Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Сайда саны, құмда ізі жоқ

1830 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сайда саны,  құмда ізі жоқ
Жылда қайталанатын олқылықтың орны биыл да үңірейіп тұр. Соған қарағанда, түбіт мұрты тебіндеген солтүстік­қазақстандық бозбалалар Отан алдын­дағы азаматтық борышын өтеуге қуана аттанудың орнына небір сылтау­лармен жалтарып кетуді дағдыға айнал­дырған тәрізді. Биыл 4156 азамат әскер қатарына шақырылуы тиіс болса, бұл көрсеткіш әлдеқайда кеміп кеткен. 

380-і ғана «көктемгі науқанға» іліккен. Есіл, Қызылжар, М. Жұмабаев, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласында жағдай сын көтермейді. Елді, жерді қорғау қасиетті парызым, абзал борышым деген түсініктен аулақ 761 бозбала іздестірілуде. Сайда саны, құмда ізі жоқ, жер жұтып кеткендей олардың алды Ресей асып кеткен. Ата-аналар көп ретте балаларының тұрғылықты жерлерін, қайда жүргендерін жасырып, «қашпақ болсаң зымыраның» керін келтіріп жүр.

Жергілікті атқарушы органдар өз міндеттеріне мұқият қарамауы себепті кемшіліктер жылда кездеседі, деген аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бірлесе қимылдауды, қағазбастылықтан арылып, нақты іспен айалысуды тапсырды. Десек те, Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Алмаз Тілеухановтың айтар базынасы аз болмай шықты. Қарулы Күштер қатарынан басын ала қашқандарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ғана айыппұл салу қарастырылған. Ресейде қылмыстық жаза қолданылатындықтан, тәртіптің біршама күшейгені байқа­ла­ды. Облыстық медициналық комиссия құрамында көз дәрігері жоқ. Аудандарда лор, дерматолог, психиатр, невропатолог жетіспейді. Әскери тізімге алынғандардың 40 пайызы – аурушаң, дімкәс. Олардың біразына салмақ жетіспеушілігі тән. Департамент әскерге шақыруды тұрғындардың үйіне әлі күнге дейін қағаз жүзінде жолдайды екен. Осы мезетте мекенжайларын өзгертіп жібереді, болмаса «шу, қарақұйрық!» деп табандарын жалтыратып үлгереді. Бұл ретте полиция департаментінің көмегі қажет екені ашып айтылды.