Аймақтар • 11 Сәуір, 2019

БҚО-да «Охотзоопром» инспекторы киік мүйізімен ұсталды

1000 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

10 сәуір күні таңғы сағат 07.10. шамасында Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Қалабай қыстағы маңынан тоқтатылған «Нива-Шевроле» автокөлігі салонынан 10 дана киік мүйізі, пышақ, ара, мылтық және оқ табылды.

БҚО-да «Охотзоопром» инспекторы киік мүйізімен ұсталды

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысында 1-30 сәуір аралығында «Киік» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Осы шара аясында Қазталов ауданы Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы және «Охотзоопром» РМҚК инспекторы бар жедел топ түнгі тексеруге шыққан болатын. Қазталов ауданы Бірлік ауылдық округі аумағынан тоқтатылған автокөлікте осы аудан тұрғыны мен «Охотзоопром» РМҚК инспекторы болған.

«Осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) және ҚК-ның 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды» деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қазталов ауданы сотының шешімімен бұрынғы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкері Нұрғазы Садықов «қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған және оған басшылық жасағаны үшін» ұзақ жылға сотталған болатын.