Аймақтар • 11 Сәуір, 2019

Жасанды көлдегі балықтың жаппай қырылу себебі анықталды

1409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының Іле ауданы аумағындағы жасанды көлдің бірінде 2 тоннға жуық балық қырылып қалған. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инфекциясының Алматы облыстық филиалы мамандары дабыл қақты. Оқиға 9 сәуірде «Бірінші май» ауылындағы балық шаруашылығында болған.

Жасанды көлдегі балықтың жаппай қырылу себебі анықталды

Қазір жасанды көлдегі балықтардың жаппай қырылу себебі анықталды. Апатты жағдай ауыл аумағынан өтетін Алматы қаласының кәріз жүйесінен шыққан ақаудан кейін басталған. Жасанды көл маңындағы жайылған лас суды алдымен тұрғындар байқап, тиісті орындарға хабарлаған. Құбырды бұзып-жарған қалдық жерге сіңіп, балық шаруашылығының су қоймасына барып қосылған болуы керек.

- Біз тұрған ауылдың астынан қаладан шығатын барлық қалдық су ағып өтеді екен. Өткен жылдан бері «Бірінші май» ауылы мен Қоянқұс ауылдарының тұсындағы кәріз жүйесін ауыстыру жұмысы жүруде. Аумақты түгел қазып, үлкен құбырлардың бірін алып, бірін көміп жатыр. Осы көмілген құбырлардан қалдық су ағып кеткен болуы керек. Ол жасанды көлге құйылып, онда өсіп жатқан балықтарды улаған. Әкімдіктегілер айналаға зияны жоқ дейді, бірақ жақын маңнан жағымсыз иіс шығады. Әсіресе, қырылған балықтың саудаға шығып кетуінен қауіптенеміз, - дейді «Бірінші май» ауылының тұрғындары.

Аудан аумағындағы балық шаруашылығында болған апатты оқиғаны Іле ауданының әкімдігі растады. Қазіргі кезде жасанды көлдегі балықтардың қырылу себебі нақтыланды. Оқиға орнына барған арнайы комиссия көл суының құрамында мөлшерден тыс амиак қоспасы мен адам зәрінің улы тұнбасын анықтап, ол кәріз жүйесінен шыққан ақау арқылы көлге құйылған деген шешім шығарған.

- Жасанды көлді «Бент» акционерлік қоғамы жалға алып, балық шаруашылығымен айналысуда. Ауданның тиісті сала мамандары оқиға орынына дереу барып, жағдаймен танысты. Тұрғындардың өміріне қауіп төнген жоқ.Уланып қырылған балықтар жойылды. Келтірілген шығын бойынша Алматы қаласының тиісті қызметіне шағым жолданатын болады, - деді бізге жағдайды түсіндірген Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Талғатұлы.

Ал жасанды көлде қырылыған балық түрлерінің саудаға шығып кетуі жайлы ақпарат расталмады. Қазір эколог мамандардың тексеруінен өткен балық өлексесі толықтай жиналып алынды.

- 2 тоннаға жуық балық өлексесін сүзіп, жоюға жібердік. Балық шаруашылығының ұзақ мерзімдегі еңбегі зая болды. Бұл жерде негізінен тұқым шашатын балықтар өсетін еді, түгел қырылды. Енді Алматы қаласының коммунналдық қызметінің үстінен сотқа шағымданамыз, - деді «Бент» серіктестігінің өкілі А. Кузиева.

Мәлім болған дерек бойынша, қала маңындағы жасанды көлдерде ірі көлемде балық түрлері өсіріледі. Оның ішінде «Бент» серіктестігі 278 гектар аумақта балық шаруашлығымен айналысады. Бағымдағы балықтарды Алматы қаласы бойынша тамақ өнеркәсібі саласы тұтынады. Сазан, карп, алабұға сияқты балық түрлеріне жұртшылықтан сұраныс көп түседі екен.