Саясат • 11 Сәуір, 2019

Қой шаруашылығын дамыту жайы сын көтермейді – сенатор

1061 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат отырысында Премьер-Министр А.Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында халық қалаулысы Аңсар Мұсаханов Қазақстан Республикасындағы қой шаруашылығын дамытудың және қой еті мен жүнін өндіріп, өңдеу мәселесінің әлі де болса дұрыс жолға қойылмау мәселесін көтерді.

Қой шаруашылығын дамыту жайы сын көтермейді – сенатор

Өз депутаттық сауалында ол «Қой шаруашылығы - мал шаруашылығының басты әрі бірден-бір дәстүрлі жетекші әрі  Отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі болып саналады.

Соңғы уақытта қой еті мен қойдың жүнін экспорттауда біршама ілгерілеушілік болғанымен, қой шаруашылығын дамыту, қой еті мен жүнін өндіру мен өңдеп, іс қылу жайы әлі де сын көтермейтін жағдайда екендігіне Үкіметтің назарын аударғанды жөн санап отырмыз» дейді.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанның Статистика агенттігінің берген мәліметіне сәйкес, елімізде қазір қой саны 16 миллионнан астам. «Соған қарамастан, ең әуелі өзіміздің ішкі рыногымызды да толық қамтамасыз ете алмай және қой өнімдерін экспорттауды дұрыс жолға қоя алмай келе жатқандығымыз алаңдатады. Өйткені, әлі де болса, осы саланы дамытудың ғылыми негізделген жүйесі қалыптаспай отыр» дейді.

Ал, қой шаруашылығын дамытып, оны табысты салаға айналдыру үшін алдымен Қой малының есебін нақтылап, дұрыстап алу қажет екен.

«Елімізде негізінен қазір Қойдың қандай тұқымдары бар, алдағы уақытта қойдың қандай тұқымын өсіруге басымдық берілуі керек? Міне, осыны анықтау үшін таяудағы уақытта қой тұқымы бойынша санақ, яғни, инвентаризация, түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймыз.

Осы жұмыстардың негізінде,  алдағы уақытта Қазақстандағы  қой шаруашылығын дамытудың жаңа әрі осы заманның талабына бейімделген Мемлекеттік бағдарламасын жасау керек деп санаймыз.

Бұл бағдарлама бойынша   қой шаруашылығын  субсидиялаудың тәртібі мен ережесін  қайта қаралуға тиісті. Асыл тұқымды қой өсіруге басымдық бере отырып,  мемлекет тұрғысынан қолдауды қамтамасыз етуді жан-жақты шешуді қарастыратын уақыт келді. Әсіресе, селекциялық жұмыстар жүргізуге, шет елден қой малының  асыл тұқымды аталығын сатып алуға, қойды қолдан ұрықтандыру,  көшпелі қой қырқу және  жүн дайындаудың сервистік пункттерін ашып, олардың жұмыстарын жандандыру істері аса қолдауды қажет етіп отыр.

Қазақстан үшін қой етін экспорттау  дәл қазір маңызды мәселенің бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өндірілетін экологиялық таза етке сұраныс артып келеді және де экспорттау мәселесі де қарастырылып жатқан да көрінеді. Бұл үшін қой өнімдерін экспортқа шығаруды реттеп, қой шаруашылығы өнімдерінің халықаралық стандартына түзету мен толықтырулар енгізу керек деген мамандар пікірімен де санасқан жөн болар.

Қазіргі кезде Кеден  одағына мүше мемлекеттердің рыногына экспортқа ет шығаруды арттыру үшін  қой шаруашылығын интенсивті технологияны пайдалана отырып дамытумен бірге   мал тұқымдарын, соның ішінде қой тұқымын асылдандырып, олардан өндіретін ет пен жүн өнімдерінің сапасын арттыруға көңіл бөлу  қажеттігі туындап отыр.

Кез-келген өндірістік сала сияқты, мал шаруашылығын, тағы да соның ішінде қой шаруашылығын дамыту технологиясы алдыңғы қатардағы ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйенуге тиісті.

Сапалы мал өнімдерін өндірудің әлі де болса ескерілмей жатқан көптеген мәселелері бар. Соның бірі қойдың әр тұқымының биологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін мал өсірілетін аймақтарда дұрыс пайдалану керектігі болып отыр.

Қой шаруашылығын жыл бойы үздіксіз әрі тұрақты өнiм өндiруші табысты салаға айналдыру үшiн  бiрiнен соң бiрi кезек-кезегімен атқарылатын  технологиялық процестер ұйымдастырылып, iске асырылмай келеді.

Ал әзірге Республикамыздың шаруа қожалықтарында қой өнiмдерін өндіру  технологиясы жалпы сақталғанымен, жылдың төрт мезгiлiне сай, тұрақты әрі үдемелi түрде өнiм өндіру жүйесі қалыптаспаған. Қуатты әрі тұрақты өндiрiстiк  жүйе жоқ. Содан келіп, өндірілген ет пен биязы жүннің сапасы халықаралық стандарттарға сай келмей жатады.Әзірге қой еттері тек қана ішкі сұраныстарға ғана жарамды болып тұр.

Алдағы уақытта қой шаруашылығын интенсивті дамыту үшін жаңа технологиялық әдістерді кеңінен пайдалана отырып, бұл саланы да цифрландыруға да көңіл бөлу арқылы  өнімнің өзіндік құны мен  сапасын жақсартуға  айырықша мән беріліп, талап күшейтілуге тиісті. Қой шаруашылығының жұмыс процестерін мамандандыру бүгінгі белестен әлдеқайда жоғары болуға тиісті деп санаймыз.

