Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Ауылдың әлеуетін озық технология арттырады

1104 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасының Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі туралы жеріне жеткізе айтылды. Соның ішінде мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет деген болатын. Шынында да, тісқақты мамандардың пайымдауынша, әлеуетті арттыру алдымен озық технологиямен сабақтас.

Ауылдың әлеуетін озық технология арттырады

Тілін тапқанға жер жомарт. Жомарт жердің несібесі жалпақ жұрттың игі­лігіне айналса, тіптен ғанибет. Тек он­да маңдай теріңді сіңіре білуің керек. Мұ­ның өзі бұрынғы тәмсіл. Маңдай тер жаңа, озық технологиямен сабақтасса ғана ұтымды. Бұрынғы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетінің түлегі Әбілқайыр Ошақбаевтың түйсінгені осы. 

Оқу орнын бітіргеннен соң арнайы жолдамамен Егіндікөл ауданының Қоржынкөл ауылына табан тіреген. Жанында жан жары Ботагөз. Қол­дарын­дағы бар байлығы жалғыз жол сөмкелері ғана. Қалғаны жалындаған жастықтың үлбіреген үміті. 

Қоржынкөл дегеніңіз қайда, жердің шеті сияқты болып елестеген. Тұңғыш рет топырағын басқанда таң-тамаша қалды. Табиғаты тамылжып тұр екен. Елді мекеннің де ажары тәп-тәуір. Қозы өрі­сіндей жерде көл жатыр көлкіп. Ба­лық дегеніңіз тайдай тулайды. Құс жыртылып айырылады. Жергілікті жерде табиғаттың байлығына орай әдемі әзіл айтылады екен. Әлдекім құс жайын сұрай қалса, «көлдің үстінде» дейтін масаттанған ауыл адамдары. «Сыймай отыр. Сыймағандары далада, жиекке қонған». Сәл-пәл әсірелеп айтқандары да. Бірақ шындықтан оншалықты алыс емес еді. 

Әуелі экономист болып бастаған, кейін шаруашылықтың бас экономисі. Жұмыс өз ырғағымен жүріп жатты. Кейін қайта құрудың бет қаратпас дауылы басталған. Ел тәуелсіздік алды. Бұл бір «ақ түйенің қарны жарылған» ұлы қуаныш болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланыстар ыдырап, қиыншылықтың туғаны да мәлім. 

1990-жылдардың басында Бұлан­ды ауданындағы «Партизан» шаруа­шы­лығының директоры болып таға­йындалған. Осы жерде алты жыл ғұмыры өтті. Бұрынғы қалыптасқан кеңшарлар ыдырап, жеке шаруашылықтар құрыла бастаған. Міне, осы сәтте тағдыр жолы қайтадан біршама бауыр басып қалған Қоржынкөлге әкелді. Алғашқы бетте жүрексінгені де рас. Бұрынғы өзі көрген, басы-қасында жүрген шаруашылық­тың шаруасы шатқаяқтап тұр екен. Техни­каның тозығы жеткен, қаусаған, іске жарайтыны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіпті. Төңірекке көз салып қараса, делсал. Зіңгіттей жігіт­тер екі қолға бір күрек таба алмай абды­рап қалған. Шаруашылықтың баздарында иен тіресіп тұратын қара малдың бәрін «бартер» деген тажал жұтқан. Одан қаншалықты қайыр болғандығын ешкім біліп болмайды. 

Міне, осы сәтте ендігі ғұмырын Қор­жын­көлді көркейтуге арнаймын деген шешімге келген. Бұл шешім әзірге орындалар-орындалмасы белгісіз арман ғана. Бірақ қайратына мінді. Алдағы өзі бажайлаған істің ұшы-қиыры көрінбеген соң қасына кіші інісі Қайырды қолқалап шақырып алды. Сөйтіп «Қоржынкөл-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Бұрынғы кеңшардың 54 К-700 тракторынан төртеуі қалыпты, 114 ас­тық комбайының 8-інің сұлбасы бүк түсіп жатыр. Автопарк туралы әңгіме қозғаудың өзі азап. Машина-трактор шеберханасы мен өзге де шаруашылық учаскелері ту-талақай. 

