Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген сындарлы саясатының арқасында тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге бір миллионнан астам қандасымыз оралды. Олар осы жылдар ішінде атамекенінде шаңырақ көтеріп, уық тігіп, үй болып көбейе түсті.

Елім деп еңіреп келген оралмандардың көпшілігі қоғамда өз орнын тауып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүргені анық. Әйтсе де, бірқатар қандастарымыздың үйсіз-күйсіз жүргені белгілі. Осы мәселелерді шешіп, оларды үймен, жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Н.Ә.Назарбаев төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы (әрі қарай – ДҚҚ) және таяу арада құрылған «Отандастар» қоры бірлесе отырып, бастапқы екі жобаны жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуде. Екі жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан алғашқы жоба Ақмола облысының Аршалы ауданында Шымкент қаласында жасалған «Асар» жобасы сияқты, бірақ «Тұрғын үй және жұмыс» жаңа форматында жүзеге асуда. Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жерде 42-ші разъездің қасынан ауыл шаруашылығына арналған 196 гектар жерді сатып алып, оның барлық қажетті құжаттарын дайындадық. Бұл жер телімдерін 1282 отбасы иеленді. Олардың барлығы ЭКСПО-2017 құрылысына оңтүстік өңірлерден келіп, Қазақстанда өткен әлемдік деңгейдегі көрменің құрылысына еңбек сіңіріп, өзіндік қолтаңба қалдырған, енді елдің солтүстігінде тұрақтап қалғысы келген оралман отбасылары. Қазіргі кезде олар қалада пәтер жалдап тұрады, көпшілігі уақытша жазғы сарайларда тұрақтауға мәжбүр. Олар үшін әлеуметтік инфрақұрылымы бар, жайлы пәтерлер мен үйлерден тұратын шағын ауданның құрылысын жоспарлап отырмыз. Осы агроқалашықта 3500 адамға арналған жұмыс орындары ашылады: 300 га жерге жылыжай саламыз, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар және жылқы өсіретін орталықтарды құрамыз. Ал жылқылар кезекшілік әдіспен далада жайылады. Көтерме сауда базарына ауылшаруашылық өнімдері алдын ала келісім бойынша Қазақстанның оңтүстік өңірінен тасымалданады. Мұның өзі де қосымша жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды. Нұр-Сұлтан қаласы тағы бір арзан отандық ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ететін кәсіп иелерімен толығатын болады.
Қазақстан-Қытай арасындағы 51 инвестициялық жобасына кірген жағдайда іске асырылатын жоғары технологиялық тұрғын үй құрылысы модульдерін жасайтын Қытайдың «Broad Homes Industrial» компаниясымен келісім жүргіздік. Бұл арада зауыт пен тұрғын үй құрылысы сол үйлердің болашақ иелерінің араласуымен «асар» тәсілімен салынбақ. Өйткені олардың барлығы Халықаралық көрме құрылысына қатысқан құрылысшылар. Жұмысты осылай ұйымдастырудың арқасында тұрғын үй құрылысының шаршы метрі шамамен 300 АҚШ долларына тең болады. Сонымен бірге агроқалашықтың инфрақұрылымы құрылысына Қытайдың «СМЕС» мемлекеттік компаниясымен жылдық пайызы 1-3% болатын инвестиция тарту туралы келісіміміз бар. Ол салымды «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 10 жылдың ішінде қайтарамыз. Болашақта осындай агроқалашық құрылыстарын Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі көптеген тұрғындар солтүстік аймақтарға қоныс аударудың осындай бастамаларын қызу қолдап отыр. Солтүстік аймақтарда салынған осындай жайлы орындарға туыс-жақындарымен бірге қоныс аударып, өз кәсіптерін өркендеткісі келеді.
Оңтүстік Қазақстанда әкім болып қызмет еткен жылдары Шымкент қаласында белгілі кәсіпкер Ибадулла Қалибеков мырзамен бірлесе отырып Өзбекстаннан келген 20 мың оралманды тұрғынжаймен қамтамасыз етуге арналған «Асар» жобасын жүзеге асырдық. Бүгінгі күні олардың әр отбасы ауласында салынған жылыжайларынан 10-12 мың АҚШ долларына дейін пайда табады. Бұл әр отбасы үшін қомақты қаржы. Осы Шымкенттегі жүзеге асырылған жоба дер кезінде қолға алынған игі бастама болды. Бұл жобада бірқатар кемшілік орын алды. Өйткені үйлер бірыңғай оралмандарға ғана берілді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, келесі салынатын қалашықтарда тұрғын үйлерді оралмандармен бірге, жергілікті мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, құқық қорғау органдары өкілдеріне араластыра беруді жоспарлап отырмыз. Орналастырудың мұндай тәсілі оралмандардың жергілікті жағдайға жылдам қалыптасуына, үйренуіне септігін тигізеді. Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда және Моңғолияда тұрып жатқан этностық қазақтардың жағдайларын ескере келе, жүйелі мемлекеттік қолдауға ие болған жағдайда тарихи Отанына әлі де миллион қандасымызды көшіріп әкелуге болады. Бұл үшін азаматтық алу жағдайларын жеңілдетумен бірге жас мамандарды тұрғын үй және жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік бере отырып шақырғанымыз жөн болар еді.
