– Сүйімбике халыққа жақсылығы көп өткен, парасатты ғана емес, білімді патша болған. Ханша туралы жыр-дастанға, аңыз-әңгімеге қанығып өстім. Әке-шешем аңыз ғып көп айтатын. Үлкен Ноғай ордасының билеушісі болған Жүсіптің қызы. Әкесі Сүйімбикені Қазан билеушісі Сафагерей ханға ұзатып, Қазан хандығы саясатын жақсылыққа бұрғысы келеді. Ол кезде Мәскеу жағы Қазан хандығын уысында ұстап тұрған болатын. Сүйімбике асқан сұлу еді, Сафагерей бір көріп ғашық болады. Күйеуі соғыста қайтыс болған, Сафагерейден көрген ұлы Өтемісгерей Қазан хандығының мұрагері болып жарияланып, Сүйімбике баласының атынан билік жүргізеді. Мәскеуден қысым көрген орда төңірегінде сатқындық жиілеп тұрған кез. Бытыраған халқының басын біріктіріп, әскерін құрап Қазан қаласын қорғаған соңғы билеушісі болды. Оның ұлтына, халқына деген сүйіспеншілігі әлі күнге дейін ел аузында. Мен де татар халқының бір ұлы ретінде 1997 жылы Сүйімбике портретін салып шықтым.
– Мына қашап жатқан жаңа мүсініңіз де Сүйімбикеге арналыпты.
– Қазір ала таңнан қара кешке дейін айналысып жатқаным осы. Өзіме ұнамай, жаңадан тағы бірнеше нобайын жасап шықтым. Сәулетті, сұлу болу керек. Жұмыс аяқталған соң, тездетіп Татарстанға апармақшымын. Бүкіл татар халқы күтіп отыр. Алматыдағы Тәуелсіздік монументі сияқты, бұйырса, Қазанның қақ ортасына қойылатын азаттық ескерткішіне айналады. Түркі халықтарының ешбірінде Сүйімбикенің ескерткіші жоқ. Кім білсін, қарсылық білдірушілер тағы бел алып кетпесе, Татарстан президенті бар, мемлекеттік комиссиясы бар, қоюға құлшынып отыр.
«Сүйімбике» (1997 жыл)
– Тағы да деуіңізге қарағанда, жоба бұрын да ұсынылған ба?
– 2002 жылы Татарстан президенті Минтимер Шаймиев мүсінді қоя алмаймыз, құзыретім жетпейді деген. Бүгінге дейін Ресей бұл мүсінді Қазанға қоюға мүмкіншілік бермей келген-ді. Иван Грозный басқыншылығынан бұрын 100 жыл емін-еркін өмір сүрген Қазан хандығын тарихта болмағандай көреді. Сыңаржақтылық, мойындағысы келмеу бұрыннан, Кеңес кезінен бар үрдіс. Қазір аздап еркіншілік болып жатқан сияқты. Заман өзгерді ғой, халықта ақпарат көп.
– Тәуелсіздік аясындағы Муллашев әлеміндегі тұтас портреттер галереясының орны айрықша. Осындағы образ табиғатын ашуда қандай негізге сүйендіңіз?
– Бірнеше жыл бұрын елорда маңындағы ежелгі Бозоқ қаласынан қару-жарағымен бірге көмілген әйелдің мүрдесі табылды. Оның үстінде жібек жамылғы, басында дулыға тектес пішінде бас киімі болған. Сегіз жүздей інжу тастармен көмкерілген. Сол жауынгер әйелдің қаңқасын маған көрсетіп, бейнесін салып берсеңіз деп хабарласты. Осыны мен ескі шеберлердің әдісімен салдым. Артында ескі Бозоқ көрініп тұрады. Картина «Бозоқ аруы» (2018 жыл) деп аталды. Ал ең бір толғандырған жұмысым Ғабдолла Тоқайдың портреті (2012 жыл). Картинаға бес жыл бойы кірісе алмай жүрдім. Тоқайдың шығармашылығы жан-жақтылығымен ерекшеленсе, өзінің тағдыры, өмір сүрген дәуірі заманның қиын тұсы еді. Сондықтан ақын, философ Тоқайды ғана емес, қысқа ғұмырында мол мұра қалдырып үлгерген қайраткер тұлғасын көрсетуді мақсат еттім. Тәуекел етіп, жұмысқа кіріскен соң тоқтамай бір деммен салып шықтым, өйткені ақын болмысын, тауқыметін жан-жүрегіммен сездім.
– Өнер иесінің бастан кешірген дәуірі шығармашылығында із қалдырары анық. Балалық шағыңыз туралы айтқанда ең алдымен есіңізге не оралады?
– Менің балалық шағым Қытайда өтті, 19 жасыма дейін. Екінші дүниежүзілік соғыстың енді-енді бітіп келе жатқан кезі. Бұл уақытта Қытай мен Кеңес өкіметінің достық пейілі жақсы, мамыражай тұс. Үрімжіде тұрғанына қарамастан, әкем «Правда», «Огонек» сынды газет-журналдарға жазылып, КСРО-да, Қазақстанда болып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар болып отырдық. Жалпы суретші болудың алғышартын отбасымнан көріп өстім. Мектепте де қолым қалт ете қалса сурет салумен айналыстым. Әкем сурет салған, атақты каллиграф. Заманында маңызды кәсіп саналатын еді. Осы өнерімен Үрімжідегі аз ғана сыйлы адамдардың бірі болды. Шешем де көзіқарақты, сауатты кісі еді. Әйелдер гимназиясында мұғалім бола жүріп, Қытайдағы сауатсыздықты жою науқанына атсалысты. Қатарынан бес жыл бойы Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайына депутат ретінде шақырылды. Мао Дзэ Дунның өзі Бейжіңге шақыртып, үш мәрте орденмен марапаттады. Беделі мықты еді. 1961 жылдары Қытайда жаппай анархия белең алып, отбасымыз елге, атақонысқа оралуды ойластыра бастады. Негізі екеуінің де түп-тамыры Семейден. 1930 жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін кезінде Аягөз арқылы Шыңжаң асып кеткен екен. Сондықтан мен өзімді толық еуразиялық адам санаймын: Қытайда тудым, Мәскеуде білім алдым, Қазақстанда бақуатты өмір кешіп, өнерімді өрістеттім.
– Өзіңізге тікелей тәлім берген тәжірибелі педагогтардан кімдерді айтасыз?
– 1967 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, театр суретшісі мамандығы бойынша оқыдым. Басқаларға қарағанда озық болып, бес жылдықты үш жылда бітіріп шықтым. Сол кездегі Ақрап Құдайбергенұлы Жұбанов деген біздің құрметті директорымыз мені Ленинградтың И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына оқуға жіберді. Пәтерде жүрген кезім еді, әуелі әке-шешемді орнықтырып тастайын деп 2-3 жыл жұмыс істеп, үй салдым. Сөйтіп 1972 жылы Ленинградқа, қазіргі Санкт-Петербургке оқуға бардым. Қала өте суық, үйренісу қиынға соқты. Күннің көзін көрмегеннен кейін көзім ауыратынды шығарды. Ақыры В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемөнер институтына ауысып алдым. Питерде академизмді қатты ұстанса, мұнда бұрыннан келе жатқан еркіншілік бар. Маған өте жақсы болды. Салған суреттеріме қайран қалған профессорлардың өздері қайбір жұмыстардан босатып жіберетін. Онда Таир Салахов деген бүтін дүниеге әйгілі академиктің қолынан оқыдым. Ол уақытта «қатаң стильдің» кезі, яғни күнделікті өмір тынысын, халықтың қара жұмысын бейнелеу керек. Кен қазушылар мен колхозшыларды, сауыншыларды жаппай салдық. Ал мен осыған қарсы болдым. Нәзіктік пен тазалыққа құштар едім. Сөйтіп жүріп гиперреализм бағытына жақындадым. Бұл шындықты шындықтан да асыра көрсету деген ұғымға саяды.
– Бұл уақыт сіздің атағыңызды бүкіл Одаққа әйгілейтін реалистік мәндердегі туындыларыңызды жазып жүрген шақтарыңыз ғой.
– Иә, «Таң» (1976) деген жұмысыммен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық көрмеге қатыстым. Оқып жүрген студенттің Одақ деңгейіндегі көрмеге қатысуы институт тарихында бұрын-соңды болмаған. Жұмысым сондағы академиктерге ұнады. «Жер және уақыт. Қазақстан» триптихі де осы қатарда туған дүние. Мұны көрме кезінде Третьяков галереясы сатып алып, бірнеше рет басылып шықты. Мұның барлығы Қорғалжынның маңайынан тапқан суреттер. Күн ұзақ қой бағып, кешке өрістен келе жатқанда алдыңнан неше мыңдаған киіктердің отары өріп шығатын. Киіктің көптігі сонша, колхоздың қойынан асып кететін. Кең далаға жайылған телегей теңіздей еді. Аспан. Дала төсіндегі толқындай тербелген жусан. Сол теңізде дельфиндей асыр салған киіктер. Осылардың арасында өз бақытын іздеп сапарға аттанған жолаушыдай дала кездім.
