Аймақтар • 15 Сәуір, 2019

Ел Президенті Маңғыстау жұртшылығымен кездесіп, елімізді дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті

1111 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңірі­не жасаған жұмыс сапарының соңында облыстың жұртшылық өкілдерімен кездесті. Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес секторлар мен бизнес қоғамдастығының, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық зиялы қауым өкілдері және облыс жастары қатысты.

Ел Президенті Маңғыстау жұртшылығымен кездесіп, елімізді дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапары­ның маңыздылығын айтып, тарих­тың аса жауапты сәттерінде маңғыс­таулықтардың ел басшылығына әрдайым қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен елі­міз­дің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріне арнайы тоқталды.

– Баршаңыз білесіздер, Елбасы тарихи шешім қабылдап, Қазақстан өркендеудің жаңа сатысына қадам бас­ты. Біз Тұңғыш Президент айқындап берген стратегиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра береміз. Осы жылдар ішінде егемен еліміздің саяси басқару жүйесінде сабақтастық дәстүрді қалыптастырдық. Елімізді одан әрі ілгерілетіп, дамыту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өз сөзінде мемлекетті одан әрі дамыту үшін аса қажет қоғамдық құндылықтардың маңыздылығына назар аударды.

– Мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығы – елімізді өркендетудің басты кепілі. Мен осы ұстанымдарға айрықша мән беремін.

Онсыз тұрақтылық та, даму да болмайды. Сондықтан қоғам тұрақтылығын нығайта отырып, экономиканың қуатын еселеу – басты мақсатымыз. Бұл орайда Ұлы дала демократиясынан бас­тау алатын әділеттілік принципі қатаң сақталуы тиіс. Оны жоғал­тып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтумен тең,  –  деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сон­дай-ақ қоғамды мазалап жүрген заң алдындағы азамат­тардың құқықтық теңдігі, әлеуметтік теңдігі туралы айтты. Олар сақ­тал­маған жерде әділдік бол­май­­тындығын ескертті. Сон­дық­тан бүкіл қоғамды әділетсіз­дікпен жұмыла күресуге шақырды.


Төртінші өнеркәсіптік революция талаптары

Мемлекет басшысы техно­логияның қарқынды даму дәуі­рін­де алыстағыны алатын ал­ғыр­­лық, қиядағыны шалатын қыра­ғылық керектігін айтып, жаңа технология үрдісіне ілесу ма­ңыз­дылығы жайлы сөз етті.

– Барға қанағат етіп, қол қусы­­рып қарап отыруға болмай­ды. Өркениет көшінен қалып қой­май, заман талабына сай алға жыл­жуымыз керек. Әйтпесе тарих та, болашақ ұрпақ та бізді кешірмейді. Сондықтан жаңа­шыл үрдістерге жол ашу еліміз­дің өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұған дейін өз сұхбаттарында айтқан билік пен халық арасындағы байланыс тақырыбын тағы бір рет мәселе етіп көтерді. Жергілікті өңір басшылары халықпен тығыз байланыс орнатып, қарапайым адами қарым-қатынас жасауға ерекше мән беруі керектігіне назар аударды.

– Әкім болу, ең алдымен, халыққа жақын болу деген сөз! Ең басты міндет – адал қызмет етіп, елдің сенімінен шыға білу! Әкім­дер есептік кездесулерде ғана емес, халықпен апта сайын, ай сайын тұрақты жүздесіп, елді мекендерді түгел аралауы тиіс. Барлық деңгейдегі жергілікті аймақ басшылары тұрғындарды тол­ғандырған мәселелерді уақ­тылы шешуі керек. Сонда ғана билік пен халық арасында сындарлы диалог орнайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт

Президент елмен байланыс жасауға кедергі келтіретін құбылыстың бірі – сыбайлас жемқорлық екендігін, ол мем­лекеттің орнықты дамуына, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнді­ретінін тілге тиек етіп, жемқор­лықпен қоғам болып күресу қажеттігі жайлы сөз қозғады.

– Біздің қоғамымызда жем­қорлық, әсіресе ауқымды жым­қыру­шылық нағыз ұят нәрсе ретінде саналуы тиіс. Сыбай­лас жемқорлыққа жол берген тұлға­лардың барлығы қатаң түрде жазаланады. Алайда, жемқорлыққа қарсы күресті науқаншылдыққа ай­налдырмау қажет, деген Пре­зи­дент бұл істің санасы сергек, ойы таза өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін мәні зор екендігін баса айтты.

Маңғыстау жұртшылығымен кездесу барысында Мемлекет басшысы биыл жарияланған Жастар жылының маңызды­лы­ғын, оны тиімді әрі пайдалы етіп ұйымдастыру туралы сөз етті. Себебі соңғы кезде Жас­­­­тар жылы аясында тағы да сан­­сыз жиналыстар, форумдар өткізіле бастағанын қоғам өкіл­­дері, әсіресе әлеуметтік желі пайдаланушылары жаза бас­та­ған еді. Бұдан бөлек, жас ма­ман­дард­ы қабілеттеріне және жетіс­­тік­теріне қарай өсірудің арнайы мемлекеттік бағдарламасы әзірленетіндігі айтылды.

