Спорт • 08 Сәуір, 2019

Теннис: Бублик бас жүлде алды

898 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен Мексиканың Монтеррей қаласында өткен «Челленджер» санатындағы халықаралық турнирде қазақстандық теннисші Александр Бублик жеңімпаз атанды.

Теннис: Бублик бас жүлде алды

Бастапқы бәсекелерде сербиялық Педжу Крштин (1:6, 6:3, 6:4), америкалық Митчелл Крюгер (7:6, 6:3) және испаниялық Фелисиано Лопестен (7:6, 6:3) айласын асырған жерлесіміз жартылай финалда 27 жастағы АҚШ өкілі, АТР рейтингінде 93 сатыда тұрған Теннис Сандгренмен сайысқа түсті. Бұл кездесу біздің жігіттің пайдасына шешілді – ­2:6, 6:2, 7:6. Ал ақтық сында ол есімі көпшілікке беймәлім эквадорлық ойыншы Эмилио Гомеспен шеберлік байқасты. Небары 55 минутқа созылған бәсекеде Бубликтің мысы басым болды – 6:3, 6:2.

 

Сөйтіп, Александр Бублик биылғы маусымда халықаралық жарыстарда өзінің екінші жеңісіне қол жеткізді. Осы табысының арқасында әлемдік рейтингте бірден 21 сатыға жоғарлаған отандасымыз қазіргі кезде 99 орынға табан тіреді.