Таяу арада Сарыағаш ауданында Отанына келгісі келетін қандастарымыз үшін 400 гектар жерге агроқалашық салуды жоспарлау ойымызда бар. Географиялық сәйкестіктерге байланысты Ташкент маңында Қазақстан жағында өзбек кәсіпкерлермен бірлескен ет-сүт өндіру, мал жемдеу, жеміс-жидекті израильдік технологиямен өңдейтін бірлескен кәсіпорын құру мүмкіншілігі де бар. Жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері келісім бойынша мал бордақылауға жем-шөп дайындайды, сүт өнімдерін өндіреді. Мұның өзі де қосымша жұмыс орындарын ашады. Жоба бойынша осындай жерлерге арнаулы білімі бар 35 жасқа дейінгі оралмандарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Болашақта Өзбекстаннан келген қандастарымызды Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Шардара, Қазығұрт аудандарында арнайы салынған агроқалашықтарда орналастыруға болады. Түркістан қаласы ішкі және сыртқы көші-қонның орталығына айналады. Осы, біз ұсынған жобалар Елбасының тапсырмасында және Президенттің қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешу, жұмыс орындарын ашу туралы көтерген мәселелеріне сәйкес келсе де, осы жұмыстарды орындауда жергілікті басшылық тарапынан қолдау көре алмай отырмыз. Мысалға, Ақмола облысының Аршалы ауданында біздің инфрақұрылымдық жобамыз бойынша жобалық-сметалық құжаттарға 9 ай бұрын байқау жарияланса да, әлі күнге дейін оны қаржыландыру мәселесі шешілмей келеді. Бұл жерде бар-жоғы бөлінетін 35 миллион теңге туралы әңгіме болып отыр. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінде тұрғын үй құрылысына арналған модульдік зауыттарды 51 Қазақстан-Қытай инвестициялық жобасына кіргізу мәселесі жыл бойына шешілмей келеді. Барлығы да бұл жобаны қолдайтын сияқты, бірақ іске келгенде нәтиже жоқ.
Қазіргі кезде шетелдерде тұратын этностық қазақтардың тілі мен ділін, ұлттық нышаны мен мәдениетін жоғалту қаупі бар екені белгілі. 2018 жылдың желтоқсанында Омбы қаласында ДҚҚ «Отандастар» қорымен бірлесе отырып Ресейде тұратын қазақтардың кіші құрылтайын өткізді. Форумға қатысушылар қазақ тілі мен мәдениетінің, әсіресе жастар арасында сақталуына алаңдаушылық білдіретінін айтты және Қазақстан жағына осы мәселені бірлесе қолға алуды ұсынды. Біз Ресейдегі қазақтардың тілі мен ділінің сақталуына көмек ретінде жаңа жоба жасау туралы шешім қабылдадық. Бұл мәселе терең талданып жүйелі жұмыс жасауды қажет етеді. Шетелдердегі қазақтар шоғырланған жерлерде қазақтың мәдени-іскерлік орталықтарын құру жұмыстарын қолға алуымыз керек. Қазақ мектептерінің бірқатар елдерде жабылуына байланысты біз, өз елімізде шетелдерде тұратын қазақтарға тіл үйрететін білім орталықтарын дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыс, әсіресе жас буынды оқытуға бағытталуы тиіс. Бұл тұрғысында қазақ диаспораларының балаларын ана тіліне оқытуға еліміздің интеллектуалды мектептері мен жоғары оқу орындарының зор мүмкіндігі бар. Осыған орай біз жазғы демалыс кезінде осы жылдан бастап шет елдерден келетін 4000 балаға арналған қазақ тілін, тарихын, дәстүрін үйрететін жазғы лагерьлерін ұйымдастыруды қолға алдық. Жыл сайын «Балдәурен» лагерінде қазақ диаспораларының 150 баласы демалысын өткізіп жүр. Осы жерде шетелдерде қазақ тілін оқытатын мұғалімдерді даярлау, не болмаса, қазақ тілі мамандығына даярлау мүмкіндіктерін қарастыру керек. Диаспора балалары арасында тіл мен мәдениетті үйрету үшін жаңа әдістемеліктер қажет. Балалардың жасына сай қазақ тілін үйрететін интерактивтік әдістемеліктерді жетілдіру керек. Мысалға, біз «Қастерлі қалам» жобасын ұсындық. Бұл интерактивтік қызығушылық тудыратын формада әріптерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді үйретеді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі ертегілер мен өлеңдерді тыңдауға мүмкіндік береді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып, Қытайдағы және Ресейдегі қазақ диаспораларының өтініші бойынша қазақ халқының салт-дәстүрі мен атақты тарихи тұлғалары туралы арнаулы роликтерді шығара бастадық. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шетелдерде тұратын танымал қазақтар туралы «Алыстағы ағайын» циклді фильмдер топтамасын түсіру жұмыстары басталды.
