Сынаптай сырғыған сынақ
Сейсенбі, 29 мамыр 2012 7:48
Аттестаттау – құқықтық қайта құрылу қадамы
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қолға алынған кұқық қорғау қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау сынағы да келіп жетті. Кезектен тыс аттестаттау кестесіне сәйкес биылғы жылдың 21 мамырында ішкі істер органдарының басшылық құрамынан 23 қызметкер, оның ішінде 2-і – орталық аппараттың, 8-і – ішкі істер департаменті басшыларының орынбасарлары,
Сейсенбі, 29 мамыр 2012 7:48
Аттестаттау – құқықтық қайта құрылу қадамы
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қолға алынған кұқық қорғау қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау сынағы да келіп жетті. Кезектен тыс аттестаттау кестесіне сәйкес биылғы жылдың 21 мамырында ішкі істер органдарының басшылық құрамынан 23 қызметкер, оның ішінде 2-і – орталық аппараттың, 8-і – ішкі істер департаменті басшыларының орынбасарлары, 1-і – қылмыстық атқару жүйесі департаментінің және 12-і – облыстардағы қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшыларының орынбасарлары ел заңнамасын білуі туралы компьютерлік тестілеуден өтті. 22 мамырда олар мылтық ату және дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер тапсырды. 23 мамыр күні Медициналық академияда олардың психологиялық тұрақтылығын тексеру үшін әңгімелесу жүргізілді.
Ал Жоғарғы аттестаттау комиссиясының мүшелерімен болатын әңгімелесу биылғы жылдың 25-28 мамыр аралығында өтті. Енді кесте бойынша Ішкі істер органдарының 75 қызметкері, оның ішінде министрдің орынбасарлары, ІІМ орталық аппараты қызметтерінің және ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері мен қылмыстық-атқару жүйесінің басшылары аттестаттаудан өтеді. Сөйтіп, біраз айлар жырлануға жүк болған аттестаттау сынағы да сынаптай сырғып барады.
Енді осы бір қызу науқанға сай еліміздің Ішкі істер министрлігі күн өткен сайын қызметін жандандыра түсуде. Құқық қорғау органдарын реформалау басталған кезеңнен бері мұнда қызмет көрсеткіші мен жұмыс сапасы артқаны анық байқалады дейді олар. Соның бірі ретінде ІІМ алынған жаңа ақпаратқа қарағанда, өткен апта ішінде 6909 қылмыс тіркелсе, соның ізі суымай 3689-ы ашылған екен. Бұрын жасалған 810, оның ішінде өткен жылдардағы 121 қылмыс ашылған. Іздеу жарияланған 85 қылмыскер табылып, олардан 10 суық қару тәркіленген. Сонымен қатар, 121 есірткі қылмысы анықталса, оның ішінде 44 есірткі заттарын сату дерегі орын алған. Сөйтіп бір апта арасында ғана бір тоннадан аса есірткі заттары, оның ішінде 957 келі марихуана, 11,5 келіге жуық героин тәркіленді.
Екібастұз қаласында дүкенші әйелді біреу өлтіріп кеткен. Содан Павлодар облысының полицейлері жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін өткізу барысында күдіктіні ұс-тады. Ол қала дүкендерінің бірінде сатушы болып істейтін таныс әйеліне келген екен. Сөйтсе оның қасында тағы бір ер адам жүргенін көреді. Мас күйде болған күдікті сатушы әйелді әлгіден қызғанып, оған пышақ сұққан. Кеуде тұсынан қадалған пышақ жарақатынан жәбірленуші қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Жеке меншік кәсібі дамыған сайын оған қарсы жасалған қылмыстар да арта түсуде. Бұл орайда Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің криминалдық полиция қызметкерлері қарақшылық шабуылмен айналысып жүрген қылмыстық топты құрықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласының үш тұрғыны ұсталды. Олардың біреуі ұрлық және көлікті айдап әкету қылмысы үшін бұрын сотталған. Қылмыстық топтың облыс аумағында жасалған 3 қарақшылық шабуылға қатысы бар екендігі анықталды. Олар «Алматы-Термез» автожолындағы «Машат» асуында «Скания» жүк көлігінің жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған. Жүргізушінің 30 мың теңгесін және жеке мүлкін қолды қылған. Бірнеше күннен кейін айқай-шу басылды-ау деген кезде қайта бас көтерген қылмыскерлер Шымкент қаласындағы бір пәтерге басып кіріп, үй иелерін қорқытып, үркітіп 600 мың теңге алып кеткен. Мұны да місе тұтпаған қылмыстық топ Түлкібас ауданындағы Елтай ауылы тұрғынын қарумен қорқытып, жеке мүлкін иеленген.
