Саясат • 10 Сәуір, 2019

Тарихи маңызды қадам

1126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда бүкілхалықтық президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Бұл шынында да өте маңызды саяси, әлеуметтік, тарихи маңызы бар қажетті іс деп ойлаймыз.

Тарихи маңызды қадам

Себебі әр нәрсеге айқындық керек. Мемлекетте билік алмасқан кезде уақытша басқару да тарихи қажеттіліктен туған. Ал енді бүкілхалықтық заңды сайлау өткізудің, заңды президент сайлап алудың дәл осы жерде тарихи мәні бар. Біздің Қазақстан осы жылдар ішінде экономика, саяси, мәдени, өркениет жағынан үлкен жетістіктерге жеткен болса, оны әрі қарай дамыту, белгіленген межелерге жеткізу де алда тұрған міндет. Соған егемен еліміздің дамуын ұштастырып әрі қарай үлкен биіктерге қол жеткізуге көзделген мақсат-мұраттар бар. Осы орайда сайлау үлкен рөл атқаратынын, Қазақстан ішкі тұрақтылығы ар­қылы көршілердің, бүкіл әлемнің таңданысын туғызып отырғанын байқаймыз. Сыртқы саясатта да Қазақстанның беделі жылдан-жылға өсіп келеді. Озық елдермен терезесі тең жағдайға жеттік. 

Бұл сайлаудың демо­кра­­тиялық, әділ, таза өтуіне мен өзім кепіл боламын деген пре­зи­дент сөзі көкейіме қон­ды. Бұл – «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақтың мақалын келтіре оты­рып айтқанда, халықтың жағдайын ойлап отырғаны да көрініп тұр. Ел бірлігі, ын­ты­мағы бұзылмасын деген ой­ларға қосылмайтын адам жоқ. Қаламгерлер – қашанда ха­лықтың, елдің тұтастығын ойлайтын халық. Саяси партия­лардың да таянышы, тірегі – халық. Партиялардың өзі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілікте болғанын қалаймыз, әрине. 

Осы сайлау біздің еліміздегі демо­кра­тияның қандай деңгейде екенін жалпақ әлемге танытады ғой деген ойдамыз. Қалай болғанда да біздің ел, халық, мемлекет өзінің өркениетті жолдағы ел екенін осы сайлауда бір көрсететін болады.


Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы