Конференция қатысушылары мәдениетаралық және аударма зерттеулерін одан әрі дамыту үшін көптілді білім беруде студенттер мен оқытушыларға шетелде үнемі тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру, аталмыш конференцияның жоғары ғылыми деңгейін ескере отырып, болашақта көптілді секциялардың жұмысын жалғастыру мен материалдық базаны жақсартуды ұсынды
Халықаралық ынтымақтастықты қарқынды дамыту үшін Женева университетінің электронды журналына ең үздік баяндамаларды іріктеу қажеттігі айтылды.
Санкт-Петербург Жоғары аудармашылар мектебінің үлгісін басшылыққа ала отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ілеспе аудармашылар даярлайтын Жоғары аударма мектебін құру ұсынылды.
Конференцияда Женева университетінің профессоры А. Аккари: «Мен өзіме жаңа әлемді аштым. Көптілді, көп мәдениетті ортада ешқандай кедергісіз өмір сүріп жатқан халықты көрдім. Қазақстанға екінші рет келдім. Қазақтардың қонақжайлылығы, жастардың бірнеше шет тілінде еркін сөйлей алуы мені таңғалдырды. Бұл керемет елге мен тағы да келгім келеді. Бұдан әрі байланысымыз нығайып, жаңа зерттеулерге жол ашатынымызға сенімдімін», – деді.
QS World Universities Rankings бойынша 85 орындағы Бирмингем университетінің профессоры Маркус Перлман мен 105 орындағы Женева университетінің профессоры А. Аккаридің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен бұдан әрі қарым-қатынасты жақсартуға деген ниеті отандық университетіміз үшін үлкен мәртебе.
Сондай-ақ шетелдік Елшілер мен ҚР Сыртқы істер Министрлігі өкілдерінің қолдау көрсеткен, мұндай конференциялар ел мен елдің, мәдениеттердің арасында көпір салуға септесетініне тағы да көз жеткізілді.