Қызметке адалдық
Сенбі, 14 сәуір 2012 7:37
Құқық қорғау саласында аттестация жүргізу ең білікті мамандарды даралайтындығы сөзсіз. Ал ондай жандар қазірдің өзінде арамызда айқындалып жүргені белгілі. Мәселен, Ақтау стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің көші-қон полиция тобында жалғыз ғана әйел тәртіп сақшысы бар. Ол – түбекке келіп-кетіп жүрген шетелдіктердің аяқ алысын бақылап, заң бұзғандарды анықтайтын аға инспектор, полиция майоры Гүлсім Қалдыбаева. Қарамағындағы үш инспектормен бірлесе жұмыс істеп, биыл жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 52 фактіні тіркеді.

Өзі ежелгі қазақ даласы Орынборда туып, Ақтөбе өңірінде өсіп, білім алып, еңбек жолын бастаған. Ішкі істер желілік бөліміндегі қызметін 2001 жылы Оралда кадр бөлімінің аға инспекторы ретінде бастапты. Негізгі мамандығы экономист-ұйымдастырушы бола тұра, темірдей тәртіп пен қырағылық, қашанда төтенше жағдайларға сақадай сай болуды талап ететін бүгінгі қызметіне келгеніне еш өкініші жоқ. «Өміріме қауіп төндіретіндей жағдайлар менің басымнан өткен емес, құдайға шүкір. Бірақ біз мамандығымызға сай өзімізді және өзгелерді қорғау үшін қашанда дайындық үстінде жүреміз. Мәселен, айына бір рет ТИР-ға барып тапанша атуға жаттығамыз. Жетісіне бір рет Маңғыстау селосындағы, Ақтау қаласындағы спорт кешендеріне барып, дене шынықтырумен айналысамыз. Қашанда қызметімізге сай үнемі ширақ, сергек жүру үшін мұның бәрі де қажет. Сондай-ақ білім жетілдіру, кодекстер мен нормативтік құқықтарға енгізілген өзгерістер туралы да хабардар болып, оны өзімізге жазып қойып отырамыз. Бұл ертеңгі аттестациялау кезінде қажет болады», – дейді аға инспектор. Бейнеуге, Болашақ стансаларына дейін жолаушылар пойыздарына тексеру жүргізетін аға инспектор халықпен жұмыс істеу әрі қызықты, әрі қиындығы қатар екенін айтады. Өйткені, елдің ортасында жүріп, олардың арасында түрлі тағдырлы жандарды көресің. Солардың бәрімен тіл табыса отырып, өз қызметіңді мінсіз атқару керек.
Райхан РАХМЕТОВА.
Маңғыстау облысы.