Спорт • 08 Сәуір, 2019

Бокс: Бекзаттың турнирі аяқталды

987 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, Алаштың мақтан тұтар азаматы Бекзат Саттархановты еске түсіруге арналған халықаралық турнир аяқталды.

Бокс: Бекзаттың турнирі аяқталды

18 мәрте жалауы желбірген жарыста 2001-2002 жылдар аралығында туған жас өрендер күш сынасты. Бас жүлдені барлығы да біздің елде қалды. Тарқатып айтсақ, ең үздік көрсеткішке Шымкент қаласының өкілдері қол жеткізді. Осы команда сапында Айдос Жаппаберген (60 кило), Бақдәулет Абдуллаев (91 кило) және Озодбек Ирисметов (+91 кило) алтын тұғырға көтерілді.

Түркістан және Алматы облыстарының өрендері екі реттен бас жүлдені олжалады. Жергілікті былғары қолғап шеберлері арасынан Асқат Тастанбек (56 кило) пен Бақдәулет Құрал (81 кило) қарсылас шыдатпаса, Жетісу өңірінен келген сайыпқырандар сапында Дарын Құлжабаев (49 кило) пен Мәди Алтынбаев (69 кило) алдына жан салмады.

Сондай-ақ өзге салмақ дәрежелерінде маңғыстаулық Жарас Қомшабаев (46 кило), тараздың Алмас Дүйсенқұл (52 кило), нұрсұлтандық Ермахан Өтеміс (64 кило) және оралдық Марат Қасаев (75 кило) топ жарды.