Әкімдіктің электронды «Open Almaty» қоғамдық қабылдауында жаңа функциялар пайда болады, онлайн-қызмет алу үшін барлық қалалық сервистер біріктіріледі және аудан тұрғындары «Ашық бюджет» функциясы арқылы бюджет қаржысының бір бөлігін қалай жұмсауға болатындығы туралы өз ұсыныстарын айтып, дауыс бере алады. Бұлардан өзге, қаланың видеобақылау камераларының интеграциясы және коммуналды көліктің GPS трекингі бойынша мониторинг жүргізудің бірыңғай жүйесі жасалады.
«Мемлекет басшысы жақында әкімдермен өткізген кеңесте тұрғындармен кері байланыс аясын кеңейтуді тапсырған еді. Біз сол міндетті орындауды жүйелі түрде қолға алдық, әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен «Open Almaty» қоғамдық қабылдауынан өзге біз тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс-орталығын құрамыз. Енді қала тұрғындары түрлі нөмірлерді іздемейді, бір нөмір арқылы апатты қызметтен бастап, анықтамалық сипаты ақпараттарға қол жеткізе алады», деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Айта кетерлігі, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын арттыру және түрлі өмірлік жағдайлар кезінде қалалықтарға көмек көрсету мақсатында 2017 жылы әкімдіктің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы ашылған еді. Оған жүгінген әрбір адам тиісті кеңес алып, әкімдіктің, қала басқармаларының, прокуратураның, полицияның кіріс департаментінің және басқаларының атына өз өтінішін қалдырып отырды. Порталдан қала қызметтерінің жолдарды, арықтарды, жылу желілері мен аулаларды жөндеу жөніндегі жоспарларын көруге болады. Қазіргі кезде «Open Almaty» арқылы қала тұрғындарынан 109 мыңнан астам өтініш түскен, олардың 88%-ы бірнеше күн ішінде оң шешімдерін тапты.
Бұлардан өзге, Алматы әкімдігінің барлық әлеуметтік желілерде ресми аккаунтары бар. Тек Instagram парақшасына 200 мыңға жуық адам жазылған, оған күніне орташа есеппен 70 өтініш түседі. Өз кезегінде Алматы әкімі қала тұрғындарының өтініштерін аудан әкімдіктері мен қала басқармаларының қалай орындап жатқанын тұрақты назарда ұстауда және барлық аппараттық кеңестерде оларға ерекше мән беруде. Өтініштердің маңыздылары ерекше бақылауға алынуда. Қала бюджеті өтініштерді ескере отырып сараланады және нақтыланады. Қаржы нақтылы мәселелерді шешуге жұмсалады, нәтижесінде шағымдар саны біртіндеп азаяды.
Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде жақында ғана салынған әрі кәсіпкерлердің тартылыс орталығына айналатын инвестициялар Үйінде болды. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан, «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан, «Kazakh Invest» өкілдігінен өзге мұнда ІТ саласы мен электронды коммерцияның жетекші компанияларының офистері орналасатын болады.
Дәл сол күні қала әкімі Әл-Фараби даңғылы бойындағы үш қабатты тұрғын үй құрылысының қарқынымен танысты. Инвесторлардың айтуы бойынша түрғындардың алғашқы кезегі орналасқан, аз қабатты құрылыс болғандығына қарамастан жоба өзінің экономикалық жағынан рентабелді екенін көрсетті.
Еске салсақ, 2016 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әл-Фараби даңғылының жоғары жағына биік ғимараттарды салуға болмайтындығы туралы тапсырмасынан соң жергілікті билік мұндағы нысандардың енін 15 метрден, ал биіктігін 12 метрден асырмау жөнінде регламент қабылдаған еді.