Қоғам • 10 Сәуір, 2019

Қаламгерлер мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткенін қолдайды

1025 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 маусым бүкілхалықтық президенттік сайлау өткізу туралы мәлімдемесі мемлекет үшін саяси-әлеуметтік маңызды қадам деп баға берген зиялы қауым өкілдері Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында бас қосып, ел тарихындағы елеулі оқиғадан қаламгерлер қауымы да қалыс қалмайтынын жеткізді.

Қаламгерлер мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткенін қолдайды

Мемлекет тізгінін ұстайтын басшы ең алдымен халыққа адал қызмет ететін болса, елдегі демократиялық үрдістерді тереңдете түссе, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамаларын жүйелі түрде жалғастырып әкетсе деген қаламгерлер ең бастысы ана тілімізбен салт-дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу басты мұрат екенін тілге тиек етті.      

«Қазақстан осы жылдар ішінде  экономика, саясат мәдениет секілді сан салада үлкен жетістіктерге жеткен болса, оны әрі қарай дамыту, белгіленген межелерге жеткізу де алда тұрған ауқымды міндет. Бүкілхалықтық заңды сайлау өткізудің, заңды президент сайлап алудың  дәл осы жерде тарихи мәні бар. Осы сайлау еліміздегі демократияның қандай деңгейде екенін  жалпақ әлемге танытуы керек. Бұл жағдайларға әдебиетіміздің айналасында жүрген азаматтарымыз ат үсті қарай алмайды. Оларда өзіндік үнін қосып,  атсалысуы тиіс», – деген Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, қаламгерлерді ұлт руханиятының қаймағы ретінде бұл мәселеден тыс қалмауға шақырды. Таңдаулы кезең алдындағы тарихи сәтті ой талқысына салған басқосуда Марал Ысқақбай, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Нұрдәулет Ақыш, Әмина Құрманғалиқызы, Любовь Шашкова, Сайлаубай Толыбаев, Бауыржан Жақып, Мереке Құлкенов, Маралтай Райымбек, Ақберен Елгезек сынды ақын-жазушылар мен тағы басқа да қабырғалы қаламгерлер сөз алып, өз пікірлерін ортаға салды.     

– Біз сияқты жазушылар қауымының көзқарасымен алсақ қандай адамның президент болғаны дұрыс. Ел басқаратын жан зиялы, мәдениетті болса, ұлтының салт-дәстүрін, тілін, мемлекетін сыйласа, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қоятын болса, шын мәнінде білімді адам болса міне нағыз ел тұтқасын ұстауға лайық жан деп білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты өз орнына тағайындағанда оның осы талаптар үдесінен шыға алатын қайраткер екенін айтқан болатын. Осыны ескере келе және өзіндік салмағы бар сарабдал саясаткер ретінде Тоқаевты осы орынға лайық деп есептеуге болады.  Ол кісінің айтқан екі сөзі көңіліме қонды. Алғашқысы Түркістанға барған сапарында: «Әділет жоқ жерде, мемлекет дамымайды» дегені, ал екіншісі, бірер күн бұрын мерзімінен тыс өтетін президент сайлауы туралы мәлімдегенінде:  «Мен сайлаудың әділ, таза, заңға сай өтуіне кепілдік беремін» деп айтқаны. Бұл нағыз азаматтық ұстаным деп баға беруімізге болады, – дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеев.         

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Мемлекет басына келген жаңа Президент, Елбасымыздың болашағымызды бағдарлай отырып, ұлттық болмысымызды сақтауға бағытталған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының заңды жалғасын тауып, ары қарай өрістеуіне күш салса дейді. Жазушының пікірінше, ұлт мұратына негізделген игі мақсаттар жүйелі түрде жүзеге асар болса тәуелсіздігімізді нығайтатын берік тұтқамыз беки түспек.     

Бастысы дүйім жұртты елеңдетіп отырған  тағдыршешті таңдау жақсылықтарға жол ашып, халқымыз көлденең кесапаттан аман болса игі. Осылай деген қаламгерлер алдағы күндері ұлт руханиятының қара шаңырағы саналатын Қазақстан Жазушылар Одағының атынан арнайы қарар қабылдап, басылым беттеріне жариялайтындарын айтып тарқасты.