Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар...» дейтін атақты өлеңін жазды. Ұлы ағартушы сол кездің өзінде қазақтың ғылым-білімнен алыс қалмауын тілесе керек. Әрине, бүгінгі замандастарымыз ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ емес.
Қазір сауаттымыз, көзіміз ашық. Ел халқы сауаттылық жағынан әлемде алдыңғы қатарға кіреді. Алайда, ғылым мәселесінде олай болмай тұр. Өйткені отандық ғылымның дамуы, ғылыми жаңалықтардың өндіріске енгізілуі көңілден шығатын деңгейде емес. Отандық ғылымның жетістіктерін жұртқа таныстыруда насихат жетпей жүр ме, әлде біздің ғалымдар бұқара түсіне қоймайтын күрделі салаларда ғана еңбек ете ме, әйтеуір Қазақстан ғалымдарының жаңалықтарын сирек естиміз. Оның үстіне зерттеушілердің табысына қатысты мәселе тағы бар. Соңғы жылдары ғалымдар мемлекеттің ғылыми жобаларды қаржыландыру ісіне көңілдері тола қоймайтынын аңғартқан. Ғалымдардың арасындағы дау-дамай Елбасына дейін жеткен-ді. Зерттеу мақалаларын жаһандық ғылыми қауымдастыққа бейтаныс журналдарда жариялап, ғылыми атақ қорғаған ғалымдарымыз да бар. Масс-медиада мемлекеттен қаржыландырылатын ғылыми жобаларды іріктейтін Ұлттық ғылыми кеңес құрамына қатысты даулы мәселелер де көтерілген еді. Тіпті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы заңды өрескел бұза отырып жасақталғанын да мәлімдегені бар. Бәлкім, осындай «PR-дың» кесірінен шығар отандық ғылым туралы сөз еткен кезде алдымен саладағы жетістіктер емес, дау-дамайға толы жағдайлар бірден тіл ұшына орала береді.
Оның үстіне әлемдік ғылымдағы теңдессіз жаңалықтар жайлы екі күннің бірінде естіп-біліп отырған жұрттың Қазақстандағы ғылым мен оны қаржыландыру туралы ақпаратты естігенде көңілі су сепкендей болатыны тағы бар. Дамыған елдер түгілі ТМД елдерінде де ғылымды қаржыландыру жағынан алдымызды орап кеткен мемлекеттер көп. Ал дамыған елдерде ғылымға жұмсалатын жалпы шығын көлемі әлдеқайда көп. Мәселен, ғылымға айрықша көңіл бөлетін он елдің көшін Израиль мемлекеті бастап тұр. Демек, даму үшін ғылымға айрықша көңіл бөлген дұрыс. Алайда, ауызды мүлдем қу шөппен сүртуден аулақпыз. Біздің ел де ғылымның дамуына мүдделі екенін шама-шарқынша байқатып келеді. Мәселен, 2004 жылы Қазақстан ғылымға 13 млрд 863 млн теңге бөлсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 72 млрд 224 млн теңгеге жетті. Яғни, ғылымға арнаған қаржымыз 5,2 есе өскен. Ал 2018 жылы елде ғылыми жұмыстармен айналысқан 384 мекеме тіркеліп, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысқа тартылған қызметкерлер саны 22378 адамға жетіпті. Олардың ішінде нақты зерттеушілер 17454-ке жетті. Яғни, ғылыми жұмыстарға қатысқан зерттеушілер саны аз емес. Дегенмен, қазіргі көрсеткіш 2014-2015 жылдардағы деңгейге жетпейді. Сол жылдары зерттеу жұмыстарына 18 мыңнан астам зерттеуші қатысты. Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген 2017 жылғы Ғылым туралы ұлттық баяндамада зерттеу жұмыстарына көбіне инженерлік саланың мамандары тартылғаны айтылған. Олардың жалпы саны 5 мың адам екен. Ғылымның бұл бағытына 35 млрд 596 теңге бөлініпті. Одан соң жаратылыстану саласында зерттеу жүргізген мамандар көп. Бұл бағытқа 21 млрд теңгеден астам қаржы бағытталса керек. Бейресми рейтингінің соңында медицина саласы тұр. Мұнда зерттеу жүргізген ғалымдарымыз жалпы көрсеткіштің 6,1 пайызын ғана құраған. 2017 жылы медицина бойынша 327 ғылым кандидаты, 182 ғылым докторы, 47 бейіні бойынша доктор, 31 PhD философия докторы жəне 202 магистр зерттеу жасапты. Бірақ бұл салаға бағытталған қаржы әлеуметтік ғылымдарға бөлінген сомадан молырақ. Медицина ғылымына 2,2 млрд теңге бөлінген. Бірақ елімізде денсаулық сақтау саласына жақсы көңіл бөлінген. Ғылыми зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін бірқатар орталықтар жасақталды. Алайда, салада зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген мамандар аз. Ал инженерлік саладағы зерттеушілердің көп болуын тау-кен және мұнай-газ секторындағы кәсіпорындар техникалық мамандарды көптеп қажет ететініне байланысты болса керек. Әрі ірі корпорациялар ғалымдарға түрлі гранттар қарастырады. Әлбетте өз мүдделері үшін, өздеріне ыңғайлы технология даярлау үшін қаржы қарастырады. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қомақты қаржы жұмсайды. Тіпті, компания біраз жыл бұрын зерттеу жұмыстарына 46 млрд теңге бөлетінін мәлімдеп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Одан бөлек, елімізде табыс тауып жүрген шетелдік трансұлттық корпорациялардың да зерттеушілерге бөлетін азды-көпті қаражаты бар. Демек, қалай болғанда да инженер ғалымдарға нәпақа өзге әріптестеріне қарағанда көбірек жолығады деген сөз.
