Спорт • 08 Сәуір, 2019

Шыңғыс шыққан шыңдар

1321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматының іргесіндегі Еңбек­шіқазақ ауданына қарас­ты әйгілі зеңбірекші, Кеңес Ода­ғының Батыры Жүнісбай Қайыпов атындағы ауылда дү­ниеге келген Шыңғыс Қа­сымовтың спорттық жолы бокс­тан басталған еді.

Шыңғыс шыққан шыңдар
2001 жылы 14 жасында алғаш рет қолына былғары қолғап киген бозбала қысқа ғана мерзім аралығында өзінің мықтылығын мойындатты. Сол жылы-ақ ол Есік қаласында өткен елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Станислав Тынысбековтің тур­нирі мен Талдықорғанда жа­лауы желбірген облыс бірін­шілігінде топ жарды. Алай­да, сол кездері балғын был­ғары қолғап шеберлерін жаттық­ты­рып жүрген білікті бапкер Ринат Баққожаұлы басқа жақ­қа қоныс аударғаннан кейін ауыл­дағы үйірме қаңырап бос қалды... 

Келешекте халықаралық аренада ел намысын қорғайтын мықты спортшы болуды арман­даған Шыңғыс 2003 жылы Ал­матыға келіп, Қазақтың көлік және коммуникация академия­сына оқуға түседі. Сол жерде жүріп, әуелде муай-таймен шұ­ғылданды. Одан кейін джиу-джитсуға аңсары ауды. Өзіне таңсық өнер үйірмесінің табал­дырығын аттағанына небәрі екі апта болғанына қарамастан, ел құрамасын жаттықтырып жүрген Қанат Тілеуімбетов пен Мейіржан Қашағанов сынды майталман мамандар бойына күш-қуаты сыймай, жалындап тұрған тұлғалы жігітті Қазақстан чем­пионатына қатыс­тыруды құп көрді. 

– Бокс пен муай-тай мекте­бінен өткендіктен аяқ және қол­мен жақсы соққылар жасау маған еш қиындық туғызған жоқ, – деп бастады өз әңгімесін Шыңғыс Қасымов. – Тек күрес жағы ғана ақсап тұрды. Соған қарамастан Павлодардағы жарыста қос қарсыласымды жеңіп, жартылай финалда ұтылдым. Нәтижесінде ел біріншілігінде қола медальды иелендім. Қысқа ғана мерзім аралығында қол жеткізген бұл табыс мені қанат­тан­дырды. Джиу-джитсуға де­ген құш­тарлығымды оятты. Осы спорт түрінің қыр-сырына әбден қанығып, шеберлігімді ша­рықтау шегіне жеткенше шыңдау үшін жаттығу залында аянбай тер төктім. Ерен еңбек еш кеткен жоқ. Бірте-бірте биік белестерді бірінен кейін бірін бағындыра бастадым. 

Расында да, содан кейінгі кезеңдер Шыңғыс үшін толағай табыстарға толы болды. Атап айтсақ, қазақтың қайсар ұлы 2005-2013 жылдар аралығында өткен елішілік жарыстарда алтын тұғырдан төмендеген жоқ. Ауыр және аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасқан ол Қазақстан чемпионатында барлығы 8 рет топ жарып, ел кубогын сан мәрте олжалады. Үш реттен әлем және Азия чем­пионы атанып, әлем кубогын­да екі мәрте топ жарды. Қарт құрлықта өткен дүбірлі додалардың барлығын тегістей ұтып шықты. Осы жеңістерінің арқасында ол жауынгерлік джиу-джитсудан Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Қасымовқа дейін ондай атақ осы спорт түрін серік еткен бірде-бір отандасымызға бұйырған жоқ еді. 

– Жауынгерлік джиу-джитсу Олимпиада бағдарламасына енбегендіктен, біздер үшін ең үлкен мансап – әлем чемпионы атану. Алланың қалауымен айтулы жарыста үш мәрте топ жару бақыты бұйырды. 2011 жылы Днепропетровскіде үш кез­десуде де айқын басым­дықпен жеңіске қол жеткізіп, Қазақстан спортшылары ара­сынан ересектер дуында ал­ғашқы болып әлем чемпионы атандым. 2012 жылғы жарыс Киевте ұйымдастырылды. Дүниежүзілік жауынгерлік өнер фестивалі аясында өткен дүбірлі додада да асығым алшысынан түсіп, айдарымнан жел есті. Соңғы рет 2013 жылы Польшаның Краков қаласында жалауы желбіреген жарыста да бабым мен бағым қатар ша­уып, үшінші рет төрткүл дүниенің теңдессізі атандым. Осы жеңістерімнің әрқайсысы мен үшін ерекше қымбат. Себебі сол табыстардың барлы­ғы да маңдай тер және ерен еңбек арқылы келді, – дейді кейіпкеріміз. 

Жауынгерлік джиу-джитсудан бөлек Шыңғыс Қасымов жекпе-жек өнерінің басқа да түрлерінен елеулі табыстарға қол жеткізді. Мәселен, қоян-қолтық айқастан ел чемпионы атанып, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Құқыққорғаушылар арасын­да үздіксіз өтіп тұратын дәс­түрлі жа­рыстарда осы өр мінезді, соқ­қысы ауыр, рухы биік жі­гіттің жасындай жарқырағанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. 

2009 жылы Президенттің күзет қызметкерлері арасында Ақтөбеде өткен ел біріншілігінің ақтық сайысында сақа спортшы Антон Аманбаевтан 0:4 есе­бімен ұтылып жатып, ақы­рында айқын басымдықпен жеңіске жеткені де есімізде. Сол кезде спорт кешеніне жи­­налған барша көрермен Қа­сы­мовтың қайсарлығына сүй­сінген еді. Сонымен қатар біз­дің кейіпкеріміздің жолы елі­міздің танымал спортшысы, ере­жесіз жекпе-жектен бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарған апайтөс Шахмарал Жет­пісовпен түрлі жарыстарда екі мәрте қиысқан екен. Бұл бәсекенің екеуі де Шыңғыстың күмәнсіз жеңісімен аяқталды. 

27 жастан асқан шағында джиу-джитсумен қош айтысқан Шыңғыс Қасымов бәрібір де үлкен спорттан алыстап кете алмады. Алматыдағы екі бірдей іргелі оқу орындарын ойдағыдай тәмамдап, инженер және заңгер мамандығының дипломын алды. Үйленіп, отбасылы болды. Бұл күндері қазақтың нар тұлғалы азаматы бразилиялық джиу-джитсуға мықтап ден қойды. Енді ол осы спорт түрі бойынша биік белестерді бағындырып, әлемдік додаларда топ жаруды көздейді.