Экономиканы әртараптандыру арқылы табысқа жетудің кілтінің бірі – Астанадан құрылатын үлкен оқу орны инновациялық университетте жатыр. Сол университетте біліммен бірге ғылымға да көңіл бөліп, жұмыс істейік” деген ойлар айтылды.
Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер бәрімізден болашаққа сергек қарауды, алдағы онжылдыққа арналған міндеттерімізді ой елегінен өткізіп, саралап, тиісті межелер белгілеуді талап етеді.
Біздің оқу орнымыздың ендігі міндеті, Жолдауда айтылғандай, осы онжылдықта білім берудің әлемдік инновациялық технологияларын игере отырып, дүниежүзінің алдыңғы қатарлы университеттерінің рейтингісіне ену үшін барлық мүмкіндікті толық пайдалану, оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігіне қол жеткізу.
Оқырманға белгілі, 80 жылдан астам тарихы бар Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ежелден қалыптасқан өзіндік дәстүрі, ұлттық ерекшеліктері бар. Университетімізде жоғары білімді кәсіби мамандар даярлау ісі ұлттық құндылықтарға, халықтық тәрбиеге, білім берудің қазіргі заманғы инновациялық технологияларына негізделген оқу-тәрбие үрдістері арқылы жүзеге асырылуда.
Оқу мен тәрбие мәселесі, негізінен, ұлттық кадрлар даярлау ісіне бағытталған біздегі оқу-тәрбие жұмысы кең өрісті базалық және кәсіби мәдениетке негізделген. Университетіміздің педагогикалық ұжымы болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде ғана емес, олардың адамгершілік жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік қасиеті мен ұлттық ар-ожданын қатар тәрбиелеуге баса назар аударуда. Оқу орнындағы тәрбие ісі мен оқытудың стратегиялық түпкі мақсаты – елдің болашақ мамандарының кәсіби интеллектуалдық және әлеуметтік тұрғыдан жетілуіне барынша қолайлы жағдай жасау.
Білім қоғамның оңтайлы дамуының аса маңызды, анықтаушы шарты, оның экономикалық гүлденуінің және саяси тұрақтылығының кепілі болып табылады. Қазіргі білім беру қандай болуы керек, ол қандай міндеттерді шешеді деген сұрақтар жаһандану және интеграция үрдістерінде қалыптасады. Сонымен қоса халықтың түрлі кәсіби және әлеуметтік топтарының білім берудің мақсаттары мен міндеттеріне деген көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін.
Қазақстандық университеттер қазіргі кезде аса жауапты кезеңді бастарынан кешуде. Біздің елімізде білім беру жүйесін реформалау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Өйткені, білім беру саясатымыздың ұлттық басымдықтарының бірі болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізген “Қазақстан дағдарыстан кейінгі әлемде: болашаққа интеллектуалды ұмтылыс” атты дәрісінде Қазақстанның нақты бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін аса маңызды құралы ретінде экономикалық және қоғамдық модернизацияның сұраныстарына сәйкес келетін “Зиялы ұлт-2020” атты жобаны іске асыру отандық білім дамуының басым бағыты болып табылады деп атап көрсетілген еді. Еліміздің өміріндегі білім берудің және интеллектуалды ресурстардың рөлі Елбасы сөзінде нақты көрсетілген: “Әр азаматтың денсаулық, интеллект және білім деңгейі қаншалықты сапалы болса, соншалықты мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі әлемдік қауымдастығында жоғары болады”.
Осыған орай университетте 2009-2010 оқу жылы зиялы ұлтты тәрбиелеу мен қалыптастыру жылы болып жарияланды. Онсыз, Елбасымыз айтқандай, “Біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті адами капиталы бар елге айналдыра алмаймыз”.