– Мұндай аяқасты келген танымалдылықты қасыңыздағылар қалай қабылдады?
– Достар көп болды. Ал шығармашылықта әманда жалғызсың. Көре алмағандар да аз емес. Қолдап-қоштап, қуанғандар да баршылық. Қазір де сондай. Жердің түбі Камчаткаға барып «Мен Муллашевпін» десем танитындар табылады.
– Ұстазыңыз, академик Таир Салахов соцреализмнің негізін қалаған суретші ретінде даңқы шықты. Осы тәрізді сіздің ғана қолтаңбаңызды айшықтайтын қандай сұңғат техникасын айта аламыз?
– Көп жағылым – майлы бояу техникасының басты ерекшелігі. Яғни, кенеп бетіне бояуды қабаттай келе, бірыңғай теп-тегіс етіп шығарамыз. Осындай стилистикамен «Сүйімбике» (1997 жыл), «Мейірім шуағы» (2000 жыл), «Ақын Сара» (2002 жыл) секілді жұмыстарымды салып шықтым. Табиғатқа шыққанда импрессионизмнің қою реңкін пайдаланғанды жақсы көремін. Қай бір жұмыстарымды жазбай, шала қалдыратыным бар. Негізінен мақсатыма байланысты. Кез келген аспапта ағылып ойнап тұратын шебер музыкант сияқты менің де қолданатын әдіс-тәсілдерім алуан түрлі. Көбінде әр түрлі идеямен еркін жұмыс істегенді ұнатамын. Кейінгі жастар бір тәсілді үйреніп алып, сол үрдіспен адамды да салады, табиғатты да салады. Бірақ мұндай әдісті кезінде Қытай, Еуропа суретшілері де кеңінен қолданған. Мәселен, қытай суретшілері бір жапырақты мың рет салып, ішінен біреуін таңдап алады. Десе де бұл – түбінде үлкен шеберлікке алып баратын дүние.
– Ал композиция табу, сюжет іздеуде қандай ізденістерге бардыңыз?
– Оның жолы көп. Бір тақырыпты әртүрлі жолмен ізденесің. Тарихи, реализм, портрет, классицизм, авангард бойынша түрлі тақырыпта іздендім, істедім. Қазіргі жұмыстарымның бағыты тіпті бөлек. Мені танытқан жұмыстарым өмірден алынған, арман қылып іздеген, сезім тасасында жатқан сындарлы көзқарастан туып, тез сызбалар арқылы салынған шығармалар. Қиялдан да шығаруға болады. Ал тарихи тақырыптар үшін іздену барысы тіпті бөлек. Мәселен, Абылай хан мен Жәнібек-Керей образын этнографиялық ыңғайда тарқату үшін ішкі сезіміңе ден қоясың. Өйткені ешқандай нұсқаулық жоқ. Қаншалықты көп ізденсең, соншалықты мазмұны тереңдей түседі.
– Француз, неміс, италиялық суретшілердің шығармашылығыңызға елеулі ықпал еткенін айтасыз.
– Орта ғасыр суретшілерін, әсіресе мынау XX ғасыр басындағы кубизм, импрессионизм өкілдері – Пикассо, Пол Гагенді өте жақсы көрем. Сол қатардағы суретшілерден Анри Матисстен үйрендім, таныдым. Профессорымыз Салахов «Ешкімге бағынып, ықпалында кетпе. Аз болса да өз сөзіңді айтып қал», дейтін. Бір суретшілер болады, біреулерді Құдайдай көріп, табынып жататын. Ол – жақсы нәрсе емес.
– Казимир Малевичтің «Қара квадраты» әркез айтылып келеді. Бұл картинаны сіз қалай түсіндірер едіңіз?
– Малевич өз дәуірінде үлкен жаңалық болды. Ол квадраттың ішінде ештеңе жоқ, қара бояу ғана. Мәселе, ең бірінші болып «Міне, өмір осындай болады» деп айта алуында. Үлкен мағыналы дүние. Сол тәрізді Париждегі Жорж Помпиду музейінде биіктігі 8 метрлік картина бар. Көрдім, ештеңе жазылмаған аппақ кенеп қана. Соның алдына келген ел-жұрт өзінің ойын ақ құбылыстан іздейді. Пикассоны да салу қиын емес, тек қайталап сала аласың. Бірақ қайталау – өнер емес. Малевич өз кезіндегі талантты суретші, тарихта Малевич болып қалды. Соны сән ретінде қайталап, көтеріп жататындар бар. Қара квадратта ешқандай құпия жоқ. Малевичтің квадратынан соң, кубизм біздің өміріміздің сан саласында көрініс тапты. Қазір хай-тек мағынасы өзгеріп, 100 жыл дегенде кубизм стилистикасы біртіндеп кетіп бара жатыр. Бірінші болып жасай алсаң, сол сенің даңқыңды асырады. Өнер осындай даралықты сүйеді.