– Осы шаруашылықта 28 мың гектар құнарлы егістік алқабы бар еді. Сол алқаптарға жыл сайын дәнді дақыл­дардың тұқымдарын отырғызатын едік. Біз серіктестік құрып, дала төсіне шық­қанда бар болғаны екі мың гектар жерді игеруге шамамыз келді, – дейді серіктестік басшысы Әбілқайыр Ошақбаев, – онда да егістік алқапты ойдағыдай өңдеуге шамамыз жетпеді. Агротехникалық шараларды діттеген деңгейде жүргізе алмадық. Алқаптың бәрін арамшөп басып кеткен. Бірте-бірте қалыпқа келтірдік. Бүгінде шаруашылық 14 мың гектар егістік жерге егін егеді. Әр жыл сайын 20 мың тоннаға жуық астық жинаудамыз. Оның 15 мың тоннасы сатылады. 

Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, олар агротехникалық шараларды уақтылы жүргізудің тиімділігін өз көздерімен көріп, түйсініп отыр. Осы арада Елбасының «заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет» дейтұғын тұжырымын шын жүректен қолдайды. Онсыз алға басу жоқ. Егер Қоржынкөлдің құнарлы алқабын бұлар күтпегенде, бүгінгідей нәтижеге қол жеткізе алар ма еді. Енді Елбасы көтеріп отырған мәселенің мәнін жете түсініп, заманауи агротехникаларды толық қолданатын болса, өздерінің де, туған жерінің де берекесі аспақ. 

Алғашқы жылдары шаруашылық гектар берекесін өліп-талып 6-8 центнерден әрең оралтқан. Түсім аз болған соң табысы да шамалы. Әйтеуір, бірді бірге құраудың амалы. Осы арада шаруашылық басшысы мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа ризашылығын білдіреді.

– Әр жыл сайын әрқилы агротехни­калық шараларға субсидия бөлініп отыр, – дейді Әбілқайыр Ошақбаев, – же­ңіл­детілген бағамен жанар-жағар­май алып отырмыз. Соның арқасында көк­темгі және күзгі дала жұмыстарын уақ­тылы атқарып шығамыз. Қамқорлық бол­ған соң оның қайтарымы да болуы керек. Ендігі бағыт осы арнада. 2009-2011 жылдары біз гектар берекесін 14 центнерге жеткіздік. Кейбір алқаптарда одан да жоғары болды.

Өткен жылы да тәп-тәуір өнім жиналыпты. Гектар берекесі 11,5 центнерден айналған. Өңірдің ерекшелігін ақыл таразысына салып безбендеген шаруашылық басшылары бидайдың «Ақмола-2» және «Омская-36» сұрыптарын егеді екен. Өз­дерін толық қамтамасыз етіп отыр. Астық шығымдылығын көріп, қызық­қан көрші шаруашылықтардың да қажет­тіліктерін өтейді. 

Мемлекет қамқорлығы айтса айт­қан­дай, қомақты екен. Қамқорлықтың ар­қа­сында серіктестік соңғы жыл­­дары 25 «Есіл-740» және «Енисей» астық комбайндарын сатып алған. Оған қоса, 18 жа­ңа үлгідегі егіс кешендерінде. Ауылға Ошақ­баевтың оралуының ар­қасында серіктестік құрылып, түтін­дері түзу ұшуда. Қазір осы ауылдағы ең­бекке жарайтын тұрғындардың 90 па­­йызы серіктестікте жұмыс істейді. Тіп­ті көршілес Бауман ауылынан келіп жұ­­мыс істеп жүргендер де бар. Соңғы жыл­дары жұмысшылардың жалақы­сын үш мәрте өсірген. Елді мекен­дегі зей­нет­керлер тегіс мал азығымен қам­тамасыз етіледі. Әрбір мемлекеттік мерекеде ауылдағы 125 ардагер азды-көпті сыйлыққа ие болады. Серіктестік жергілікті білім ошағында оқушыларды тегін тамақтандырады. Жергілікті наубайханада нарттай қызарып піскен, дәмі тіл үйіретін нан бар болғаны – 35 теңге. 

