Аймақтар • 12 Сәуір, 2019

Облыс әкімі Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығында болды

986 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына» барды деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығында болды

Орталықта   мүгедек  жандар мен  олардың отбасы мүшелері бірге бола алады. Облыс әкімі Орталықтың  тұрақты басшысы әрі «Қазақстанның еңбек ері»  Құралай Байменовамен және  ондағы қызметкерлермен тілдесіп, мемлекеттік  әлеуметтік тапсырыстар  аясындағы материалдық-техникалық базасымен,  көрсетілетін қызметтермен  танысты.

Қазіргі уақытта «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды  қолдау орталығы» жанында қоғамдық  қабылдау, әлеуметтік  қызмет бөлімі, мүгедектердің белсенді  оңалуына арналған кабинет, еріктілер клубы және мүгедек арбаларын  жөндеу қызметі, тігін цехы жұмыс жасайды. «Инва-такси» қызметі  2005 жылдан бері жүзеге асқан. Автопаркте 8 автокөлік болса, оның 3-уі мамандандырылған көтергіштермен жабдықталған. «Инва-такси» күніне 40-60 азаматқа  қызмет көрсетеді.

Облыс әкімімен әңгімелесу барысында Құралай Байменова кең  ғимарат немесе бөлме қажеттігі жайлы өтінішін жеткізді.

Оңдасын Оразалин уәкілетті мемлекеттік органдарға осы мәселені зерделеуді  тапсырды.

«Ғимарат тарлық етсе, ұсынысыңыз орынды, оны кеңейту  қажет»,- деді  облыс басшысы.

Аймақ басшысының бұл сапары Құралай Байменованың  туған күнімен тұспа-тұс келгендіктен, облыс әкімі қоғам белсендісін құттықтап, оған денсаулық, жұмыста сәттілік тіледі. Сондай-ақ, естелік сыйлықтарын  табыстады.