Жаһандану және жаңа технологиялар заманында білім беру бұл жай ғана әлеуметтік сала емес. Бұл болашаққа зиялы ұмтылыс деген сөз. Және бұл үрдіске еліміздің барлық азаматтары қатысады. “Кез келген адамды жұмыс істеуге, оқуға, өмір сүруге, қазіргі әлемде бірге өмір сүруге үйрету керек”, деп Елбасымыз орынды атап көрсетті. Сыни ойлау қабілеті, өнегелі өз сана-сезімі бар және ақпараттық ағымды бағдарлауға қабілетті адамдарды даярлау университетте білім берудің басым бағытына айналып отыр.
Мұның өзі білім берудің сапасын арттыру, ұлттық тәрбие, инновацияларды енгізу, әлемнің жетекші өзге университеттерімен белсенді ынтымақтастық, оқытушылар мен студенттердің академиялық мобильділігі, екідипломдық білім беруді енгізу арқылы кәсіби тұрғыдан құзыретті, әлеуметтік жас мамандарды жоғары деңгейде қалыптастыруымыз қажет деген сөз. Қазақстандық зиялы ұлтты қалыптастыру мәселесі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жаңа даму стратегиясында көрініс тауып отыр.
Университеттің бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте жоғары оқу орны түлектерінің кәсіби және жалпы мәдени құзыреттілігінің деңгейімен анықталады. Біздің университетіміздің бәсекеге қабілеттілігі 80 жыл бойындағы тиімді қызметі және үздіксіз дамуымен расталып келеді. Мұнда зиялы ұлтты қалыптастыруға барлық жағдайлар жасалған. Соның нәтижесінде білім беру, тәрбие және ғылымда инновациялар әзірленіп, кеңінен енгізілуде; профессор-оқытушылар құрамының кәсібилігі мен ғылыми әлеуеті арттырылуда; академиялық мобильділік ұғымы іс жүзінде қолданылуда; “Тілдердің үш тұғырлы” жобасы мақсатты түрде іске асырылуда; университет құрылымы жаңалануда. Сондай-ақ Интернет жүйесіне жаппай ену қамтамасыз етіліп, университеттік портал жасалды. Бүгінде біз білім алушылардың білім сапасын жаңартуда, кадрлардың сапасын жақсартуда, университеттің заманауи келбетін және оның сыртқы байланыстарын дамытуда, білім берудің үздіксіздігі және әртараптылығын дамытуда, білім беру кеңістігін ақпараттандыруда, ғылыми бағыттар мен ғылыми мектептерді дамытуда, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде, университеттің материалдық-техникалық базасын және қаржы ресурстарын дамытуда нақты табыстарға жетіп отырмыз.
Университетте оқу үдерісін жетілдіру ісі жаңа білім беру және ақпараттық технологияларды енгізу мен білім беру қызметінің ауқымын кеңейту арқылы іске асырылып келеді. Ғылымның, өндірістің, тәжірибелік базалардың және білім беру қызметінің өзара тығыз байланысы оқу үдерісінің жоғары сапасын және болашақ мамандардың іс жүзінде толыққанды дайындығын қамтамасыз етеді. Интеллектуалды ұлтты қалыптастыруда тәрбие жұмысы мен жастар саясаты бойынша Басқару, ұлттық тәрбие кафедрасы, академик Т.С.Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасы, “Этнокөркемдік мәдениет” ғылыми-шығармашылық орталығы, қолданбалы физика, математика және ақпарат институты жетекші рөл атқаратын болады.
2008-2009 оқу жылында білім берудің сапасын арттыру үшін магистратура мен РһД докторантура институты бөлініп шықты, Білім берудің сапасын талдау мен біліктілікті көтеру институты, инновациялар мен білім беру мазмұны ғылыми-зерттеу институты құрылды, жаңадан дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті ашылды.
“Рухани мұра” бағдарламасының шеңберінде Байтұрсынов атындағы ғылыми-зерттеу және Алаш орталығы, оның мұражайлық экспозициясы, абайтану орталығы құрылды.
Кредиттік технология 2004-2005 оқу жылынан бастап оқу үдерісіне біртіндеп ендірілді. Кредиттік технологияны жүзеге асыру үшін тіркеу, бақылау және бағалау бөлімдерінен тұратын бақылау және бағалау басқармасы құрылды. Кәсіби білікті мамандардан эдвайзерлер тағайындалды.