– Дегенмен сол 70-80-жылдардағы шығармаларыңыздан өзіндік қолтаңба, ерекше ұқыптылық байқалатындай.
– Қазақстан бейнелеу өнерінің көш басында тұрған Әубәкір Смаилов, Әбілхан Қастеевтерді түгел көрдім. Салихитдин Айтбаевтармен бірге жұмыс істедік. Айша Ғалымбаевамен өте жақын араласып тұрдық. Абайды қашаған Хакімжан Наурызбаев, дүниеден ерте өтіп кеткен Мақым Қисамединов қандай жігіт еді. Оның «Махамбет» (1973) топтамасы – графикалық шығармаларының ең төресі. Өте мәдениетті, зиялы жан болды. Алдыңғы толқын ағалардан үйрене жүріп, ғылымдағы, мәдениеттегі орасан зор өзгерісті аңдай білдім әрі романтикалық лирика арқылы жеткіздім. Шығармашылық, пластикалық тұрғыдан қазір де маңызын жоғалтқан жоқ. Кеңес Одағында бірінші болып гиперреализмді аштым. Ол кезде бар болғаны 32-33 жастамын. Атбасар, Қарағанды жақтағы колхоздарды аралай жүріп, шопандар өміріне қатысты жұмыстарды әкелдім. Бұл жұмыстардың барлығы замана шындығын, тынысын көрсететін туындылар. Қойшылардың да адам екенін, жер иесі екенін, оларға да ерекше назар аударылуы тиіс екенін мақсат етіп салынған картиналар. «Казахстанская правда» газеті «Совет шопанын неге бейшара етіп көрсетесіз? Совет шопанының қолында домбырасы бар, әрдайым көңілді жүруі тиіс», деп жазды. Одан кейін 90-жылдар мүлдем қиын болып кетті. Осы кезде шеберханамнан шықпай, ерекше тақырыптармен жұмыс істедім.
«Уақытпен ұшу», (2017 жыл)
– Сол аумалы-төкпелі кезеңде туған шығармаларыңызға тоқталайықшы.
– Бұл жұмыстардың барлығы сериялы, жалғасты дүниелер. Негізгі идеясы адам мен табиғат тепе-теңдігін көксейді. Шет мемлекеттерге көп сатылды. Тарихпен, символизммен, түсте көрген, ақылдан сырт ойларды мүмкіншілігің жетсе салуға болады. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң бұрын айтылмаған қазақ тарихы, портреті, көзқарасы жазыла бастады. Мен де сол кезде кірісіп, Абайдың, қазіргі әртістеріміздің, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының портреттерін салдым.
– Мына сол қапталымызда ілініп тұрған картина сіздің Сирия, Ауғанстанға барған атышулы сапарыңыздағы қолтаңбаңыз сияқты.
– Кеңес кезінде шетелге әркім шыға алмайтын. Мен алты жылдай Бүкілодақтық суретшілер одағының комиссиясының басшылық құрамында болдым. Бір күні «Муллашев, бір тапсырма бар. Өте маңызды» деп шақырды. «Қайда барамын?» десем, «Сирияға» дейді. «Соғыс болып жатқан жоқ па?» десем, «онда тұрған не бар?» деп күледі. Сирияны әкемнің айтуымен білетінмін. «Өнер тарихы» деген үлкен альбомнан ежелгі Грекияны, Сирияны көрсетіп, әңгімелеп беретін. 1914 жылы Меккеден қайтып келе жатқан атам сондағы Шам қаласында өмірден өткен екен.
Таныс та бейтаныс Сирия сапары бірден қызық көрініп кетті. Бізді өте жақсы қарсы алды. Онда әрбір қадамың тұнған тарих – Александр Македонский кезінен тартып, бұрынғы шумерлердің ескерткіштері, музейлері толған. Сол жерден христиан мен мұсылман жұртының тату достығына куә болдым. Шіркеуі мен мешіті бір тамға жапсарлас соғылған. Бір-бірінің дәмханаларына емін-еркін кіріп, шай ішіп жүре береді. Сауд Арабиясы, Пәкістанға қарағанда бостандық бар. Қыздар да күндіз бетін бүркемей, ашық жүреді. Мен сияқты жас суретшіге талас-тартысқа толы өте қызық сапар еді.