– Сонымен қатар тағы бір ма­­ңызды мәселеге назар ауда­­ра­мын. Жастар жылында науқан­шыл­дыққа, көзбояу­шы­лыққа жол беруге болмайды! Бөлінген бюджет қаражаты, шын мәнінде, пайдасы бар шараларға жұмсалуы тиіс. Бұл мәселе менің тіке­­лей ба­­қы­­­лауымда болады, – деді Президент.


Адал кәсіпкер – мемлекеттің тірегі

Мемлекет басшысы бұдан әрі қоғамда жеке кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру керектігін, кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамту арқылы әлеу­меттің әл-ауқатын арттыруға үлес қосатынын айтты.

Иә, адал кәсіпкер – Үкіметтің серігі. Ол заңды орындаушы, салық төлеуші және азаматтарға жұмыс орнын ұсынушы. Яғни, олардың саны қанша көп болса, қоғам мен Үкімет те соншалық оның пайдасын көруі мүмкін. Сондықтан Президент шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсету қажет деді. Сөз арасында Қытайда бизнеске кедергі жа­са­ғандарға қылмыстық жаза қол­данылатынын мысал ретінде келтірді. Бизнес жүргізу­дегі тосқауылдарды алып тас­тау­­да «Атамекен» Ұлттық кә­сіп­­кер­лер палатасына үміт ар­тыл­­мақ. Бүгінде отандық кәсіп­­кер­­­лерді қолдауда ауыз тол­ты­­рар­­лық жетістіктер бар. Өндірісті жаңадан несиелеу 40,3 па­йызға, сауданы несиелеу 17,6 па­йызғ­а өскен. Ал теңгедегі несие мөл­шер­лемесі 12,4 пайызға кеміген.


Инвестиция – экономиканы жетелеуші фактор

Президент экономиканы дамыту мәселесін одан әрі жал­ғас­тырып, инвестиция та­қы­рыбына кеңі­нен тоқталды. Еліміздің әлеу­меттік-эконо­микалық қуатын арттыру үшін инвестиция тарту жұмыстарын лайықты деңгейде жүргізу керектігін, шетелдік валюта өз-өзінен келе салмайты­нын ескерт­ті. Алайда, мемлекеттің қол­­­дауы тек шетелдік қана емес, отандық инвес­торларға да қатыс­ты бол­мақ. Оны қамтамасыз ету Үкімет пен әкімдердің шешуі тиіс маңызды тапсырмасына ай­на­­лады. Сондай-ақ инвестиция салуға кедергі келтіретін кез кел­ген тиісті лауазымды тұлға­ның жеке жауапкершілігі бөлек қарал­­мақ әрі министрлер мен әкім­дер­дің жұмысы инвестиция мен экспорт көлеміне қарай бағаланады.

Тек мұнайға үміт артуға болмайды

Экономиканың тек бір ши­кізат түріне тәуелді болуы – үлкен тәуекел. Әсіресе газ бен мұнайға тәуелділік мемлекет дамуына қауіп туғызуы мүмкін. Мұны экономистер «голланд ауруы» деп те атайды. Оған қоса, соңғы жылдары мұнай бағасының күрт төмендеуі тек мұнай долларларына үміт арта берудің қажеті жоқ екендігін тағы бір рет дәлелдеді. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыс­тау жұртшылығымен кездесу кезінде экономиканы әртарап­тандырудың маңыз­ды­лығын айтты. Инвестицияны экономиканың түрлі саласына тарту мәселесін де көтерді. Мәсе­лен, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы инвес­ти­циялық тұрғыда тартымды жобаға айналмақ. Оған қоса, Маң­ғыстау облысында туризмді дамыту мүмкіндігі жоғары. Яғни, осы мақсатта өңірдің табиғи ресурстары мен транспорттық-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану қажет, деді Президент.

Нақтырақ айтсақ, Маңғыстау арқылы Қытайды, Оңтүстік-шығыс Азияны, Үндістанды, Парсы шығанағын, Түркияны, Оңтүстік Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықара­лық транспорт маршруты өтеді. Аймақтағы порттың жүк өткізу мүмкіндігін арттыру қажеттігі айтпаса да айқын көрініп тұр. Сол себепті Президент Үкіметке Еуропа, Таяу Шығыс елдері, Қытай­мен жүк тасымалын ұлғай­ту жұмыстарын одан әрі белсен­ді жүргізуді тапсырды. Бұл Тран­с­каспий маршрутын экономика­лық тұрғыда пайдалы етпек.

Сондай-ақ өңірдің және елдің дамуына мемлекеттік сатып алулар және «Самұрық-Қазына» холдингінің, тау-кен ком­панияларының сатып алу­лары ықпал етуі мүмкін. Был­тыр бұл саладағы біріккен сомма 10 триллион теңгеден асып түскен. Мәселен, тек қайта өңдеу сек­то­рын­дағы сатып алулар 2 триллион теңгеге жеткен, оның 30 па­йы­зы қазақстандық өнімдерді құраған.