Қой шаруашылығымен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары етті бағыттағы шет ел қошқарларын пайдаланып, яғни селекция арқылы еті өнімді әрі сапасы жақсы жаңа қой тұқымын  шығаруды жолға қоятын да кез келді.

Қазіргі уақытта етек алып бара жатқан  биязы жүнді қойлар мен қылшықты және ұяң жүнді қой  тұқымдарын бір-бірімен негізсіз будандастыруға қажет болса заңмен де тыйым салу керек.

Қазақстанның қандай да бiр аймағында өсіруге болатын қой  түрлерін ең әуелі Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң және ғылыми-зерттеу ұйымдарының негіздемелеріне сәйкес анықтап алған да жөн.

Қой  бордақылау алаңдарын, қой  сою пункттерін реттеп, оларды шет елге өнім шығаратын реестрге де енгізу қажет деп білеміз.

Қой шаруашылығы өнімдерін өңдейтін мекемелер мен сервистік дайындау орталықтары аралығында тығыз байланыс орнатуды да шешу қажет. Өйткені, ірі жеткізушілердің және қой өнімдерін өндірушілер үшін кепілді сатып алу , қойды қырқу  және жүн дайындаудың бірыңғай жүйелерінің  болмауы, малдың саны мен жай-күйі туралы нақты ақпараттың жоқтығы да  осы саланың ілгері дамуына кері әсерін тигізіп отыр.

Жайылымдардың  жағдайы да жыл сайын нашарлап барады. Кезінде қабылданған «Жайылымдар туралы» заңының нормалары толықтай жүзеге асырылған жоқ. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар көп өңірлерде бекітілмеген. Ауыл маңындағы жайылымдардың тозуы белеғ алып отыр. Сонымен қатар, шалғайдағы жайылымдарды пайдалануды ұйымдастыру мәселесі де толық шешімін таппай отыр. Деградацияға, яғни жарамсыз болып қалған жайылымды жерлерді  қалпына келтіру, жайылым құнарлылығын арттыруға қажетті  шаралар кешенін жасап, оларды жүзеге асыруды қолға алатын кез келді. Ол үшін көде, изен тағы да басқа шөп пен сексеуіл тұқымдарын өндіруді де ғылыми тұрғыдан жандандыру қажет» дейді Сенат депутаты.

Сонымен бірге жеке шаруашылық қожалықтарындағы  қойдың  70 пайызы шағын фермаларда өсіріліп жатқандықтан, олардың өнімділіктері де  төмен екенін айтып өтті. Оның айтуынша, қой шаруашылығы саласының мамандары мен қарапайым еңбек адамдарының  әлеуметтік жағдайларына да тиісті көңіл бөлінбей кеткен.

Ветеринарлық қызметтің шешілмей келе жатқан көптеген мәселесі де бар.  Ауылдық округтер орталығынан ветеринарлық пункттер салу әлі де мардымсыз. Сырғамен, вакциналармен уақтылы қамтамасыз етуде де кемшіліктер орын алған.

«Қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, қой шаруашылығын өнеркәсіптік негізде дамыту және өнім сапасын жақсарту мәселелері ең алдымен мемлекеттік деңгейде тәжірибелі қой өсірушілер мен мамандарының, ғалымдардың қатысуымен талқыланып, арнайы әрі нақтылы міндеттер белгіленгені  жөн болар еді.

Бұл орайда таулы, шөл және шөлейт аймақтарды  қой шаруашылығына тиімді пайдалану үшін жеке шаруашылықтардың аудандық, аймақтық кәсіби бірлестіктерін құрған жөн.

Кәсіби мақсаттары бойынша бірлестірілген шаруашылықтар ондай жағдайда жайылымдық жерлерді де, сол аудан аймағындағы қолда бар қой бордақылау,жүн қырқу, мал тоғыту, мал сою, мал өнімдерін өңдеу комплекстерін де өзара тиімді пайдаланар еді.

Мұндай бірлестіктер болса ғалымдар да өздерінің ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізуге мол мүмкіндік алады. Сондықтан  осындай бірлестіктердің республиканың әртүрлі аймақтарына ыңғайлы модельдерін жасауымыз керек.

Сонымен бірге, қой шаруашылығын интенсивті дамыту үшін жаңа технологиялық әдістерді кеңінен пайдалану үшін, қой шаруашылығы саласының бәсекелестік деңгейіне көтеру үшін ғылыммен бірге өндеу жұмыстары қолма қол жүру керек. Ол үшін зоотехникалық ғылым саласына Үкімет тарапынан ықпал етілуі қажет санаймыз.

Ең алдымен тағы да қазіргі уақытта өндірілетін қой өнімдеріне  бойынша құрылған Республикадағы 4 бірдей палатаны  бір орталыққа,  бір палатаға ғана біріктіру қажет.

Сонымен бірге қой шаруашылығына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, шешу үшін  Республикалық үйлестіру кеңесін құрғанның да артықшылығы болмас еді.

Бұл кеңестің құрамына «Республикалық қой шаруашылығы палатасы», «Ғылыми зерттеу институттары», «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, уәкілетті органдар,  беделді ғалымдар, ірі шаруашылық басшылары мен фермерлерді мүше етіп енгізіп, жылына бір рет жиналыс - форум өткізіп отырса нұр үстіне нұр болар еді.

Елімізде қой шаруашылығы экономикамыздың маңызды саласының бірі екендігін ескере отырып, Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуды әлемдік үлгіге бейімделген тиімді әрі бәсекеге қабілетті боларлықтай жолға қою үшін бұл саланың ұзақ жылдардан бері қордаланып қалған  мәселелері өзінің  оң шешімін табар деген сенімдеміз» деді А.Мұсаханов.