Бүгінде ұйымдасқан қылмыс та берекені қашырып тұр. Содан оған қарсы күрес те қарқын алуда. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс аумағында өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 50 жастағы жеке кәсіпкерді тапсырыс беріп өлтірмекші болған қылмыскердің алдын алды. ЖШС бірінің директоры алаяқтық жолмен басқа коммерциялық ұйым иесінің 38 млн. теңгеден астам қаражаты мен пәтерін иеленген. Енді сол алаяқтық іс-әрекеттерін жасыру үшін және қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында ол әлгі кәсіпкерді өлтіруге тапсырыс берген. Содан алаяқ күдіктіні өзі қазған көрге өзін түсіру үшін БҚО жедел уәкілдері аталған кәсіпкер ұрланып, өлтірілді деген жалған ақпарат таратады да, күдіктіге «тапсырыс орындалды» деп хабар жеткізеді. Күдікті қуанғаннан тойлап жатқанда ұсталды.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері қолдарында қарудың бірнеше түрі бар 3 күдікті адамды қолға түсірді. Шымкент қаласының тұрғыны Сайрам Сарыағаш ауданының Абай ауылындағы үйлердің біріне келіп, кек қайтару мақсатында үйден шыққан жас жігітке мылтық атады. Бірақ оқ жас жігіттің соңынан ілесе шыққан оның әжесіне тиеді. 82 жастағы әжей ауыр жарақат алады. Сөйтсе әлгі Сайрам жас жігіттен кек алу үшін қолына қару алып, достарын ертіп Сонау Шымкенттен Абай ауылына арнайы қан жұтып келген. Содан олардың соңына полиция түседі. Қудалаудан құтылу үшін кекшілдер Сарыағаш қаласына бағыт алады. Жол бойында көлік нөмірлерін ауыстырады да, кек алушы таксиге отырып кетеді. «Қызыл ту» бекетінде Қазығұрт АІІб-нің жедел уәкілдері «Ауди» автомашинасын тоқтатады. Сол кезде қашып кетпек болған көлік жолаушысы, яғни, кек алушы қолға түседі. Тінту барысында одан нөмірлері өшірілген 2 «Макаров» тапаншасы, 1 «ТТ» тапаншасы, сондай-ақ бетперде табылып, тәркіленді. Сол күні полиция қызметкерлері күдіктінің екі сыбайласын да ұстады.
Шығыс Қазақстан облысының ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Марқакөл мемлекеттік қорығының аумағында өткізген «Нерест» операциясы барысында облыстың төрт тұрғынын тексерді. Олардан аулауға тыйым салынған 228 келі майқан балық пен 110 келі уылдырық тәркіленді. Төртеуінің үстінен заңды бұзғандары үшін ҚК 287-бабы 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.
Жамбыл облысы ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ресейдің құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесіп, іздесуде жүрген қылмыстық топтың жетекшісін ұстады. Құрықталған азаматты есірткі заттарын және қаруды заңсыз сақтағаны үшін Қордай аудандық соты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын. Қазіргі уақытта қылмыскерді экстрадициялау мәселесі шешілуде.
Жедел-профилактикалық іс-шаралар мәселесі де күн тәртібінен түскен емес, дейді құқық қорғаушылар. Астана қаласында тәртіпті сауықтыру мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліпті. Іс-шара аясында көшеде және қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтауға, заңсыз сақталған қару мен есірткі заттарын тәркілеуге, қылмысты анықтауға және ашуға, қала аумағына заңсыз келген азаматтарға және іздестіруде жүрген қылмыскерлерді ұстауға бағытталған жұмыстар атқарылған. Шараға ішкі істер органдарының 1117 қызметкері жұмылдырылған. Көрсетілген кезеңде елорда аумағында 67 қылмыс тіркелген. Осы мерзім ішінде 61 қылмыс, оның ішінде 16 бұрын жасалған және өткен жылдардағы 2 қылмыс ашылды. Іздеуде жүрген 12 қылмыскер құрықталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес желісі бойынша 7 қылмыс, есірткі бизнесіне қарсы күрес саласы бойынша есірткі заттарын сатудың 4 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 20 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Әкімшілік жауапкершілікке 1869 тұлға тартылған, оның ішінде елде болу ережесін бұзғаны үшін 640, қоғамдық орындарда спирт ішімдіктерін ішкен 604, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 158, мас күйде көлік жүргізгені үшін 55, есірткі заттарымен заңсыз айналысқаны үшін 20 азамат бар. Бұлар жай ғана сан емес, ол сандардың сыртында адам тұрғаны өкінішті-ақ.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».