Қоғам • 13 Мамыр, 2024

Бишімбаев пен Байжановтың айыптары толық дәлелденді

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың және аса ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжановтың айыптары толық дәлелденіп, осы іске қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бишімбаев пен Байжановтың айыптары толық дәлелденді

Бүгін қоғамдық резонанс тудырған аталған істің нүктесі қойылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бишімбаев пен Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы және 110-бабы бойынша айып тағылған. Ал Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша айыпталып отыр.

Сот үкіміне сәйкес, экс-министр Қуандық Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны жеңілдететін мән-жайлардың, дәлірек айтқанда кәмелет жасына толмаған балаларының болуына байланысты Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Бақытжан Байжанов Қуандық Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты уәдесіз жасыру бойынша кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша 4 жылға сотталды. Айыптау қорытындысына сәйкес, Байжановтың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Айта кетейік, қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды. 

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейнематериалдармен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Бұған дейін, прокурор Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Ал сотталушылар өз кінәларын мойындамады. 

Сот Қылмыстық кодекстің 14-бабының 2-бөлігінің 2-тармағының негізінде Бишімбаевтың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстардың қауіпті қайталануын, сондай-ақ мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасауын таныды.