2018-2022 жылдарға арналған шетелдердегі этностық қазақтарды қолдау шаралары туралы Қазақстан Үкіметі бекіткен қаулысына (18.05.2018) сәйкес, сонымен қатар шетелде тұратын қазақ диаспораларының өтініші бойынша қазақ мәдени орталықтарын ұлттық киім, музыка аспаптарымен, ұлттық нақыштағы бұйымдармен, қолөнер туындыларымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай ДҚҚ «Отандастар» қорымен бірлесе отырып «Дәстүрлі қоржын» атты жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба бойынша шетелдердегі қазақ мәдени орталықтары мен бірлестіктері ұлттық киім, музыка аспаптары және ұлттық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Жоғарыдағы аталған жобалар мен бастамалар Елбасының алға қойған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өзінің қомақты үлесін қосып, әлем қоғамдастығының алдында қазақ ұлтының бірлігін көрсетеді, мемлекетіміздің шетелдерде тұратын қазақ диаспораларына жасап отырған қолдауы мен қамқорлығын айқындайды деп есептеймін.
Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары
51,4 мыңға жуық адам әлеуметтік төлем алды
Қоғам • Кеше
Футболдан Қазақстан чемпионаты: «Ақтөбе» топ жарды
Футбол • Кеше
Елордада екі автобустың бағыты уақытша өзгереді
Елорда • Кеше
Ирандағы жер сілкінісінен бес адам көз жұмды
Әлем • Кеше
Алматыдағы Сайран көлі құрғатылады
Экология • Кеше
Алматыдағы «Алтын-Орда» базары маңында дәмхана өртенді
Аймақтар • Кеше
Бүгін Қазақстан әскери-әуе күштерінің құрылған күні
Қазақстан • Кеше
Мүлік иелері бірлестігіне көшудің механизмі түсіндірілді
Қазақстан • Кеше
Қазақстан-Люксембург дипломатиялық қатынасына 30 жыл толды
Қазақстан • Кеше
Жетісу өңірінен шыққан қос тұлғаға ескерткіш орнатылды
Аймақтар • Кеше
Президент Алматы әкімін қабылдады
Президент • Кеше
Қазақстанның дипломатиялық қызметіне – 30 жыл
Қазақстан • Кеше
«Қазфосфат» кәсіпорында 2 жұмысшы мерт болды
Қоғам • Кеше
Алматы мен Ақтөбеде ауа сапасы нашарлайды
Ауа райы • Кеше
Иранда 6 балдық жер сілкінісі болды
Әлем • Кеше
Өткен тәулікте 187 адам індет жұқтырды
Коронавирус • Кеше
Бүгін ақын Мұхтар Шаханов 80 жасқа толды
Қазақстан • Кеше
Елордада субұрқақтан энтеровирус анықталды
Елорда • 01 Шілде, 2022
Мақтаарал тұрғыны ауласынан адам сүйегін тауып алды
Оқиға • 01 Шілде, 2022
2500-ден астам домбырашы қазақтың танымал күйлерін бір мезетте орындады
Өнер • 01 Шілде, 2022
Өскеменде 4,3 млн теңге жымқырған есепші ұсталды
Оқиға • 01 Шілде, 2022
Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы жаңа форматта өтті
Үкімет • 01 Шілде, 2022
Қарағандыда ғарыш мониторингі базада тіркелмеген 11 мың жер учаскесін тапты
Аймақтар • 01 Шілде, 2022
Бірнеше өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • 01 Шілде, 2022
Түркияда Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойы атап өтілді
Әлем • 01 Шілде, 2022
Мемлекеттік баға реттеу мәселелері туралы заңға өзгерістер енгізілді
Президент • 01 Шілде, 2022
Президент қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл туралы заңға қол қойды
Президент • 01 Шілде, 2022
Биыл Шымкентте 51 үй пайдалануға беріледі
Аймақтар • 01 Шілде, 2022
Мәдениет министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүріп жатыр
ANTIKOR • 01 Шілде, 2022
Ақсу электр станциясында жұмысшы қаза тапты
Оқиға • 01 Шілде, 2022
Қоғам • 01 Шілде, 2022
Ұқсас жаңалықтар