Эксперимент шеңберінде университеттің профессор-оқытушылар құрамы 2-3 кредиттік технология бойынша оқытудың біліктілікті көтеру курсынан өтті. Факультеттерде әдістемелік жұмыс жүйесі қайта құрылды. Силлабустардың жаңа формалары және Білім және ғылым министрлігінің талаптарына толық сәйкес келетін оқу-әдістемелік кешендердің 3 түрі жасалды. Кітапхананың компьютерлік залында университет студенттері үшін оқу материалдарының электронды нұсқалары орналасқан.
Ендігі міндет – білім беру порталын құру. Білім беру порталы оқу үдерісін мекен-жайлық (үйде оқыту) оқу-әдістемеліктерімен қамтамасыз етеді. Әрбір студент үшін оқу әдебиетінің, оқу-әдістемелік кешендердің, СОӨЖ және СӨЖ үшін жеке тапсырмалардың электронды нұсқаларының қолжетімділігін, оқудан тыс уақыттағы профессор-оқытушылардың және тәртіп жетекшілерімен интерактивті байланыс пен білім қызметі нәтижелерін үнемі мониторингілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету басты міндет.
Болон процесі профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің ұтқырлығын қажет етеді. Аталған принциптерді жүзеге асыру үшін университетімізде мүмкіндік бар. Бұл шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісім-шарттар арқылы жүзеге асырылмақ.
Шетелдік студенттермен жұмысты үйлестіру және біздің студенттерді шетелдерде оқытуды ұйымдастыру мақсатымен былтырғы жылы дайындық факультеті ашылды. Бүгінде Кореядан, Қытайдан, Түркиядан, Ираннан, Монғолиядан, Египеттен келген студенттер контингенті 178 адамға жетті. Бакалавриат және магистратура бойынша білім алатын олар қазір дайындық, филология, физика-математика, қаржы-экономика, көркемсурет-графика және психология-педагогика факультеттерінде білім алуда.
Әлемдік білім беру кеңістігіне ену, білім берудің халықаралық стандарттарына қол жеткізу мақсатымен ҚазҰПУ-де халықаралық байланыстар нығайып келеді. Оқу орны 2007 жылы Италиядағы Болон университетінде Университеттердің ұлы хартиясына қол қойды.
Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Францияның, Германияның, Словакияның, Польшаның, Қытайдың, Ресейдің, Жапонияның, Болгарияның және тағы басқа мемлекеттердің 81 жетекші университеттерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен екі жақты бірлесе дайындалған жобалар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, ақпараттар алмасу, семинарлар, конференциялар және тағы басқа іс-шаралар өткізу; жекелеген бағдарламалар бойынша оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің тәжірибе алмасуларын ұйымдастыру; бірлескен ғылыми-техникалық және білім беру жобаларын жүзеге асыру; екі жақтың да мүдделеріне сай келетін ғылыми ақпараттар мен материалдар алмасу мәселелері бойынша келісімдерге қол жетті.
Қазіргі таңда физика-математика мамандықтары ағылшын тілінде оқытылуда. Сондай-ақ “Қос диплом” бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Бүгінде Литва Республикасының Миколас Ромерис атындағы университетімен студент және магистранттар алмасу жобасы іске асырылып келеді. Мысалы, біздің бакалавр немесе магистрант оқу орнын бітірер алдында бір семестр жеделдетілген бағдарлама бойынша білім алған соң сол университеттің де және біздің университетіміздің де дипломдарын алып шығады. Бүгінде “Қос диплом” бағдарламасы бойынша Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен, Словакиядағы Братислава университетімен, Ресейдің Сібір Федералдық университетімен, Федералдық мемлекеттік білім беру мекемесімен және тағы басқа жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Еуропаның Халықаралық білім беру ассоциациясына (ЕАІE), Еуропаның Заң университеттері ассоциациясына (ELFA), Халықаралық әлеуметтанушылар ассоциациясына, Еуропаның Психологияны дамыту қоғамына (ESDP), Инновацияны қолдану жөніндегі әлемдік университеттер жүйесіне (GUNІ), Саяси зерттеулер жөніндегі Еуропа консорциумына (ECPR), Университеттердің халықаралық ассоциациясына (ІAU) мүше болып отыр.
Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге байланысты алдағы онжылдықта атқарылатын істер аса ауқымды. Біз университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамының күш-қуатын, шығарм ашылық әлеуетін осы міндеттерді шешуге жұмылдырып отырмыз.
Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ТОП
Жетісу жұртшылығымен кездесіп, Елбасының Жолдауын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда
Күмісжан БАЙЖАН.
Елбасының биылғы Жолдауының еліміз үшін маңыздылығы ерекше екендігін жұртшылық уақыт өткен сайын шынайы сезінуде. Дегенмен, ондағы айтылған байыпты бағдарламаларды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жан-жақты түсіндіру мақсатымен Астанадан ақпараттық-насихаттық топты арнайы бастап келген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов жұмысының әлқиссасында облыс активімен кездесті.
Басқосуды облыс әкімі Серік Үмбетов ашып, биылғы Жолдаудағы айтылған басымдықтар хақында әңгімеледі. Сондай-ақ өңірде Жолдауды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жұмыстарды ортаға салды.
Бұдан кейін ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі, министр Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы төңірегінде әңгіме өрбітті. Атап айтқанда, 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы жоспарының басты бағыттарын тарқатып, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын түсіндірді және биыл әлеуметтік қамтамасыз ету мен осы саладағы жәрдемге арналған шығыстар көлемі артатынын және базалық зейнетақы төлемдерінің 25 пайызға көтерілетінін жиналғандар назарына салды. Сонымен қатар, отбасы, ана мен бала институтын нығайту, жәрдемақы мөлшерлері жайлы Жолдауда айтылғандарға да ерекше мән берді.
Жетісу жерінде сәбилерді балабақшамен қамту көрсеткіші 21 пайызды ғана құраса, кезекте тұрған бүлдіршіндер саны 19 мыңға жуық екен. Министр облыс әкімінің бұған дейін жекеменшікке өтіп кеткен, балабақшаларды коммуналдық меншікке қайтару туралы бастамасының жан-жақты қолдауға ие болып, өзге аймақтарда да қолға алынғанын атап өтті. Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері де ортаға салынды.
Серік Әбікенұлы Қазақстанның даму белестерін айқындайтын құнды құжатты насихаттау, түсіндіру мақсатымен арнайы келген топ мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеп, халықты әлеуметтік жағынан қорғау, ұстаздар мен дәрігерлердің коммуналдық шығынын өтеу, жеткіліксіз қамтылған отбасыларындағы балаларға жоғары оқу орындарында білім гранттарын тағайындау, олардың қоғамдық көліктерде тегін жүруін қамтамасыз ету, тағы басқа жүйелі жүргізілген жұмыстар жайлы әңгімеледі.
Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері бөлініп, өңірдегі аудандар мен қалаларға аттанып, халықпен жүздесуді бастап кетті. Жетісу жұртшылығымен осындай мағыналы жүздесуді мақсат еткен насихатшылардың Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова бастаған алғашқы тобы Панфилов ауданына, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-зерттеу кеңесінің хатшысы Наталья Калашникова бастаған тағы бір тобы “Достық үйінде” және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде жұртшылықпен, студенттермен әңгіме өткізді. Өзге де насихаттық топ мүшелері Ақсу, Алакөл, Текелі, Балқаш, Кербұлақ аудандарына аттанып, Жолдау жолдарын түсіндіруді жалғастыруда.
Алматы облысы.
ЖАСТАРДЫҢ ДАМУЫ СТРАТЕГИЯСЫН БЕЛГІЛЕЙТІН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ
Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбековтің қатысуымен Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауының талқылауы өтті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысқан жиынды аталмыш оқу орнының басшысы Шәмша Беркімбаева ашып, биылғы Жолдаудың еліміз үшін жөні бөлек екеніне, онда алдағы 10 жылда атқарылуы тиісті жұмыстардың нақты айқындалып берілгеніне тоқталды. Сондай-ақ жуырда осы маңызды Жолдауды насихаттау жөнінде Астанада Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев бастаған топ құрылғанын, соның құрамындағы Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбековтің университетті бекер таңдап алмағанын, сондықтан Жолдауға қатысты әрі өздерін қызықтыратын сауалдарды қойып, тағылымды бір кездесу өтетініне сенім білдірді.
– Биылғы Жолдау барлық қазақстандықтардың жол картасына айналып отыр, – деді Махметқали Нұрғалиұлы. – Ең алдымен әр адамның, әсіресе, жастардың даму стратегиясын белгілейтін маңызды құжат болып табылады. Олай дейтінім, Жолдаудағы бес стратегиялық бағытта Елбасы, әсіресе, білім беру саласына, ғылымға ерекше баса назар аударып, әлеуметтік жағдай жасалуына баса көңіл бөлген.
Одан әрі вице-министр қазір “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, оның басты мақсаты – мектепке дейінгі білім беру жүйесінде қызметті қамтамасыз ету екеніне тоқталды. Сондай-ақ ҚР білім саласының дамуына байланысты 2008 жылдан бастап 12 жылдық жүйеге бірнеше себептерге байланысты көше алмай отырғанымызды, оған мектеп базаларының дайын еместігі, кадр мәселесінің толық шешілмей, оқу-әдістемелік кешендердің іске асырылмай отырғанына тоқталып өтті. Одан әрі Ғылым туралы заң жобасы дайындалып, Мәжіліске тапсырылғанын, Елбасы айтқандай, 2020 жылға дейін Қазақстанда кемінде әлемдік деңгейдегі екі жоо ашу міндеті қойылса, оның бірі биылғы шілде айында Астана күніне орай Н.Ә.Назарбаев университетін ашу жоспарланып отырғанын, онда жаратылыстану, инженерлік және медицина бағыттарында бірінші курсқа студенттер қабылданып, бір грант құны 19,5 мың доллар көлемінде болатыны жайлы да хабардар ете кетті.
Ведомстволық сала басшыларымен кездесіп, жүздесудің мұндай мүмкіндіктері бола бермейтінін ескерген мұғалімдер мен студенттер вице-министрді сұрақтың астына алды. Мәселен, профессор Қазына Аймағамбетова ғылыми орталықтарда сапалы бағдарламалар қарастырылмайтынын, кафедрада кредиттік жүйеде соңғы төрт жылдан бері тек тәрбиеші деген мамандық алып келе жатқан бастауыш мектеп мұғалімдерінің қызметтері шектеулі екенін, сондықтан бұл мамандық тәрбиеші-әдіскер деп ауыстырылса деген ұсынысын жеткізсе, физик ұстаздар оптикалық құралдардың жетіспейтіндігін, ал студенттер “Балапан” бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі тәрбиешілердің еңбекақысының төмендігін айтып және басқа да сауалдарына жауап алды.
БІРЕГЕЙ ҚОНДЫРҒЫЛАР ШЫҒАРЫЛАДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында еліміздің алдағы онжылдықтағы міндеттері белгіленді. Ел дамуының ертеңіне арналған жоба-жоспарларды жүзеге асырудың нақты жолдары мен басты бағыттары көрсетіліп, оны орындауға тапсырмалар берілді. Мұның өзі еліміздің әр азаматының, еңбек ұжымының осы бағытта ұтымды жұмыс істеуін қажет ететіні сөзсіз. Облыста биыл жалпы құны 1 миллиард 37 миллион доллар болатын 26 жоба жүзеге асырылатын болады. Біздің “Ақтөберентген” акционерлік қоғамына қатысты жоба Қазақстанның индустриялық картасына кіреді. Кәсіпорында жүргізіліп жатқан қайта жарақтандыру жұмыстары үстіміздегі жылғы шілде айынан бастап осы заманғы компьютерлік томографтар шығаруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорынның даму тарихындағы мүлдем жаңа кезең болғалы тұр. Денсаулық сақтау министрлігі мен акционерлік қоғам арасында 2010 жылға зауыт өнімдерін сатып алуға жасалған меморандум бұған толық дәлел екені даусыз.
Біздің акционерлік қоғам осындай бірегей медициналық және өндірістік рентген аппараттарын шығаратын еліміздегі бірден-бір кәсіпорын ретінде де алыс-жақын шетелдерге белгілі. Мұнда рентген аппараттарының 28 түрі шығарылады. Акционерлік қоғамның мемлекеттік тапсырыстың арқасында екінші тынысы ашылатынына берік негіз бар. Ел Президентінің жаңа саясаты болашаққа сенімді қадам жасауға, яғни индустриялық-инновациялық серпінді даму стратегиясының жемісін көруге оң ықпал ететін болады. Инвестициялық жоба өз қаржымыздың және Қазақстанның Даму банкі несиесі есебінен қаржыландырылып отыр.
Жобаны жүзеге асыру ішкі және сыртқы рынокқа шығарылатын осы заманғы диагностикалық компьютерлік ап-паратуралармен медициналық мекемелерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Томографтарды жинау “Дженерал электрик” компаниясының технологиясы бойынша жүзеге асады. Бұл оның бағасын 50 миллион теңгеге төмендетуге алғышарт жасайды. Мұндай аппаратура Қазақстанда қазір 180-250 миллион теңге тұрады. Біздің кәсіпорында жүзеге асырылмақшы екінші жоба да қайтарымды болмақ. Себебі, біз шығарғалы отырған лифтілер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қайта жарақтандыруда кәдеге асады.
Үдемелі индустрияландыру мен инновация, еңбек өнімділігінің өсуі ғана Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңде ұтымды және берік позицияны иемденуіне мүмкіндік беретінін Елбасы өзінің Жолдауында дәйектеп айтып берді. Бұған біздің облыста жүзеге асырылмақшы индустриялық-инновациялық жобалардың да елеулі үлес болып қосылатынын әрбір ақтөбелік мақтаныш тұтады деп ойлаймын.
Марс МАХМҰТОВ, “Ақтөберентген” АҚ-тың атқарушы директоры. Ақтөбе облысы.
“ҚАРА АЛТЫН” ШАРАПАТЫ
Қазақ мұнайы дегенде Елбасының осы саланы дамытуға сіңірген ерен еңбегі ойға оралады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға шетел инвесторларын қолынан жетелеп әкеліп, ауқымды инвестиция салуға иландырды. Соның нәтижесінде “Теңіздей” әлемде теңдесі жоқ ірі кеніштің мол мұнайы игерілді. Сол “Теңіз” кенішінің мұнайын Қара теңіз жағалауындағы халықаралық айлаққа төтелей жеткізетін жаңа құбыр желісі тартылды.
Енді Каспий теңізінің қайраңындағы Қашаған кенішінен көмірсутекті шикізатты игеру жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Осының бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Атырауда іске асырылып жатқан ірі жобалар. Қазақ мұнайын әлемдік рынокқа жеткізудің баламалы бағыттарының қатарында Атасу-Алашаңқай, Баку-Жейхан бағыттарының да маңыздылығы айқындалып келеді.
Ел экономикасын өркендетуде мұнай-газ өнеркәсібінің маңызы арта береді. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндігі” атты биылғы Жолдауында айрықша атап өтті. Себебі, мұнай өндіру – қазақтың бір ғасырдан бергі негізгі кәсібінің бірі. Рас, кезінде оның игілігін соншалықты көре қоймағанымызбен, Қазақстан дербес мемлекет атанғалы бері Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген басшының салиқалы саясатының арқасында “қара алтынның” қадірін сезінетін болдық. Елбасының ұсынысымен құрылған Ұлттық қорға мұнайдан түскен табыстың бір бөлігі жинақталып, қаржы дағдарысы кезінде сол қаржы ел экономикасын, ұлттық банктерді тұралатпауға жұмсалды. Міне, осылайша, қазақ мұнайының шарапаты баршаға тиді.
