Президент • 11 Сәуір, 2019

Батысқазақстандық ассамблея өкілдері тұрақтылықты қолдайды

983 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Достық» үйі ғимаратында өңірдегі этно-мәдени орталықтар басшылары бас қосып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі үндеуіне қолдау білдірді.

Батысқазақстандық ассамблея өкілдері тұрақтылықты қолдайды

Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы активі жиналысы «Қазақстан Республикасының президентін кезектен тыс сайлау туралы» мәселені талқыға салды.

Жиынға қатысқан актив мүшелері, этномәдени орталықтар, саяси партиялар өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, ЖОО оқытушылары, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, Қоғамдық келісім Кеңесі, Аналар Кеңесі, Ақсақалдар Кеңесі өкілдері кезекпен сөз алып, елімізде басталғалы тұрған саяси науқан туралы өз ойларын білдірді.

- Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ықыласпен тыңдадық. Әрине, еліміз демократиялы, егеменді мемлекет болғандықтан, Елбасын заң жолымен халық сайлауы тиіс. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалып отырған кезектен тыс Президент сайлауының басты мақсаты осындай. Көпұлтты мемлекетіміз үшін өте маңызды саяси науқан алдында басымызды қосып, пікір алмасқанымыз жөн, - деді Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.

Дөңгелек үстелде өзге де ұйымдар өкілдері өз пікірін ортаға салды. Қоғамдық келісім Кеңесінің мүшесі, «БҚО автобус паркі» ЖШС директоры Нұрлыбек Бірманов республикадағы қоғамдық-саяси ахуалды талдай келіп, кезектен тыс сайлау өткізу – уақыт пен кезең талабы деген тұжырымын айтты. Осы орайда әріптестерін азаматтық белсенді әрекетке шақырған Нұрлыбек Шайдоллаұлы ел болашағының тұрақты болуы – саналы азаматтардың сапалы әрекетіне тікелей байланысты болатынына назар аударды. Сондықтан еліміз үшін аса маңызды саяси науқанда селқостық танытуға болмайды.

Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар Кеңесінің мүшесі Алтынай Есқалиева Қазақстандағы дәстүрлі тұрақтылықтың сақталуы – оның басшысына тікелей байланысты болатынын айтты. «Біз болашақ Президент сайлауына белсенді қатысуға әзірміз» дейді «Ақ отау» отбасы орталығының жетекшісі Алтынай Ғалымқызы.

Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі Даниял Танзенов, «ЛАМЕД» еврей қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Феликс Баюканский, «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов, журналистика саласының ардагері Сергей Кульпин, тағы басқалары да алдағы сайлаудың еліміз үшін аса маңызды белес болатынын айтты.

- Бұл сайлау бәсекелі, демократиялық ұстанымдарға сай болуы тиістігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты айтты. «Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!» деп мәлімдеген Президенттің сөзіне күмәнданудың қажеті жоқ. Бүгінде әлемдегі ахуал аумалы-төкпелі болып тұр. Сондықтан халық сайлаған Елбасы Отанымыздың ұзақмерзімді стратегиялық, тактикалық жоспарларын жүзеге асыра алады. Ал осындай жауапты кезеңде барлық қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар өз үміткерін ұсынып, жаппай сайлауға қатысады деп ойлаймын, дейді «Мемлекеттік ұйымдар, банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағы» Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Айгүл Есекенова.

«Тұрақтылы пен татулық – Қазақстан үшін қалыпты жағдайға айналды. Бірақ бұл құндылық оңай келген жоқ. Еліміздің қазіргі жетістігіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінен бастап барша қазақстандықтардың үлесі бар. Бұл баға жетпес байлығымызды қорғауымыз керек, көздің қарашығындай сақтауымыз керек» - Жиын соңында Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы активі бірауыздан осындай тұжырымға келді.

Дөңгелек үстел мәжілісін қорытындылаған Ғайса Қапақов ассамблеялықтардың Қазақстанда өткізілетін кезектен тыс Президент сайлауына қолдау білдіргеніне ризашылық сезімін білдірді.