Шетел тәжірибесі ескеріле ме?
Сенбі, 12 мамыр 2012 8:01
Аттестаттау атүсті атқарылса не ұтамыз?
Елбасының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері осы жылдың аяғына дейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді. Ал аттестаттау дүйсенбі күні басталмақ. Онда қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы ғана тексеріліп қоймай, сонымен қатар, адамгершілік қасиеті жағынан атқаратын қызметіне сәйкестігі және сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім қызметкерлерден арылу таразыға тартылмақ.
Сенбі, 12 мамыр 2012 8:01
Аттестаттау атүсті атқарылса не ұтамыз?
Елбасының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері осы жылдың аяғына дейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді. Ал аттестаттау дүйсенбі күні басталмақ. Онда қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы ғана тексеріліп қоймай, сонымен қатар, адамгершілік қасиеті жағынан атқаратын қызметіне сәйкестігі және сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім қызметкерлерден арылу таразыға тартылмақ.
Әзірге таразының қай басы басатыны белгісіз. Осы орайда аттестаттаудан кейін жағдай қандай болмақ және құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау барысында қайта аттестаттаудан өткізуді болдырмайтын, іріктеудің жаңа, жоғары критерийлері бойынша талаптар бола ма, жоқ па деген секілді сауалдар туындайды. Соған байланысты Бас прокуратураның кадр жұмысы департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет аға кеңесшісі Роза Досымбековаға жолығып, бірқатар сұрақтар қойдық.
– Роза Шекербекқызы, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әрбір үш жыл сайын, олардың кәсіби даярлық деңгейін, құқықтық мәдениетін және азаматтармен жұмыс жасай білуін айқындау үшін аттестаттаудан өткізу қарастырылған. Ендеше, кезектен тыс аттестаттаудың қажеттілігі неден туындады?
– Бұл шараны өткізуге әлдеқашан қажеттілік пайда болған еді, сондықтан бұл мемлекеттік дамудың міндеттеріне де әрі қазіргі қоғамның талабына сәйкес келді, яғни көпшіліктің күткені іске асады деп айтуға болады. Құқық қорғау органдарының реформалары көптеген елдерде өткізіліп жатыр. Мысалы, грузиндердің өз полицейлеріне қайта құру қадамын жасағанын көп мемлекеттер қолдап отыр. Қазіргі таңда Грузия сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағынан Еуропа елдерінің ішінде ең жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Барлық реформалаудың ішінде ең нәтижелі болғаны осы қызметкерлерді аттестаттау шарасы, оның қорытындысы бойынша барлық жеке құрамның, тіпті 90 пайызға жуығы қайта жаңартылды.
– Олар жеке құрамды түгел дерлік жаңарту арқылы ғана жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді деп ойлайсыз ба?
– Бұл тұста грузиндер мынаған аса көңіл бөлді: жұмысқа жаңадан қабылданған полицейлер үшін іріктеудің ең басты шарты – арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесін талап еткен жоқ, керісінше, бұларды қажет санамады. Қызметкерлердің психологиялық орнықты болуы және таңдаған ісіне адал қызмет ету талап етілді. Арнайы білімге келсек, оның жүйесін де түбегейлі өзгертті, жеке құрам түгелдей дерлік кезең-кезеңімен қайта даярлаудан өткізілді.
Есептілік жұмыстың басты өлшемі болудан қалды, ендігі жерде полицейлер үшін қылмысты жасырудың немесе арызды тіркемеудің ешқандай пайдасы жоқ. Қағаз түріндегі құжат айналымы барынша азайтылды. Барлық жұмыс электронды жүйемен жүргізіледі, соның ішінде, халыққа қызмет көрсету үшін де қатаң тәртіп орнатылған. Мысалы, автокөлікті кедендік рәсімдеу, оны техникалық қараудан өткізу, құжаттары мен нөмірін бере отырып, есепке қоюдың барлығына 20 минут қана уақытыңыз кетеді.
– Бұлардан басқа қандай іргелі ел құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау арқылы жақсы жетістікке жетті дей аласыз?
– Мәселен, Ресей де құқық қорғау органдарын реформалау жөнінде ауқымды шара өткізді. Онда өткен жылы ІІМ-нің қызметкерлері кезектен тыс аттестаттаудан өту қорытындысы бойынша миллионға жуық бұрынғы милиционерлер жаңа полицей атағына сәйкес деп танылды. Ал 227 мың қызметкер (жеке құрамның 22 пайызы) қайта аттестаттаудан өтпеді. Мәліметтерге сәйкес жұмыстан шығарылғандардың ішінде 143 генерал бар.
– Міне, аттестаттау деп осыны айтуға болады дейсіз ғой. Бізде Грузиядағы секілді емес, ең болмаса Ресейдегі секілді аттестаттау көрініс алар ма екен?
– Әрине, бәрін аттестаттау барысы көрсетеді. Дегенмен, Ресейдегі аттестаттау грузиндерге қарағанда басқаша талаптар бойынша өткізілді. Қызметкерлердің дені жасына және денсаулық жағдайына байланысты босады. Сөйтіп, Ресейдің ішкі істер органдарында тек өздерінің жеке және кәсіби қасиеттері бойынша лайықты адамдардың ғана қызметте қалуына мүмкіндік берілді. Сонымен бір мезгілде жоғары талаптарға сәйкес келмейтін қызметкерлерден де тазартылды.
