Аймақтар • 12 Сәуір, 2019

Жалағаш ауданында білім ошағының жанынан жылыжай салынды

830 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жалағаш ауданындағы индустриалды-аграрлық колледжінің ұжымы мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант жеңіп алып, білім ошағының жанынан жылыжай салды.

Жалағаш ауданында білім ошағының жанынан жылыжай салынды

Колледжде «Жеміс, көкөніс өсіруші» мамандығы заман талабына сай ашылған болатын. Жас мамандарға тәлімгер болып жүрген ұстаз Ермек Серәлиев жылыжайдың үлкен мектеп екендігі айтады.

- Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Өткен жылдан бері жылыжай ісін қолға алғалы мұнда өзім жауапты маман ретінде бекітілдім. Былтырғы жұмысым жемісін берді. Қызанақ пен қиярдан мол өнім алдық. Биыл да шығысы жаман емес. Бұл жылыжай тек табыс көзі ғана емес, мұндағы жастардың тәжірибе шыңдауына да қолғабыс болып отыр. Өзім жылыжайда жұмыс жасайтын уақытта шәкірттерімді алып келіп, қай көкөністің күтімі қалай болатынын жетік үйретемін. Олардың да бұл салаға қызығушылығы басым. Алдағы уақытта жастардың ішінен кәсіпке бет бұрып жатқандары болса, бұл үлкен дәріс болады, – дейді ол.

Білімді практикалық жұмыс және кәсіпкерлікпен ұштастырған жас өрендер күні ертең ауылшаруашылық саласында табысқа жетері күмәнсіз.