Руханият • 10 Сәуір, 2019

Періште көңілдің перизат өрнектері

2570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Періште көңілден өріліп шыққан перизат өрнектер тау бұлағындай тұнық. Бала жүректе бұлқынған аппақ сезім өмірді де өз ішкі әлеміндей тап-таза, мөп-мөлдір қалпында қабылдағысы келеді. Алмағайып дүниеге алғаусыз, риясыз пейілмен қарауға шақырады. 11 жастағы Аянат Халел салған сүйкімді суреттерге сүйсініп қарайсыз. Қаршадайынан қылқаламды серік еткен талапты қыздың талантына тамсанып, қадамына құт тілейсіз.

Періште көңілдің перизат өрнектері

Күнделікті өмірде біз жиі көріп жүрсек те, сыры мен сымбатына зер салып жанымызбен үңіле бермейтін әр сәт­тің әдемі көрінісі Аянат­тың бала қиялына қанат бітіргендей. Баябан даланы мыңбояуға шомылдырған әсем гүлдер, жазғы жазира, дү­ниеге жан бітірген шұғы­лалы көктем, сылдырап аққан тау өзені, буырқанған асау те­ңіз оның кенебінде қаз-қал­пында көз алдыңа келеді. Не­бәрі 5-сыныпта оқитын Аянат бұған дейін бірнеше республикалық байқаудың же­ңімпазы атанды. Былтыр ЮНЕСКО шеңберінде ұйым­дас­тырылған балдырған сурет­шілер фестивалінде де ерек­ше көзге түсіпті. Алма­ты­да оның әртүрлі жанрда орын­далған қырықтан ас­там шы­ғармасын қамтыған же­ке көрмесі ашылды. Үлкен ар­манға қол созған кішкентай сурет­шінің идеясының кең­дігі, тақырыптарының терең­дігі көңіл қуантады.

– Аянаттың жұмыстарына қарап өз қатарластарының ара­сында деңгейі бар, бола­шағынан мол үміт күтуге бола­тын суретші деп айта аламыз. Кар­тиналарынан өмірге, қоршаған ортаға деген балаға тән көзқарас, құштарлық пен мейірім шуағы еседі. Гүлдер, табиғат, теңіз, құстар, қала тынысы оған ерекше әсер еткен. Түс таңдауы, композициялық ше­шімдері бала жүректен өріл­ген. Кейде белгілі заң­ды­лық­тарға бағынып немесе ойлардың құрсауында қал­ғанына байланысты бала­лардың ойын, алған түстерін кәсіби суретшілер ала алмай жататын жағдайлар да болады. Баланың қасиеті – еркін, бүкпесіз, таза күйде бейнелей алуында, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шаттық Батан.

Балғын суретшіні мектеп табалдырығын аттаған сәт­тен сиқырлы өнердің сыры­на бау­лып жүрген ұстазы Раушан Нәбиқызы өрімдей қыздың дегдар салаға деген іңкәрлігі туралы ойын былайша жеткізді: «Аянаттың көзінде от бар. Ол өмірге ерек­­ше құштарлықпен, махаб­батпен қарайды. Се­зімтал. Салған картиналарында те­ңіз бен аспанды, тау мен даланы тұтас құшағына сый­дырғысы келеді. Өзінің «Күн мен түн» деп аталған шы­ғар­­масында ақ пен қараны, өмір­дің көлеңкесі мен шуағын қа­тар қойып салыстыра бей­нелейді. Суретшіні шыңға шығаратын еңбек пен ізденіс. Бұл қасиеттер кішкентай шә­кір­тімді қатарластарынан дара­лап тұрады».

Аянаттың «Мыңбояулы тіршілік» деп аталған жеке көрмесіне барып онымен әңгі­мелесудің сәті түсті. Төрт жа­­­сы­нан сурет сала бастағ­ан ол өз картиналарында қоңыр түс­ті көбірек пайдалана­ты­нын, бо­лашақта Айша Ғалым­баева апасы сияқты әйгілі қыл­қалам шебері болуды армандайтынын айтады. 

Періште көңілдің перизат өрнектеріне үңіліп, болашақ парасатты суретшінің қолтаң­басын көргендей марқайып қайттық. 

АЛМАТЫ