– Комиссия жұмысына шағымданғандар болды ма?
– Аттестаттау аяқталғаннан кейін Ресей ІІМ-нің кадр департаментіне 1 мыңнан астам шағымдар түскен, тағы да 349 адам өздерін қызметке қайта орналастыру туралы сотқа жүгінген. Соттармен 34 талап қанағаттандырылып, көптеген адамның арызынан бас тартылған. Оны айтасыз, сонымен қатар, аттестаттауға даярлық және оны өткізу кезінде басшылық құрамның және бірінші рет арнайы атақты беруге ұсынылған адамдардың жоғары және орта кәсіби білімдеріне күмән келтіріліп 80 мыңнан астам дипломға тексеру жүргізілген. Қолдан жасау белгілері бар 603 құжат анықталған. Ақыры көптеген қызметкер жұмыстан шығарылған, соның ішінде Ресей ІІМ-нің орталық аппаратының 24 қызметкері бар. Тіпті, 20 қылмыстық іс қозғалып, 1 қызметкер сотталған. Оған қоса, басшылық құрамның 141 үміткеріне арнайы атағын беруден бас тартылған.
– Әрине, құқық қорғау органдарын реформалаудың әлемдік тәжірибесі түрлі тенденцияны көрсетеді, себебі, мақсат пен міндеттер бөлек дейміз. Ал енді біздің елде ол қалай жүргізілмек?
– Қазақстанның өз даму жолы бар, өйткені, қайта аттестаттау барлық құқық қорғау органдарын қамтып отыр, оның алғашқы нәтижесі шамамен осы жылдың екінші жарты жылдығында көрінетін болады. Бұл жерде, өзіңіз айтқандай, аттестаттаудан кейінгі кезеңге ерекше назар аударуымыз қажет, осы кезеңде қайта аттестаттауды өткізуді болдырмайтын, іріктеудің жаңа жоғары критерийлері бойынша құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау кезінде талаптарды күшейту қажет етіледі.
Жарлыққа сәйкес, бағалаудың негізгі өлшемдері – қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті, сондай-ақ, теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының деңгейі болып табылады. Кезектен тыс аттестаттаудан барлығы 4 жарым мыңнан астам прокурорлар өткізіледі. Заңнаманы білу және логикалық ойлау қабілетіне компьютерлік тестілеу арнайы бағдарламаны пайдалану арқылы жүзеге асырылады, бұл бағдарлама бойынша кездейсоқ сандарды іріктеу тәсілімен аттестаттаудан өтетін адамға жауаптардың төрт нұсқасы көрсетілген 100 сұрақ ұсынылады, олардың біреуі дұрыс жауап болып табылады, сонымен бірге ойлау қабілетін анықтауға арналған 19 тапсырма беріледі.
Аттестаттау барысында қызметкерлердің жеке қасиеттеріне ерекше назар аударылады, нақты айтқанда, тіл табыса білу, азаматтармен жұмыс істеу қабілеті, психологиялық орнықтылығы ескеріледі. Қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын қатаң сақтауы, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодекс талаптарын орындауы назарға алынады. Осы мақсатта, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жоғары деңгейде қамтамасыз ете алатын, өз елінің патриоты болып табылатын кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беріліп отырғанын ескеру қажет. Аттестаттауды шынайы түрде жүргізе отырып, атқаратын қызметіне лайықты адамның құқығының бұзылуына нұқсан келтірмей, әрбір қызметкерге талапқа сай қарау басшылыққа алынады.
– Бұл міндеттерді жүзеге асыру кезінде көзбояушылықтар орын алуы мүмкін бе?
– Осы міндеттерді сәтті іске асыру мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қабылданды. Атап айтқанда, тестілеу бағдарламасын жетілдіру, электронды-сандық қол қоюды рұқсатсыз пайдаланудан қорғауға арналған көп сатылы сақтау жүйесі көзделген. Аттестаттаудан өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы жеке құрамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін, Бас прокуратураның www.prokuror.kzресми сайтында «Прокуратура органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау» атты арнайы бөлім де ашылды. Бұл бөлім аттестаттауды өткізу тәртібінің бұзылғаны, сондай-ақ прокурорлардың сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылықтарды жасағаны, қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны туралы деректер бойынша Бас Прокурорға тікелей өтініш беруге арналған. Әрбір өтініш қаралады, қажет жағдайда қызметтік тексеру жүргізіледі, ал өтініштерді қараудың нәтижелері аттестаттау кезінде ескеріледі.
– Кезектен тыс аттестаттау қанша кезеңге бөлініп, қай кезде аяқталмақ?
– Кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі барлық жұмыс үш кезеңде жүргізіледі және осы жылдың соңында аяқталады. Заңға сәйкес, бұл жолы прокуратура қызметкерлері дене шынықтыру және жауынгерлік нормативтерді тапсырмайды. Яғни, республиканың барлық прокурорлары бір мезгілде қайта аттестаттаудан өткізіледі. Демек, бұл шараның маңыздылығын атай отырып, құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру үшін прокуратура органдары Мемлекет басшысының тапсырмаларын дер кезінде және сапалы орындалуын қамтамасыз ету арқылы өздерінің біліктілігі мен кәсіби даярлығын дәлелдейді деп сенім білдіремін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».