Қазақ мұнайының шарапаты алдағы он жылда да қазақ халқына молынан тиетін болады. Мұнайшылар елдің әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту шараларынан қалыс қалмайды. Мұнайлы аудандардағы түрлі әлеуметтік нысандар құрылысын қаржыландырып, әлеумет әлеуетін арттыруға қолдауын жалғастыра бермек. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі жаңа дәуірдің инновациялық жобаларымен қарқынды дамуға бет бұра бастады. Мұның бастапқы бағыттары қазірдің өзінде қолданысқа енгізіліп жатыр. Мәселен, мұнай кеніштерінде жер астынан мұнай соратын тербелмелі қондырғылары біртіндеп бұрандалы сорғылармен алмастырылып келеді. Отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдау арқылы қазақстандық үлесті молайтуға бағыт ұстанып отырмыз. Енді кен орнындағы ілеспе газды кәдеге асыру жобасы іске асырылмақ.
Қойнауы қазынаға толы Ембінің мұнайшылары Елбасының Жолдауын әрдайым қуаттайды. Өйткені, қазақ мұнайшылары Елбасына арқа сүйеп келген, бұдан былай да Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын қолдайды. Мұнайшылар мұнай өндіруде уақытпен санаспайды, шаршауды білмейді. Елбасының Жолдауынан алдағы онжылдық Қазақстанның экономикалық өрлеу жылдары болатынын ұғынып, тың серпінмен еңбек етуге ұмтылады. Өйткені, енді алдағы он жылдың ішінде біз өндірген “қара алтын” химия өнеркәсібі саласында тұтынылатын негізгі шикізат болғалы отыр.
Ізтұрған БАЙМҰХАНОВ, “ЕмбіМұнайГаз” өндірістік филиалының директоры.
Атырау облысы.
ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ – ЖАҢА КЕЗЕҢ
Елбасы Жолдауда жаңа онжылдық, яғни 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа жетелейтінін айқын көрсетіп берді. Біз білім саласында жүргендіктен, келешек ұрпақтың бойына еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді білім мен тәрбие арқылы сіңіру міндетіміз деп санаймыз. Қазақстанның келешегі – бүгінгі оқушы. Ендеше, ертеңгі ел басқарар ұрпақтың еліміздің жаңа кезеңдерімен, жаңа жоспарлармен жан-жақты хабардар болуы өзін мемлекет дамуынан шет қалмайтындығына сенімін оятады.
Ақпараттық технологияны жан-жақты қолдана алатын, ғылымның тың жаңалықтарын ашуға мүмкіндігі бар тұлғаны тәрбиелеу адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жеткізеді. Сол үшін де мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуға зор көңіл бөлінген. 12 жылдық оқыту моделі және “интеллектуалдық мектептердің” жобасын орындаудың өзі келешекке аса қажетті мамандар дайындауды меңзейді. Қазақстанның келешегі – білімді азамат болуымен қатар, саламатты өмір салты мен өз денсаулығына көңіл бөлуі дер едім.
Біздің ұжымымызда Елбасының ұстанған саясатын қолдайды. Соған дәлел ретінде айта кетсем, мектебімізде “Нұр Отан” ХДП бастауыш партия ұйымы жұмыс атқарады. “Нұр Отан” ХДП үшін 2020 Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс. Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету үшін ешкім де сыртта қалмауы қажет екендігін Елбасы баса көрсетті. Енді ұстаздар ұжымы Жолдауды жетістіктерге жеткізетін даңғыл жол екеніне сенімді және өз тарапынан білім беру саласына тиесілі жоспарлардың нәтижелі орындалуына үлестерін қосады.
Ардақ АСАНОВА, Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 лицей мектебінің ұстазы. “Нұр Отан” ХДП бастауыш партия ұйымының төрайымы. Павлодар.