Сындарлы сынақ ішкі істер және қаржы полициясы органдарында өтпек
Сенбі, 5 мамыр 2012 7:36
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы» Жарлығына сай келелі сынақтан өту дайындығы барлық құқық қорғау органдарын қамтып отыр. Солардың ішінде атқаратын жұмыс ауқымы мен сан және сапа жағынан өзгелерінен оқ бойы бұрын көрінетін ішкі істер органдары бойынша 71 мыңнан астам қызметкер аттестаттауға қатыспақ. Бұл аз сан емес. Дегенмен, жасыратыны жоқ, бұлардың арасында «бір қарын майды шірітіп жатқан бір емес, талай құмалақтардың» бар екені белгілі. Сондықтан, ондайларды тауып, жүйеден аластату да оңай шаруа емес. Осы орайда аттестаттау жүргізу бұл мәселені түпкілікті шешудегі ең бір оңтайлы амал болып отыр.
Сенбі, 5 мамыр 2012 7:36
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы» Жарлығына сай келелі сынақтан өту дайындығы барлық құқық қорғау органдарын қамтып отыр. Солардың ішінде атқаратын жұмыс ауқымы мен сан және сапа жағынан өзгелерінен оқ бойы бұрын көрінетін ішкі істер органдары бойынша 71 мыңнан астам қызметкер аттестаттауға қатыспақ. Бұл аз сан емес. Дегенмен, жасыратыны жоқ, бұлардың арасында «бір қарын майды шірітіп жатқан бір емес, талай құмалақтардың» бар екені белгілі. Сондықтан, ондайларды тауып, жүйеден аластату да оңай шаруа емес. Осы орайда аттестаттау жүргізу бұл мәселені түпкілікті шешудегі ең бір оңтайлы амал болып отыр.
Бүгінде еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің нормалары мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін нормалардың арасындағы қарама-қайшылықтарды, олқылықтарды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл заң бұзушылықтармен күрес жүргізетін құқық қорғау органдарына жауапты міндет жүктейді. Олардың заңға сай істері де тәртіпке түсуі тиіс. Демек, заңнамаға сәйкес еңбек өтіліне және атқарып отырған лауазымдарына қарамастан ішкі істер органдарының барлық қызметкері кезектен тыс аттестаттауға жатады. Елбасы жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясы сүзгісінен ішкі істер органдарының 173 басшысы өтпек. Олар қолданыстағы заңдарды бес саусақтай білуге тиіс және дене шынықтыру, атыс қаруын меңгеру дайындықтары қаралып, психологиялық тестілеуге түседі. Аттестаттау 14 мамырдан басталады. Сөйтіп, алғашқы топтың сынағы 9 маусымда аяқталады. Бұл аттестаттаудан қандай нәтиже шығады, соған байланысты әрі қарайғы төменгі буындардағы іс барысы жалғасын таппақ. Егер жоғары басшылықта отырғандардың арасындағы жұрт білетін лауазымына сәйкес емес оқалы киімді шенділер орынтағынан айырылатын болса, аттестаттаудың мәні кірмек. Сондықтан, «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, бәрі таз қалпында қалмаса екен дейміз. Сынаққа екі рет келмеген қызметкер ішкі істер органынан шеттетіледі.
Сол сияқты Президент Жарлығына сәйкес қаржы полициясы органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізуге де қызу дайындық жүргізілуде. Мұнда аттестаттаудан өтетін қызметкердің жұмысы, еңбек өтілі мен тәжірибесіне сәйкес қойылған міндеттерді атқаруға қатысу деңгейі және жұмысының күрделілігі, нәтижесі мен тиімділігі ескеріле отырып лауазым талаптарына қаншалықты сәйкес келетіндігі сараланып, адамгершілік тұлғасын сипаттайтын кәсіби және жеке қасиеттері бағаланады.
Аттестаттауды өткізудің басты мақсаты қаржы полициясы органдарының кадрлық құрамын қоғамның талаптарына сай өзінің қызметтік міндеттерін тиімді атқара алатын қызметкерлермен қалыптастыру болып отыр. Аттестаттауды өткізу кезінде шынайылық, заңдылық, ашықтық қағидаларын қатаң ұстануға және тамыр-таныстық пен біржақтылыққа жол бермеуге баса назар аударылады.
Мұнда аттестаттау бірнеше кезеңде жүзеге асырылатын болды. Әуелі оны өткізуге дайындық, сосын қызметкерлердің ел заңдарын білуін және логикалық ойлау қабілетін анықтау үшін компьютерлік тестілеу болып, дене шынықтыру, әскери және қызметтік дайындық бойынша бекітілген нормативтерді тапсыру мен психологиялық тұрақтылықты анықтау үшін әңгімелесу өтеді.
Жалпы аттестаттауға қаржы полициясының 3194 қызметкері жатады. Оның ішінде: Жоғары аттестаттау комиссиясына – 73 қызметкер, олардың қатарына Төрағаның бірінші орынбасары, Төрағаның орынбасарлары, агенттік аппаратының басшысы, орталық аппараттың департамент бастықтары, облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы қаржы полициясы департаменттерінің бастықтары мен олардың орынбасарлары, Қаржы полициясы академиясының бастығы бар. Орталық аттестаттау комиссиясына 479 қызметкер кіреді. Олар орталық аппарат қызметкерлері, тағайындауы мен жұмыстан босатуы агенттік номенклатурасына енетін қаржы полициясының аумақтық органдарының қызметкерлері. Ал аумақтық аттестаттау комиссияларынан 2610 қызметкері өтеді.
Аттестаттауды өткізу кезінде ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз ету және заң бұзушылық деректерінің алдын алу мақсатында комиссиялар жұмыстарына азаматтық қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары мен ардагерлер ұйымдарының өкілдерін қатыстыру жоспарланып отыр. Жоғары аттестаттау комиссиясында өтетін қаржы полициясы қызметкерлерінің заңнаманы білуін тексеруге арналған тестілеу Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте 5 нормативтік-құқықтық акт бойынша жүргізіледі. Оған Конституция, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Қаржы полициясы органдары туралы» заңдар кіреді.
Қаржы полициясы органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу барысын көрсету мен оның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Агенттіктің www.finpol.kz ресми веб-сайтында «құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау» атты айдар ашылды. Бұл айдарға келіп түсетін өтініштер Қаржы полициясы агенттігіне және Президент Әкімшілігіне жолданады. Арыз иесінің аты-жөні жарияланбайды. Әрбір келіп түскен ақпарат тексеріледі және аттестаттық комиссиялардың жұмысында ескерілетін болады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
“Егемен Қазақстан”