Аймақтар • 13 Сәуір, 2019

Елорда тұрғындары экосенбілікке шықты

890 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша «Нұр-Сұлтан – таза және қауіпсіз» экологиялық акциясы өтті.

Елорда тұрғындары экосенбілікке шықты

«#Экосенбілікастана шарасы кезінде жол бойында пластик бөтелкелермен қатар энергетикалық сусындардың қалбырлары өте мол екенін байқадық. Жол бойынан, небары 500-600 метр жерден алты-жеті қап Gorilla сусынының қалбырын жинадық. Шамамен, 1500-2000 дана шығар», деп жазды журналист Амангелді Құрметұлы фейсбуктағы парақшасында.

Ал Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов  «Бүгін «Байқоңыр» ауданында «Нұр-Сұлтан–таза және қауіпсіз қала» экологиялық науқаны аясында 10 815 адам қатысқан коммуналдық сенбілік өткізілді. Ал ол дегеніміз–тұрғын қорының 30 қызмет көрсетуші ұйымдары (ПИК, ЖШС, ЖК және т.б.), 18 мектеп, 16 балабақша, 5 денсаулық сақтау нысаны, 120 ШОБ нысаны, 13 базар, 3 сауда үйі, 47 құрылыс ұйымдары, 177 жұмысшылардың бірлескен күші», деп жазады.

Сонымен қатар, қаланың коммуналдық қызметтері «Астана Су Арнасы» АҚ және «Астана Теплотранзит» АҚ қатысты. 75 орамішілік аулалар, Ақ-бұлақ өзенінің бойы, Солтүстік айналып өту жолы ҚазЭУ, ЕҰУ, Қаржы және xалықаралық сауда, Шипагер колледждерінің 850 шәкірттерінің көмегімен ретке келтірілді. 

Әкімнің айтуынша, Өндіріс тұрғын алабында «Экоклуб Спарта Астана» ҚҰ және СПМ 24 тұрғындары белсенді қатысты. Барлығы 57,86 тонна қоқыс шығарылып, көмілді.

Айта кету керек, өткен аптада  жалпықалалық сенбілік өтіп, оған 28 964 қала тұрғыны, сондай-ақ 2640 ұйым қатысты. Іс-шараға 263 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.