Ауылдың ең басты мәселесі ауыз су еді. Бұл қиындық көптен бері шешілмей келген. Елдің іргесінің сөгілу себебі де осы ауыз су болатын. Ағайынды Ошақбаевтар осыдан бес жыл бұрын ауылдың әр үйіне су тартып берді. 

Елбасы еңбек дәстүрін қалыптастыру туралы талай айтты емес пе? Кейінгі жылдары еңбек адамына құрмет көрсету сәл азайып еді, жұмысқа ынталы адамдардың саны да кеміп кетті. Негізінде, әркім өз еңбегіне сай құрмет пен қошеметке бөленуі керек. Бұл әр күн сайын еңбек адамдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген серіктестік басшысының ойы. Серіктестікте қарапайым еңбек адамын қадірлей біледі. Олардың қажуды білмес қайратты еңбегі қалған жұртқа үлгі-өнеге. Серіктестіктің негізгі тірегі болып саналатын, жұмыс десе ішер асын жерге қоятын Рашид Қашанов, Владимир Бритман, Александр Долгополовтардың жақсы аттары шығып тұр. Қазіргі күні көп жерде кездесе қоймайтын дәне­керл­еуші, өз ісінің хас шебері Елубай Ысқақов­тың есімі де құрметпен аталады. Серіктестік құрылған күннен бас­тап ескіні жамап, көнені көркейтіп келе жат­қан, он саусағынан өнер тамған Елу­бай­дың еңбегі ортақ ырысқа әбден сіңген. 

Жұрт қамын жадынан шығармайтын серіктестік басшысы ауылдың әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайына да көңіл бө­леді. Таяуда су жаңа монша салып бер­ді. Мұндай монша ауыл тұрмақ, аудан орталықтарында да жоқ. Қарқарадай болып бой көтерген жаңа дәмхана пайдалануға берілмекші. Енді мәдениет үйін жұтындырып жөндеп, ауыл көшесін қатты жамылғымен қапта­сақ дейді басшылар. Содан соң тұрғын үй салуға көшпек. 

Былтырғы жаңалық – Қоржынкөлде картоп өсті. Иә, оған таңырқамаңыз, ондай да болады екен. Қаншама шаңырақ түтін түтетіп отырған елді мекенде қанша баптасаңыз да картоп өспейді деген түсінік болған. Биыл Мақсат Тілеуқабылұлы тәжірибе жасап көрді. Ерте көктемде бар бейнетті өзімен бірге жер бетіне ала шығатын картопты әлденеше рет дәрілеп, топырағын баптап, құлағынан тартып шығарғандай болды. Нәтижесінде тәп-тәуір өнім алды. Ал төрт түлік мал өсіру дәл мұндай таңсық емес. 

– Қазір 200 бастан астам қазақтың ақбас тұқымды қара малын бағып отырмыз. Алдағы уақытта бағымдағы малды өз төлі есебінен көбейтетін боламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында еліміздің аграрлық секторын дамыту туралы жақсы айтты. Көмек ретінде 100 миллиард теңге бөлінбекші. Менің ойымша кез келген қамқорлыққа өз ісіңмен жауап беру азаматтық болып есептеледі. Елбасының өзі бас болып ел еңсесін көтеруге ұмтылып жатқанда соның жуан ортасында жүрген біз қалай қанаттанбай тұра аламыз. 

Қанаттанса, осындай ерлер қанат­тансын. Несін айтасыз, Ошақбаев­тың ауылға оралуы ошақ басындағы ғана емес, тұтас елді мекендегі игіліктің иіндісі болды.

Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы