Сәуірдің 8-14-і аралығында өтетін апталық барысында Түркия мемлекетінен келген хирург, уролог, офтальмолог, пластикалық хирург, акушер-гинеколог, балалар хирургі, анестезиолог-реаниматолог, ЛОР мамандары Түркістан облысындағы науқастарды қабылдап, қажет болған жағдайда тегін оталар жасайды. Шетелден келген кәсіби мамандар Tүpкicтaн қалалық балалар ауруханасы мен №3 облыстық перинатальдық орталықта және Түркістан қаласындағы клиника-диагностикалық орталығында қабылдау жүргізеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті, профессор Болатбек Абдрасилов, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев апталықтың маңызы мен мақсатына түсініктеме берді. «Қазақстан – Түркия үшін қашан да бауырлас, жақын ел. Ал Түркістанды күллі түркиялықтар Атажұрт деп біледі. Сондықтан осында бүйрегіміз бұрып тұрады. Бастау алған «Түркия – Қазақстан денсаулық аптасы» осы өңірдегі тұрғындарға арналып отыр. Түркиядағы ең үздік дәрігерлер бұл аптада науқастарды қабылдап, тегін ем жасайды. Сараптамаға байланысты ақысыз ота да жасалынатын болады. Алдағы уақытта бұл апталықты ұлғайтып, 1 ай көлемінде жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді Түркия елінен келген Еуропа бiрлестiгi және сыртқы icтep бойынша «Түркия-Қазақстан денсаулық апталығының» жауапты топ жетекшiсi Ариф Четин.
Сондай-ақ, брифингте университеттің медицина факультетінің клиникалық базасында Түркістан облысының дәрігерлеріне «Радиология», «Шұғыл көмек және ТРИАЖ жүйесі» бойынша семинар-тренинг, тәжірибе алмасу сабақтары өтіп, сертификаттар табысталатыны мәлім етілді.