«Пальмираның триумфалды аркасы», (1978 жыл)
Ежелгі рим сәулетімен даңқы шыққан Пальмирада үш күн болдым. Сіз көрсетіп отырған картинаны сол сапарда 1978 жылы салғам, тарихи еңбек. «Пальмираның триумфалды аркасы» деп аталады. Соғыстан соң бұл ескерткіштің қирандысы ғана қалған, жартысы жоқ. Сол сапарда бақандай 17 қаланы араладым, бірақ атамның қабірін іздеп таба алмадым. Ол кездегі тастар жуылып кеткен екен, құран бағыштап кері қайттық. Бұдан соң Ауғанстанға жолға шықтым. Мың жыл бұрынғы дамымаған қалпында қалып қойған ауған елін көргім келді. Бұған дейін кеңес адамының аяғы тимеген жерлерге барып, машинадан шықпай сурет салдым. Әскерлер мені қорғап жүрді.
Сол барған жерімде мені үш рет Құдай сақтап қалды. Бір рет, мен жүріп өткен жолда менің дәл артымда келе жатқан қыз танк минасына тап болды. Волейбол ойнайтын алаңға көміп қойған екен, мен институтқа кіре бергенімде жарылды. Одан кейін бізді пионерлер үйіне алып барды. Біз шыққан соң 15 минуттан соң әлгі оқу орнына бомба тасталды. Бар болғаны 500 метр ғана аулақ кеткен едік. Қандай аянышты. Үшінші рет, білместікпен жалғыз өзім сыртқа шығып кетіп, жиырма шалма ораған ауғандарға ұсталып қалдым. 50-дей адам жабыла кетті. Өлген жерім осы екен деп ойладым. Жаным қысылғанда «Әлхамдулилла мұсылманмын» деп саудыратып, құран оқи жөнелдім. Олар аңырап 3-4 минут тоқтап қалғанда, әскерлер келіп, аман алып қалды. Қазір қалайша қорықпай барып жүргеніме таң қаламын. Көзсіздік қой.
– Ал ең қымбатқа бағаланған туындыңызды айта аласыз ба?
– Бұл енді коммерциялық құпия (күліп). Екі картинаны 70 мың, бір картинаны 50 мың АҚШ долларына сатқаным бар. Одан қымбаты...қайбір суретім шетелдік аукционда 150 мың АҚШ долларына бағаланды. Түгел классикалық жұмыстар.
– Дарынды талапкер болса деп көптен іздедім. Ара-тұра екі-үш қыз-жігіт келіп тұрады маған. Қазір жастардың уақыты компьютерге, телефонға алданумен өтіп жатыр ғой. Көркемөнер саласында абдырап қалған жастар көп. Бір жағынан оларға анау айтқандай үлгі де жоқ. Көркемдік кеңес арқылы өткен көрмелер болғанда, жастар кәсіби суретшілерді таныр еді. Анда-санда бір болатын конкурстар түк те болмайды. Суретші болу үшін ең әуелі сезімталдық керек. Ол талантқа жата ма, білмедім. Экономистер, саясаткерлер ел жағдайын күні бұрын болжап жатса, суретші де нақ солай ішкі сезіммен уақыт тынысын көре алуы тиіс. Биыл мен 75-ке толамын. Осы жасыма дейін астананың архитектуралық жұмыстарында, көркемөнер саласында едәуір жұмыс істеп келдік. Күзде мерейтойлық үлкен көрмемді өткізсем деп жоспарлап отырмын.
– Мерейтойлық көрмеңіздің жаңалықтары қандай?
– Астанада жиырмадан астам көрмем өтіпті. Үш көрмеме Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, оң бағасын берген еді. Жұмыстарымның кез келген адамға түсінікті, қарапайым, ұғынықты болғанын қалаймын. Тарихи мазмұнды арқау ете отырып, дәуір келбетін ашатын шығармалар тудыру үшін жұмыс істеймін. Көрмеде кейінгі жылдардағы ізденістеріме куә боласыздар. Осы ретте жұбайым Роза Мұратбекқызына алғысым шексіз. Ол кісі болмағанда суретшілікті жалғастыра алмай қалған болар едім. Оқып жүргенде танысып едік, оқуға кері әсер етер деп жүріп қалдым. Кеш үйлендік. Мінекей, содан бері біргеміз. Бақыттымыз. Барлық жұмысты бірге атқарып келеміз. Келімді, кетімді қонақ көп. Соның барлығын өзі реттейді.
– Әңгімеңізге рахмет.