Президент осы жағдайлар­ды ескере отырып, тауар сатып алатын және оны өндіре­тін кәсіпорындардың арасында тығыз байланыс орнатуды, оған қоса министрліктер, холдингтер, әкімдіктерге сұраныстағы негізгі тауарлардың орташа балансын әзірлеп, ол ақпаратты «Атамекен» ҰКП-ға жіберуді тапсырды. Өз кезегінде кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпорындардың ұсыныс балансын әзірлеуі тиіс.


Жаңаөзенге жаңа дем беру керек

Бүгінгі таңда қала халқы­ның саны 151 мыңнан асты. Бұл көр­сеткіш жыл сайын 2,2 пайыз­ға артуда. Қала тұрғын­дарын жұ­мыспен, баспанамен қамту және әлеу­меттік инфра­құры­лымды дамыту – негізгі міндет. Бұл мәселе бойынша Үкімет кешенді жоспарын әзір­леді. Оны міндетті түрде жүзеге асыру керек.

Мемлекет басшысы қазір кәсіп­керлік пен өндірісті ілгері­летіп, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін нақты шаралар қабыл­дау қажеттігін айтты. Алайда, аталған мәселелер бүгінге дейін әлі де толық шешімін таппай отыр екен. Бұл келеңсіздік ха­лық­­тың алдында биліктің абы­ройына нұқсан келтіретіні сөзсіз.

– Ақтау қаласына Жаңаөзен­нен келген адамдарды жұмыс­пен, тұрғын үймен және жатақ­ханамен қамтамасыз етуді жалғас­тыру керек. Облыс жастары тек Ақтауда ғана емес, еліміз­дің батысындағы кен орын­дарында, мысалы, Теңіз мұ­най кенішіне барып, вахталық әдіс­пен жұмыс істеуіне болады. Жаңа­өзендегі жастар мемле­кет есебі­нен тегін мамандық алуы керек, ұсынылған кез келген жұмыс­қа баруы қажет, – деді Президент.

Көлеңкелі экономикамен күрес

Кездесу барысында Мемле­кет басшысы көтерген келесі келелі мәселе – көлеңкелі эконо­ми­каның үлесін азайту болды. Себебі сарапшылар отан­дық экономиканың 26 пайызы бақылаусыз дейді. Яғни, шы­ғын мол, атап айтсақ, бюджет салық­тан қағылады. Сол себеп­ті Президент бұл бағыттағы күрес шараларын жүйелі етіп, шенеу­­нік­тердің қоғамға бағыныш­­­­ты­лы­­ғын қамтамасыз етуді тап­сыр­ды.

Көлеңкелі экономикамен кү­рес­тің тиімді тетіктерінің бірі – жаппай табысты декларациялау. Пре­зидент тапсырмасымен бұл шара 2021 жылдан басталмақ жә­не алдымен мемлекеттік қызмет­кер­лер мен олардың отбасы мү­ше­леріне қатысты болады. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап бұл талапты, яғни табысты көр­сету барлық азаматтарға міндет.

Қазақтың абызы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұлтымыздың заңғар жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың абызы, Маңғыстау өңірінің тумасы Әбіш Кекілбаев туралы сөз қозғады. Мемлекет басшысы қазақ прозасының алыбы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.

– Әбіш Кекілбаев – Елбасы­ның сенімді серіктерінің бірі ретінде егемен елімізді құруға зор үлес қосқан тұлға. Әбіш аға­мен мен де талай жыл әріптес болып, етене араласып, ерекше сыйластықта болдым. Өздеріңіз жақсы біле­сіздер, биыл Әбіш Кекіл­­баевтың туғанына 80 жыл толады. Қазір Әбіш Кекіл­баев му­зейі салынып жатыр. Ақ­тауда ардақ­ты ағамызға арнал­ған ескерт­кіш қойылады, – деді Прези­дент. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемел­­­ұлы жазу­шының мерей­тойы рес­пуб­­лика көлемінде жо­ға­­­ры дең­гей­де өтетіндігін және елор­да­мыз­дағы шараға арна­­йы өзі қа­ты­сатындығын хабарлады.

Ескеретін жайттар

Мемлекет басшысы Ақтау қаласында оның суреті бейне­лен­ген оннан аса билборд орна­тылғанын сынға алды. Мұны орынсыз әурешілік деп атап, ондай насихаттың мүлдем қажеті жоқ екендігін ескертті. Одан да сол билбордтарға жұмсал­ған қаражатты әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге бөлу керектігін, бұл барлық әкімдерге тапсырма екендігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­­стан Республикасы Прези­дентінің кезектен тыс сайлауын өт­кізу жөніндегі шешімін қол­да­ғаны үшін кездесуге қатысу­шыларға алғыс білдіріп, баршасына табыс және амандық тіледі.

Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Шопан ата мен Бекет атаның жер асты мешітіне барып, бабалардың рухына тағзым етті.