Трансұлттық корпорация демекші, әлемдегі алпауыт компаниялар да ғылыми гранттарды көп бөледі. Мәселен, Самсунг корпорациясы жыл сайын ғылымға 14 млрд доллар бөледі. Бұл – күллі ТМД елдерінің ғылымға арнаған қаржысынан 6-7 есе көп. Сол ғылыми гранттардың 10 пайызы ғана Кореяда қалатын көрінеді. Өзгесін әлемдегі ғалымдар мен зерттеу орталықтары ұтып алатын болса керек. Ал Aplle, Volkswagen, Intel компаниялары ғылымға жыл сайын 15 млрд долларға дейін қаржы бөледі. Соның нәтижесінде жаңа технологиялар жасап, өндірісті ғана емес, мемлекетті де дамытып жатыр. Міне, мұның өзі заманауи әлемде ғылымның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әрі отандық ғалымдарға шетелдің ғылыми орталықтарымен байланыс орнату қажеттігін аңғартады. Яғни, ғалымдарымыздың да бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Әйтпесе, мемлекеттен қаржы дәметумен ғана күндері өтеді.
Ғылым салаларына бөлінген қаржы көлемін сөз еттік қой, ендеше тәуір қаржы бөлінетін салалардың бірі ауыл шаруашылығы ғылымы екенін атап өткен жөн болар. Бұл салаға 7,9 млрд теңге бөлінген. Әрі нақты өндіріске енгізілу тұрғысынан осы сала ғалымдарының әжептәуір табысы бар. Мал тұқымын асылдандырудан бастап, дәнді дақылдардың жаңа сұрыптарын шығарып жатады. Бұл да көңілге медеу. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ерекше үміт артып отырғанын ескерсек, сала ғалымдарынан күтеріміз мол. Алақандай Нидерланды елі төңірегіне азық-түлік сатып отырғанда, біз неге ұлан-ғайыр даламыздан мол астық жинап, мал өсіріп, өзгеге сатып, қарық болмаса деген ой келеді. Бұл үшін әлбетте ғылымға сүйенгеннен басқа жол жоқ.
Айтпақшы, ғылым дегенде мәселе жаратылыстану немесе техникаға қатысты ғылымдарға ғана барып тірелмесе керек. Әрине, өндірісті дамытуда бұл бағыттардың орны бөлек. Алайда, қоғам үшін әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың да айрықша маңызы бар. Тарихты тану, тілді дамыту, қоғамдық құбылыстарды үнемі назарда ұстау қажет. Өйткені азаматтың аңсары, халықтың көңіл күйі мен сұранысы, арман-мұраты қандай екенін анықтап алу маңызды. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегендей, санасын тұрмыс билеген, мақсаты бөлек азаматтан жақсы ғалым шықпайды. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар кейде ғалымдардың өздерін зерттейтін ғылымға ұқсайды. Адам жанына үңіледі. Тек жүйелі түрде дамыту қажет. Алайда, елімізде былтыр гуманитарлық ғылымдарға 3,7 млрд, әлеуметтік ғылымдарға 1,5 млрд теңге бөлініпті.
Қысқасы, отандық ғылым жайын сөз еткенде қаржыдан бастап, ғалымдардың еңбекақысы, ғылыми жаңалықтардың өндіріске енгізілуі тәрізді сансыз мәселе бар. Біз мәселенің бір жағына ғана үңілдік.