Саясат • 08 Сәуір, 2019

Елбасы тапсырмасы жүзеге асырылады

946 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Nur Otan партия­сы Төрағасының бірінші орын­ба­сары Мәулен ­Әшім­баев жұмыс са­пары­мен Ақмола облысында болып, Nur Otan партиясы Ақмола об­лыс­­тық филиалы­ның кезектен тыс ХХХІ конференциясына қатысты.

Елбасы тапсырмасы жүзеге асырылады

Конференцияның күн тәртібіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезін­де халықтың әл-ауқа­тын арт­ты­ру­­­ға бағыт­талған міндет­­тердің еліміз­де жүзеге асырыл­уы және партия­­ның облыс­тық филиалының төраға­­сын сайлау мәсе­ле­лері енгі­­зілді. Мәулен Әшімбаев Ер­мек Маржық­паев­тың кандидатура­сын партия­ның облыстық филиалы төраға­сы қызметіне ұсынды. Деле­гат­­тар ұсы­ныс­ты бірауыздан қолдап, дауыс берді. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа Nur Otan партия­сы Ақмола облыстық филиалы төрағасының куәлігі тапсырылды.

Конференцияда Nur Otan партиясы Жарқайың аудандық филиалының төрағасы Мұрат Балпан, Nur Otan партиясының мүшесі, «100 жаңа есім» республикалық байқауының жеңімпазы, Көкшетау қаласындағы гумани­тарлық-техникалық мектеп-лицейі­­нің директоры Наталья Дементьева, Nur Otan партиясы Зе­рен­ді аудандық филиалы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Бақытжан Айдосова сөз сөйлеп, Елбасының Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың әл-ауқа­тын арттыруға бағытталған міндеттердің өңірлерде жүзеге асырылу барысы туралы жан-жақты дәйектеп айтып берді. 

Аталған жоба аясында партия облыс­тық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ашылған Бірыңғай әлеуметтік терезеге бір айдың ішінде көп балалы отбасылардан 431 өтініш келіп түсіп, оның жартысына жуығы, нақтырақ айтсақ, 43 пайызы оң шешімін тапқан. Көп балалы отбасылардың көтеріп отырған мәселелері салмақты екендігін ескерер болсақ, бұл орайдағы жұмыс нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. 

Сапар барысында М.Әшімбаев Е.Маржықпаевпен бірге «Халыққа көмек» жобасы аясында жаңаша екпін алған қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен танысты. Бұл жерде қабылдауға келген көп балалы отбасының мәселесі оң шешімін тауып, өтініш айта келген студент қыздарының оқу ақысын төлеуге көмек көрсетілді. Мәселенің табан аузын­да шешілгенін көрген жұртшылық тағы да өз сенімін нықтай түсті. Бұрынғыдай емес, халық қазір билікпен тікелей тілдесе алады. Халық құлағдар болуы үшін азаматтар мы­нандай сайт (kk.nurotan.kz), электронды пошта (komek@nurotan.kz), Call Center арқылы (8 800 080 4441) өз өтініштерін білдіре алады. Сонымен бірге әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері (8 700 800 441) және Электронды үкімет порталы арқылы да көмек сұрап хат жазуға мүмкіндік қарастырылған.

– «Халыққа көмек» – тікелей Елбасы­ның тапсырмасымен қолға алын­ған жоба. Сондықтан азамат­тар­дың өтініштеріне ерекше мән беріп, белсен­ділігімізді одан әрі артты­ра­тын боламыз. Әр өтініш назар­дан тыс қалмай, тиісті жұмыстар жүргі­зіледі. Біздің басты қағидамыз халықты алаңдатқан мәселелерді шешіп, оларға бір жерде және дереу қызмет көрсету, – деді М.Әшімбаев.

Партия Төрағасы анықтап берген маңызды басымдықтардың бірі – «Бақыт­ты отбасы» жобасы. Бұл бастама тікелей көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Осы жоба аясында М.Әшімбаев Көкшетау қаласында тұратын Қақжановтар шаңырағына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай, олардың екеуі сал ауруына шалдыққан. Бұған дейін отбасы екі бөлмелі пәтерінің қалған қарызын өтеп, толық сатып алу үшін партиядан көмек сұраған болатын. Партия Төрағасының бірінші орынбасары отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. 

Сонымен қатар партия Төраға­сы­ның бірінші орынбасары Көкшетау қаласындағы Қылшықты өзенінің аңғарынан асқан қарғын су басқан Привок­зальный шағын ауданының тұрғын­­дарымен кездесті. Мұң-мұқ­таж­да­рын тыңдады. Зардап­тың орнын толтыру мәсе­лелері қарас­тырылды. Өңір басшысының мәлі­ме­тіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс орталығында жағдай тұрақты. Төтенше жағдайдың зардабын жою үшін арнайы техникалар мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылған. 

Аталған мәселеге байланысты М.Әшімбаев партияның жергілікті филиалына төтенше жағдаймен күрес жұмыстарын бақылауда ұстап, зардап шеккен әр азаматқа мемлекет тарапынан берілетін міндетті көмектің көр­сетілуін қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ М.Әшім­баев партия­ның аймақтық ак­тиві­мен кездесті. Жергілікті нұротан­дықтар алдында сөйлеген сөзінде ол Елбасы саясатын одан әрі жалғастыру, сол жұмыстарға партияның ықпал етуі аса маңыз­ды екендігін қадап айтты. Одан бөлек, партияның жаңадан қабылданған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақ­саты» атты бағдарламасын жүзеге асыру барысына назар аударды.


Ақмола облысы