Киносценарий М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған белгілі жазушы, драматург Д.Исабековтің «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылған. «Балуан Шолақ» – бұған дейін деректі фильмдер циклін түсіріп келген режиссер Н.Садығұловтың толықметражды көркем фильм жанрындағы алғашқы тәжірибесі. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
– Бұл – Балуан Шолақ туралы тұңғыш фильм. Сондықтан балуан атамыздың бейнесін барынша шынайы көрсетуге тырыстық. 1998 жылдан бастап деректі фильмдер түсіріп келемін. Сол кездерден бері Балуан Шолақтың өміріне ерекше қызықтым. Сценарий авторы – Дулат Исабеков ағамыз. Осындай белгілі тұлғалар туралы халық көбірек білуі тиіс, – дейді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.
Әйгілі тұлғаның әндері, оған қатысты өмірбаяндық деректері толық жиналып болмағаны белгілі. Сол сияқты әлі күнге дейін оның суреті де табылған жоқ. Бұл ретте фильм авторлары Балуан Шолақ бейнесін суреттеуде тарихи деректерді, оған қоса өмірінің елеулі кезең-белестерін əрдайым өз əндеріне қосып отырған өлеңдерін негізге алған.
– Балуан Шолаққа қатысты бір де бір фотоқұжат сақталмаған. Фильмнің әзірлік жұмыстары кезінде Алматы, Павлодар қалаларындағы музейлер мен архивтерді қарастырдық. Туыстары Қайролла, Шайдолла Шолақовтармен кезігіп, кейбір тың деректерді жазып алдық. Одан соң балуанның авторлық әндеріне көбірек мән бердік. Ал Ресей архивтеріне баруға мүмкіндік болмады, оған арнайы комиссия құрылуы тиіс. Қазір бізде бары – Әбілхан Қастеевтің «Балуан Шолақ» портреті. Балуанның немересі «міне, мынау атама ұқсайды» дегенше суретші 500-ден астам эскиз салып шыққан, деген режиссер тұлғаның экрандық бейнесін жасауда қолда бар тарихи деректерге жүгінгенін айтады.
2016 жылы желтоқсан айында басталған фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Павлодар қаласы және Бурабайда өткен. Көпшілік сахналарға 500-ге жуық адам қатысқан. Режиссердің айтуынша, фильмде компьютерлік графика көп қолданылған.
Бас кейіпкерді классика мен заманауи драматургияда негізгі сахналық рөлдерді сомдап жүрген, көпке танымал талантты актер Еркебұлан Дайыров сомдаған. Оның айтуынша, фильмде Балуан Шолақтың әнші-сазгерлігінен бөлек күрескерлігін, әділетке адалдығын көрсетуге ден қойылған.
– Бұл шығармамен 2010 жылдан бері таныспын. Дулат Исабековтің «Жаужүрек» қойылымы (реж. Е.Обаев) М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында сахналанып келеді. Пьесаны алғаш қолыма алған кезде осы қойылымға кино түсірілсе екен деген ой болды. Араға жеті жыл салып, фильмде басты рөлді ойнап шықтым. Кейіпкер маған өте таныс, жатық образ, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Еркебұлан Дайыров.
«Шолақтың әндері осы кезде радиодан, концерт сахналарынан, кеңес композиторлары туындылары ішінен үнемі естіліп отырады. Әнші, балуан жайлы белгілі жазушымыз Сәбит Мұқанов повесть жазды. Әлі де Шолақ туралы көркем туындылар жарыққа шығады. Өйткені оның өмірі мен шығармашылық істері өнегелі», деп Ахмет Жұбанов жазғандай, тарихи тұлғалардың тағдыры мен олар өмір сүрген дәуірдің көркемдік бейнесін ұсынар тарихи-биографиялық фильмдер қатары жаңа бір картинамен толығып отыр. Фильмнің ресми тұсаукесері 2019 жылдың 11 сәуір күні елорда төрінде өтеді.