Президент • 10 Сәуір, 2019

Тереңнен тартқан тектілік

864 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың президент сайлауы туралы халқымызға жол­даған Үндеуі адамды сан ойға жетелейді. Әлемдік ахуалдың бұлыңғыр тұ­сында адамзаттың айдынына тәуекелдің жел­қайығымен шыққан қазақ елінің осы шешімді ертерек жасағаны дұрыс болды.

Тереңнен  тартқан  тектілік
Жалпы, біздің халық қа­шан­нан біртұтас. Бала  кезі­мізде сауаты аз болса да, кө­кірегі сара үлкендер батасы­ның соңын «Ел аман, жұрт ты­ныш болсын!» деп қайы­ратын. Елдің амандығы, жұрт­­тың тыныштығы біздің сана­мызға сол абыз кеуде арыс­тарымыздың күмбір үнімен орныққан. Біздің елде ұрпақ ертеңінен басқа тілек те, ой да жоқ.

Әлем тынышсыз... Уақыт­тың жегі желі бірде оңынан, бірде солдан соғып тұрған заман. Ел басына қилы-қилы күн туған кезең аз болмаған. Өр Алтай мен Атыраудың арасын бабаларымыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасатымен қорғағаны анық. Сұңқардың қанаты, тұл­пардың тұяғы талатын ұлан-ғайыр Қазақия бізге де, бізден кейінгілерге де аманат.

Данагөй Есқожа бабамыз:

«Шөбі қурап, аты тозған бел жаман,
Арыстанды Қарабастан соққан жел жаман,
Әділ төрелікке тоқтамай,

Ұрсысып өткен ел жаман!» – деген екен.

Сол секілді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде бұл шешімнің ел келешегі үшін маңызды қа­дам екенін айта отырып, Пре­зи­дент сайлауының әділ өтуіне кепіл болатынын біл­дірді. Маусымның тоғызын­шы жұлдызы – қазақ елінің көш­басшысын таңдап, керуенін жаңа асуларға бұрар күні. Бұл шешімді тереңнен тартқан тек­тіліктің нышаны деп білейік, ағайын!

Ел аман, жұрт тыныш болсын!


Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы